Оразкүл АСАНҒАЗЫҚЫЗЫ Парламент Мәжілісінің депутаты: Қазақ тілін қолдануды сәнге айналдыру қажет!

0 123

Мемлекеттік тілді білу – саналы азаматтың адами міндеті

– Соңғы кездері интернет беттерінде «Орыс тілі – әлемдік тіл. Онсыз Қазақстанда мемлекеттік басқару ісі әлсірейді» деген пікір айтылып және ол қазақ жастары тарапынан қарсы дау туғызып жүр. Біреу қазақ ұлттық нигилистерінің басынғанын айтады, біреу өзінің ашынғанын айтады, әйтеуір тіл мәселесіне бәрі алаңдаулы… Сіз осыған не дер едіңіз?

– Қазақ қазақ болғалы әлемде тоғызыншы орын алатын жерді бізге аманат еткен ата-бабаларымыз ғасырлар бойы елді қазақ тілінде басқарған, оны сырттан кеп ешкім басқарған жоқ. Керей мен Жәнібектен бастап барлық хандар қазақ тілінде мемлекетті басқарса, жаудан қорғаса, сол тілдің құдіретімен барша қазақтың баласын біріктірсе, би-шешендеріміз ел ішіндегі барлық дауларды осы тілдің күшімен шешкен. Міне, осындай шешен де бай тілдің қуатын сезінбегендер өз тілін білмейтін қазақтарды көріп, тіліміздің мүмкіндіктеріне күмән келтіреді. Елбасының: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!» деп қазақ тіліне берген керемет бағасын шын түсіну үшін әркім қазақ тілін білуі керек. Қазақстанда тұрып тілді білмесе, ол өздерінің соры. Мұны олардың түсінгісі келмейді. Оның себебі бар. Оған өзіміз мүмкіндік беріп отырмыз.

– Қалайша?

Қазақстанда «қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп жазылғанына жиырма жылдан асса да, мемлекеттік басқару органдарындағы азаматтар осыны айтуға шынымен жол беріп отыр. Мысалы, біздің қоғам, қарапайым ортадағы азаматтар тілге ден қойып, балаларын қазақша оқытуға тырысып, қазақша сөйлеп жатқанымен, басқару ісіндегі жағдай бері қарамай тұр. Мемлекеттік тіл қоғамның барлық саласында өз деңгейіне жеткен жоқ. Сондықтан да, қазақтың өзі толық өз тіліне ие болмайынша, әлгіндей теріс пікірлер айтыла береді. Бұл – қазақтың намысына байланысты мәселе. Қазақтың намысы оянбаса, әлгіндей адамдардың өз мемлекетіне деген азаматтық мәдениеті қалыптаспайды. Олар мемлекеттік тілді білу саналы азаматтың адами міндеті екендігін ұғынғысы да келмейді. Тіл мәдениеттің де, білімнің де негізі екендігін ең алдымен өз жастарымыз ұққаны жөн. Гарвард университетін отыз жылдан астам басқарған Чарльз У.Эллиот: «Мен білімділіктің маңызды бөлігі ретінде зияткерліктің бір ғана қажеттілігін мойындаймын, ол – ана тілін айқын әрі мүлтіксіз меңгеру» депті. Әлемге әйгілі оқу орнын басқарған білімді де, білікті адамның сөздері бүгіндері сол Гарвардта, Батыстың басқа да оқу орындарында білім алып келген немесе білім алып жатқан, бірақ өзінің ана тілін білмейтін жастарымызға өнеге болса игі деймін. Сонда басқалары да тілімізге құрметпен қарайтын болады.

– Ал сіз айтып отырған интеллектуалдылық біздің елімізде көптің алдында жүрген азаматтардың бойында бар ма?

– Өкінішке қарай, әңгімеміздің басында өзің келтірген пікірде шындық бар. Қазақ тілінің «мемлекеттік тіл» деген статусы болғанымен де, ол әлі мемлекеттік тіл деңгейіне көтеріліп отырған жоқ. Бұл тұрғыда, «Қазақстанның орыс тілісіз күні жоқ» деген секілді пікір айтушылар он екі өрім қамшымен қазақ шенеуніктерінің арқасынан осып отыр. Енді олар ойланбаса, өз обалдары өздеріне!

