Оразада жиі қойылатын сауалдар

0 92

Құрметті оқырмандар! Қадірлі жамағат!

Мінеки, барша мұсылман сағына күтіп, қимай қош­тасатын Рамазан айының екінші онкүндігіне де жеттік. Ораза – мұсылмандар үшін бес парыздың бірі. Осы айда ораза тұтуға қатысты көптеген сауалдар туындайтыны мәлім. Осыған орай, біз Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасымен бірлесе отырып, газетте «Оразада жиі қойылатын сауалдар» атты айдар ашып отырмыз. Бүгін оқырмандарды толғандырған бірер сауалдардың жауаптарын ұсындық.1-ші сұрақ: Ұйықтап қалып, сәресіні өткізіп алған кісілер не істейді?

Жауап: Сәресі ішу – парыз емес. Ұйықтап яки басқа себептермен сәресіні өткізіп алғандар ештеңе ішіп-жеместен ораза ұстауын ары қарай жалғастыра береді. Бірақ, сәресіні жіберіп алмауға тырысқан жөн. Хадисте: «Сәресі ішіңіздер, себебі, сәресіде берекет бар. Бір жұтым су ішсеңдер де сәресіні тастамаңдар. Себебі сәресіге тұрғандарға Алла Тағала рақым етіп, періштелер кешіріп тілейді» делінген. Сәресі мезгілі – дұға-тілектер қабыл болатын ең берекетті уақыт. Сәресі ішу адамға күш береді, күндізгі жұмыстарын тыңғылықты атқаруға, ғибадаттарын кемшіліксіз орындауға көмектеседі. Бұған қоса, сәресіге тұрған кісі сүннет сауабын алады. Себебі сәресі жеу – пайғамбарымыздың сүннеті.

2-ші сұрақ. Қандай жағдайда ораза ұстамауға рұқсат етіледі?

Жауап: Ислам діні ораза ұстау­ға шамасы келмейтін кісілерге жеңілдік береді. Яғни, кейбіреу­лері оразаны рамазан айынан басқа бір уақытта ұстаса, басқалары оның орнына підия беріп, оразаның ауыртпалығынан босатылады. Шариғат бойынша мына жағдайларда ораза ұстамауға рұқсат етіледі: Алла Тағала Құранда: «Науқастанып қалғандар және сапарда жүргендер басқа күндері ораза ұстап орнын толтырсын» деген («Бақара» сүресі, 185-аят). Жолаушының жолы жеңіл әрі қиындықсыз болса да, оған ораза ұстамауға және намаздарын қысқартып оқуға рұқсат етіледі. Сапарға шыққан адам ораза ұстаса да, ұстамаса да болады. Мүмкіндік болса, ұстағаны жақсырақ. Жүкті және емізулі баласы бар әйелдер өзі немесе жатырдағы баласы үшін қауіп сезінсе, оразасын тоқтата алады. Жүкті және бала емізетін әйел өзінің не баласының денсау­лығына зиян келуінен қорықса, оразасын ашып қаза қылады. Ол үшін кәфарат төлемейді. Алайда жүкті әйел мен бала емізетін әйел ораза ұстай алса, онда олар ораза ұстауы керек. Қатты шөл не қатты аштық өлімге немесе қауіпті ауруға себеп болса, онда оразаны тоқтатып, оны кейін өтейді. Өйткені шариғат бойынша адам баласы өмірін сақтауға міндетті. Ораза ұстауға шамасы келмейтін кәрі ер мен әйелге ораза ұстамауға және оны өтемеуге рұқсат етілді, бірақ ұстамаған оразаның әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандыруға (підия беруге) бұйырылды. Етеккірі келген және босанғаннан кейінгі қаны келген әйелдер ораза ұстамайды, бірақ кейін қазасын өтейді (Хуласа). Балиғат жасына толмаған бала және ақылы жоқ адам ораза ұстау­ға міндетті емес.

3-ші сұрақ. Ораза кезінде ингалятор қолдануға бола ма?

Жауап: Демікпесі бар адам жиі демігіп, тұншығатындықтан, ингалятор не дәрі пайдалануға мәжбүр. Сондықтан да, «мұндай жағдайдағы адам оразаны қайтеді?», яғни «ингалятор арқылы ауызға сепкен дәрі оразаны бұза ма?» деген сұрақ туады. Жалпы «ауыз, мұрын, құлақ арқылы, яғни табиғи жолмен ішке барған нәрселер оразаны бұзады. Ингалятор секілді аппараттармен ауызға шашқан дәрі ішке кететіндіктен, ораза бұзылады. Сондай-ақ ем үшін ингалятордан басқа таблетка не сироп түріндегі дәрі қолдану, тікелей ішке баратындықтан оразаны бұзады. Мұндай аппаратсыз жүре алмайтын науқастарға ораза ұстамауына болады. Егер дәрігерлер науқастың бұл аурудан айығуы неғайбыл екеніне көз жеткізсе, онда ол оразаның әр күніне підия беріп отырады. Яғни, жоқ-жітікті, міскіндерді тамақтандырады. Ал ауруынан сауығатын болса, сауыққан кезінде қазасын өтейді.

4-ші сұрақ: Рамазанда күндіз әйелімен жақындасудың үкімі қандай?

