ОРАЗАДАҒЫ ОҢДЫ ІСТЕР

0 186

номерге

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Рамазан айына арнап жариялаған үндеуінде күллі мұсылмандарды мүбәрак айда ізгі істерді жиі ұйымдастырып, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға шақырған еді.

Қайыры мол қадірлі айда қайырымдылық істерін жасауды «Нұр Астана» мешіті де жылдағы дәстүрмен жалғастырып, көңілі кемшін жандарға демеушілік көрсетті. Атап айтар болсақ, әлеуметтік жағдайы, тұрмысы төмен отбасылармен қатар, тағдырдың сынағына мойымай, тумысынан кемтар, мүгедек жандарды бағып-қағып отырған шаңырақтарға да қамқорлық жасалды. Оразада бастау алған игі шарада 84 отбасы қамтылып, әр отбасыға азық-түлік, киім-кешектер, сондай-ақ, мүгедектерге арналған керек-жарақтар, жаттығу құралдары таратылды.

Қадірлі айда әртүрлі мекемелерде ауызашар ұйымдастырып, асыл діннің құндылықтарын жеткізу де өкілдік назарынан тыс қалмай келеді. Атап айтар болсақ, «SOS» жетім балалар үйінде 115 адамға арналған дастарқан жайылды.

Бүгінде мешіт жамағатының қатары өз қаракөздерімізбен қатар өзге дін яки өзге ұлт өкілдерімен де толығып келеді. Оразаның осындай құтты кешінде «Нұр Астана» орталық мешіті өкілдері елордамыздағы ислам дінін қабылдаған бауырлармен ауызашар өткізді. Хақ дінмен қауышқан бауырлар бұл кеште ізгі лебіздерін, ыстық ықыластарын білдіріп, асыл діннің елдегі шаңырағын биіктетіп, уығын көтеріп отырған барша имамдарға алғыстарын айтты.

Сондай-ақ, күні кеше елордамыздың Есіл ауданы ардагерлеріне арналып дастарқан жасалып, онда көргені мен көңілге түйгені мол, ақылы дария қарияларымызбен өнегелі, өсиетті отырыс өтті. Бұған қоса, қала мешіттерінде қоғам, дін және мәдениет қайраткерлерінің басын қосқан ауыз-ашар кештері де жылдағы үрдіспен өткізілуде.

Жайық НАҒЫМАШ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + seventeen =