Ойлап қарасақ, біз «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылғанша жан салып, күрестік. Осыны заңға енгізерде жан-жақтан үлес қосып, ұлттық мүдде үшін ұмтылдық. Ал енді алғашқы жеңіске жеткеннен кейін заң талабы әрі қарай өз-өзінен жүзеге асып кететіндей, арқаны кеңге салып отырмыз. Шындығында бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Әрбір қазақ өз деңгейінде қазақ тілінің қолданысқа енуі үшін әрекет жасауы керек. Ал бізде әлі де болса бейғамдық басым.

 Қазақ тілі өзінің биік деңгейіне көтеріле алмай жүрсе, ол кешегі кеңестік идеологияның кесірі

– Мемлекеттік тілімізді өз деңгейіне жеткізу үшін ең алдымен неге мән беруіміз керек? Ең бастысы не нәрсе?

– Қазақ тілі әрбір отбасының тілі болса, балабақшаңыз да, мектебіңіз де қазақша сөйлейді. Қазір қазақ өз баласын оқу орнына түсірерде, қызметке берерде қазақ тілін үйрететін болды. Мұнымен ол әуелде уызына жарымаған ұрпағын ұлтына жақындастыруы қиын. Өйткені, ол қазақ етіп тудырған Жаратқан иеміздің әуелгі пәрменіне бағынбай ұрпағын өзге ділге тәрбиеледі ғой. Бұл әлі күнге дейін көптеген қандастарымызға сабақ болмай, ұрпақтарын рухани жарымжандыққа өздері итермелеп отыр.

– Сонда шынымен бізде орыс тілінсіз мемлекет басқару ісі әлсірей ме?

– Қазақ сөзге тоқтаған халық. «Өнер алды – қызыл тіл» деп, сөзді кие тұтқан елміз біз. Мұндай халықтың сөзі мемлекеттік басқаруға жетпейді деген қисынсыздық. Қазақ тілі өзінің биік деңгейіне көтеріле алмай жүрсе, ол кешегі кеңестік идеологияның кесірі. Отаршылдық дәуірде қазақ тілін тұқыртып, халықты өз-өзінен, өз тілінен жеруге итермелеген биліктің, сол билік сіңірген құлдық сананың әсері. Ал қазақта орыс тілі келгенге дейін мемлекеттік басқару болмады деп кім айта алады? Әз Тәукенің, Есімханның, Қасымханның заңдары күні бүгінге дейін қарапайымдылығымен, халыққа түсініктілігімен құнды болып отырған жоқ па? Ал, қазір, керісінше, Елбасымыз заңдарымыздың тілінің түсініксіздігін сынап, «заң халыққа түсінікті тілмен жазылсын» деп талап қойып отыр емес пе?! Демек, қазаққа мемлекетті қазақ тілінде басқару өте ұтымды болған. Бұл тілде заңдар халыққа түсінікті болатын және басқару ісі де өте орнықты еді. Сондықтан, қазақ тілі мемлекетті басқарған тіл, мемлекетті басқарып отырған тіл және басқара алатын тіл. Оған ешкімнің күмәні болмасын.

– Сіз жаңа дұшпандық ниетпен болса да айтылып жүрген жел сөздерді шенеуніктеріміздің арқасын осқан он екі өрім қамшыға теңедіңіз. Ал, сол шенеуніктердің арасында ұлттық намыс үшін арқасы қозатындары бар ма? Мысалы, бүгінгі Парламентте ұлт жанашырлары көп деп айта аласыз ба?

– Жалпы, алғаш тәуелсіздік жарияланған кезде біздің зиялы қауым, ұлтжанды азаматтар шоғыры Парламентте де, Үкіметте де көп болды. Алаш арыстарының арманын ұғынған, жүрегіне тоқыған азаматтар еді олар. Бүгінгі Парламентте де, Құдайға шүкір, ұлтжанды азаматтар баршылық. Мәселе атқарушы билікте болып отыр. Шет елде оқып келген, шетелдің бірнеше тілін білетін, бірақ өзінің тілін білмейтін азаматтардың министрліктерге, атқару билігіндегі департаменттерге басшы болып келуі тілдік ортаның қалыптасуына мүмкіндік бермей отыр. Тілімізді тұқыртқан әлгіндей керауыз пікірлерден осы жастар намысқа мініп, шындап қолына алса, ана тілін меңгеру алынбайтын қамал емес қой!

– Сөз арасында тілді оңалтудағы басты мәселе балаларды қазақша сөйлету екенін айттыңыз. Бұл тұрғыда Астана – балалықтан енді арылып келе жатқан жас қала. Елордада өзіңіз де талай жыл Тілдерді дамыту басқармасында қызмет етіп, қазақ тілінің өз отанында қанат жаюына үлес қостыңыз. Енді «сырт көз» ретінде, Астананың бүгінгі тілдік ахуалына қандай баға берер едіңіз?