Жауап: Рамазан айында күндіз біле тұра әйелімен жақындасу Алла Тағаланың тыйған нәрселерінің бірі, әрі осы ұлық айға құрметсіздік болып табылады. Имам Тахтауи күйеуінің де, әйелінің де ұстаған оразалары бұзылып, «кәффарат» міндет болады. Ал «кәффарат» дегеніміз – екі ай үзбестен ораза ұстау, оған шамасы жетпесе алпыс міскінді тамақтандыру. Осыған орай шариғат әркімнің шама-шарқына қарай кәффарат өтеу жолдарын тәртіппен бекіткен. Алдымен құл азат ету – (әрине, қазіргі уақытта құл жоқ), бұған шама жетпесе екі ай үзбестен ораза ұстау, бұған шамасы жетпесе алпыс мұқтажды тамақтандыру. Бұл реттік тәртіп қатаң сақталуы қажет. Бірінші тәсілге шамасы жеткен кісі жеңілдік іздеп келесі тәсілді қолдануы дұрыс емес. Шама жоқтығы нақты расталуы керек. Сонда ғана келесі тәртіпті пайдалануға рұқсат етіледі. Ал әйелін жақындасуға мәжбүрлейтін болса ер кісінің сол күнінің оразасы бұзылғандықтан орнына бір күн қаза өтеп, артынан кәффарат өтейді. Ал әйе­ліне келетін болсақ, сол күннің қазасын өтейді және оған кәффарат міндет болмайды.

5-ші сұрақ: Темекі тарту оразаны бұза ма?

Жауап: Ораза кезде мейлі жәй түтін болса да әдейілеп жұтса, оразаны бұзады. Сол себепті ауыз берік кезде темекі тартса, оразасы бұзылады. Өйткені темекінің түтіні никотин мен деготь және екеуінен бөлек қамтитын заттар бар, бұлардың бәрі пішіні бар тозаңдай заттар, бұл нәрсені темекінің түбіне жиналатынын көреміз, сақтану керек болған нәрсені ішке тарту ораза шарттарын бұзады. Темекі оразаны бұзуында еш күмән жоқ. Имам әш-Шурунбулали: «Ораза адамның темекіні тартуы күмәнсіз оразаны бұзады. Егер нәпсісін басып, пайда беріп жатса, ол адамға каффарат уәжіп болады» деген. Ал ораза адам әтір себініп немесе әтір иіскеудің үкімі рұқсат, себебі әтірдің түтін секілді физикалық массасы жоқ, мысалы: аузы берік адам әртүрлі гүлдердің иісін иіскеуі оразасын бұзбайды. Сондай-ақ оттегімен дем алу оразаны бұзбайды. Өйткені оттегі күнделікті демалып жатқан ауамыз секілді.

6-шы сұрақ: Шланг жұтқаннан (ФГДС) адамның оразасы бұзыла ма?

Жауап: Жалпы алғанда, шланг жұту оразаны бұзбайды. Өйткені оразаны бұзу үшін шланг толығымен ішке кіруі тиіс. Ал бұл жағдайда шлангтың бір бөлігі сыртта қалады. Дегенмен, шланг арқылы асқазанға бір нәрсе түссе оразаны бұзады. Осыған орай шлангқа дәрі жағып, жұтқызатын болса оразасы бұзылып, бір күн қазасын өтейді. Имам Хаскафи: «Егер адам ағаш немесе ұшына тамақ байланған жіп жұтса, оның бір ұшы сыртта қалып және әлгі заттан іште бір бөлігі қалмаса, ораза бұзылмайды. Себебі ораза бұзылуының шарты іште қалу» деген.
7-ші сұрақ: Разаман айында күндіз қан тапсыру оразаны бұза ма?
Жауап: Ораза ұстаған адам донорлық мақсатта және талдау (анализ) үшін қан тапсырса немесе ауру себебінен қан алдырса, оразасы бұзылмайды. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аузы берік бола тұра қан алдыртатын болған. Ибн Аббастан (Алла ол кісіге разы болсын) келген риуаят­та: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза бола тұра хижәмә жасатқан еді» деген. Дегенмен аузы берік адам қан алдыртқанда әлсіреп, ораза тұтуы қиындап кететініне көзі жететін болса оған қан алдыру «мәкрүһ» болып саналады.

8-ші сұрақ: Ауыз берік кезде моншаға түсуге бола ма?

Жауап: Монша буға шабыну арқылы  жуынып-шайынатын жер болғандықтан, моншаға түсуді ауыз ашар уақытына қалдырған дұрыс. Неге десеңіз, моншадағы бу – су молекулаларынан құралады. Яғни, буда судың белгілі бір бөлшектері орын алған. Көп мөлшердегі буды жұту арқылы ішке белгілі дозада су бөлшектері енеді. Сол себепті, оразаңыз бұзылады деуге негіз бар. Одан бөлек, душқа шомылуға немесе ванна қабылдауға болады. Тек, ауыздан не мұрыннан ішке су кетіп қалмау жағын ескеру керек.

9-шы сұрақ: Рамазанда беттен сүйсе, ораза бұзыла ма?

Жауап: Аузы берік кісінің беттен сүюі оразаны бұзбайды. Себебі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аузы берік бола тұра әйелдерін сүйетіндігі Айша анамыздан жеткен. Бұл жерде ескере кететін жағдай, егер әйелін сүйгенде шәует бөлініп кетпейтініне және жыныстық қатынас­қа түсіп қоймайтынына сенімді болса, онда сүюіне рұқсат. Ал оған сенімсіз болса – мәкрүһ.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − 5 =