– Құдайшылығын айтайын, бұл қаладағы тілдік ахуал өзге қалаларға қарағанда көш ілгері. Нақты мәліметтер келтірсем, жуырда ғана Астана қаласында жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне сәйкес, қазақ тілін білетіндер шамамен 77%-ды құраған. Ал, өзге ұлт өкілдерінің ішіндегі мемлекеттік тілді білетіндер – 22,2%. Сұралғандардың 75%-ының пікірі бойынша, соңғы екі жылда елордада мемлекеттік тілдің қолданылуы едәуір ұлғайған. Содан кейін сұралғандардың 81%-зы «Астанада қазақ тілі қоғамдық өмірдің негізгі салаларында қолданылады» десе, 61%-ы мемлекеттік тіл қоғамның әртүрлі салаларында қолданылғанда өздерін қолайлы және өте қолайлы сезінетіндерін айтқан. Сол секілді өзге ұлт өкілдерінің тағы 32,2%-ы мемлекеттік тілді меңгергісі келетіні, олардың арасындағы орыстар 28,4%-ы құрағаны анықталған. Ал, жас ерекшелігі бойынша, тіл үйренгісі келетіндердің 44,6%-ы 18 бен 25 арасындағы жастар. Бұл нені білдіреді? Өзінің келешегін ойлаған саналы жастар мемлекеттік тілді үйренуге ұмтылып жатыр деген сөз. Онда да өзіміздің қаракөздер емес, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін білуге құштарлық басым.

 – Ал, тіл үйренуге құштарлық неден туып отыр?

– Міне, менің алдымда әлеуметтік зерттеудің осы сауалы бойынша алынған нәтижелері де жатыр. Сұралғандардың 43%-ы мемлекеттік тілді үйренудегі басты себеп «өз болашағымды Қазақстандағы өмірмен байланыстырамын» деп жауап берген. Ал, тағы 32%-ы «бұл жақсы жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді» және «қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылады және Қазақстанның әрбір азаматы білуі тиіс» деген. Мұндай оң үрдістер, әрине, азаматтардың саналылығына, патриоттық сезімнің өсуіне және қоғамның өз арнасымен дамуына сәйкес туындап отыр. Оның сыртында, елордада жақсы тілдік ахуал қалыптастыру үшін еңбек етіп жатқан азаматтар да бар. Міне, сол азаматтардың мемлекеттік тілді дамыту бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарына да жауап берушілердің 55%-ы «жақсы» және «өте жақсы» деп жауап берген. Бұл келтіріліп отырған деректер жай сандар емес. Елордаға қазір жан-жақтан адамдар ағылып жатыр. Олардың арасында жастар көп. Қазақтілді журналистер осыдан он жыл бұрын саусақпен санарлық болса, қазір көптеп еңбек сіңіріп жатыр қалаға. Одан кейін мұнда соңғы жылдарда байқасаңыз, мектептер мен балабақшалар тек қана қазақ тілінде ашылуда. Тіл және Білім басқармалары да бұл жағынан жақсы жұмыс жүргізіп отыр. Мұның бәрі, әрине, сұранысқа сәйкес орындалуда. Ал өзге ұлт өкілдері өздеріне қажеттілікті сезініп, балаларын сол қазақ мектептері мен қазақ балабақшаларына беруге ұмтылып жатыр.

 Патриоттық сезім де өсіп, өрлеуі тиіс!

– Расында да, біздің білуімізше, елордада 600-ден астам өзге ұлт өкілі мемлекеттік тілде білім алып, тәрбиеленіп жатыр екен. Бұл Астанада шынында қазақ тілінің дамуына жағдай жасалып, мемлекеттік тілге сұраныс бар екенін білдіре ме?

– Жаңа да айттым ғой, бұл жалпы, елордада қалыптасып отырған жағдайдың, заңға сәйкес дамудың бар екенін көрсетеді. Қараңыз, мысалы, қазір бұл қалада көшелер мен кенттердің атауы негізінен қазақшаланған. Атауды өзгертіп қана қоймай, Көше мерекесін өткізіп, көшеге есімі берілген тұлғаның кім екенін не болмаса, сөздің қайдан алынғанын таныстыру мұнда дұрыс жолға қойылып отыр. Одан кейін қаладағы мыңға тарта аялдаманың атауы ауыстырылып үлгерді. Ол да санаға қазақ сөзін сіңдірудің бір жолы. Десе де, бір қынжылтатын нәрсе, ол, тағы да айтам, басқару тілінің түзелмей отырғаны. Қоғамдық саланың басқару тілінде және кәсіпкерлік, орта және шағын бизнесте мемлекеттік тілді қолдану сәнге айналмай жатқаны. Мәселен, дүкенге барамыз да, көпшілігіміз, сатушының ыңғайына қарап орысша сөйлеп кетеміз. Тіпті, ол орыстілді болмағанның өзінде оны орыстілді екен деп ойлап, өзіміз соның алдына келіп тұрған соң шаруамызды тез бітіруге асығып, орысша сөйлейміз. Дәмхана, мейрамханаға барғанда да солай. Одан кейін ақша алу үшін банкоматқа барсақ та, өзіміздің құқымызды өзіміз таптап, техниканың «орыс тілін» таңдай саламыз. Ал шын мәнінде принципті түрде, ұстанымға, ұлттық мүддеге адалдық танытып, банкоматтың өзімен қазақша «сөйлесуге» болады ғой.

– Сөзіңіз аузыңызда, дәл осы банкомат тілін таңдау мәселесі біздің «Астана ақшамы» газетінде осыдан бес-алты жыл бұрын көтерілген еді…

– Иә, бірақ содан қандай нәтиже болды? Демек, мұндайды бір рет жазып қоя салмай, оқтын-оқтын қозғап отыру керек. Сол секілді, «сіз дүкенде қай тілде сөйлесесіз?», «сіз банкомат қолданғанда қай тілді таңдайсыз?», «мейрамхана, дәмханаға барғанда даяшыны қай тілде шақырасыз?» деген секілді сауалнамалар жүргізіп, сананы түріп, оятып отыру керек деп ойлаймын. Әйтпесе, банкоматтың өзі «сіз қай тілді таңдайсыз?» деп сұрап тұр ғой. Ол жерде басқа үшінші адам жоқ, банкомат пен сіз ғана. Сізге тіл таңдауға құқық беріліп тұр. Енді соның өзін пайдалана білу керек қой. Қазақ тілін шындығында кез келген салада қолдануды сәнге айналдыру қажет. Осы қыркүйек айында туғанына 140 жыл толған Алаштың Ахаңы, Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлтын керек  қылып, халыққа қызмет қыламын деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай кірісіп істей берсе – ұлт жұмысы ұлғайып, толықпашы» депті.

Елбасымыз қазақ мемлекеті мәңгілік болсын деп, «Мәңгілік ел» салтанат қақпасын орнатты. Қазақ мемлекеті мәңгілік болуы үшін, енді тіліміздің де мәңгі сақталып қалуына жағдай жасауымыз керек. Оған атсалысатын біз, әрбір қазақ!

Олимпиадада ешкім өзінің ұлтына қараған жоқ, Әнұран орындалғанда спортшыларымыздың бәрі де көзіне жас алды. Бәрі де толқыды, бәрі де өзінің Қазақстанды, туған отанын жан-жүрегімен жақсы көретінін дәлелдеді. Енді сол патриоттық сезімін мемлекеттік тілге көзқарасы арқылы да білдіруге ұмтылу керек қой. Адам бір қалыпта тұрмайды. Патриоттық сезім де өсіп, өрлеуі тиіс.

– Хош. Сонымен Астананың қазақшаланып келе жатқанын айттық. Жалпы, қоғамдағы тіл мәселесін де біршама талқыладық. Әңгімемізді өзіңіз қалай қорытар едіңіз?

– 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада да «қазақ тілін сәнге айналдыру керек» делінген. Енді соған шенеуніктеріміз де ұмтылуы керек. Жаңа да айттым, «Қазақстанда орыс тілінсіз мемлекеттік басқару ісі әлсірейді» дейтіндер, қазақтың орыс тілісіз күні жоқ дейтіндер он екі өрім қамшымен біздің биліктегі қазақ азаматтарының арқасынан осып отыр. Және ол жанашырлықпен жай «намысын жаниыншы» деп айтып отырған жоқ, шындыққа айналған кемшілігімізді бетімізге басуда. Бұдан соң биліктегі азаматтарымыз өздеріне дүре соқтырып қойып отыра бермейтін шығар, намыстанып, өз ана тілін білуге, оны мемлекетті басқару тіліне айналдыруға ұмтылатын шығар деп ойлаймын.

Әңгімелескен Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − seven =