Оразада жиі қойылатын сауалдар

0 33

Бүгін «Оразада жиі қойылатын сауалдар» айдарын одан әрі жалғастырып, оқырманды толғандырған бірнеше сауалдардың жауабын ұсынамыз. Редакцияға келіп түскен сауалдарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ жауап береді.1-сұрақ: 18 мамырдан бастап мешітке барып, намаз оқуға бола ма? Жамағатпен намаз оқуға қашан рұқсат етіледі?

– Алла қаласа, 18 мамырда жеке құлшылық жасап, Құран оқытып, неке қидыруға ниет білдірген азаматтар үшін мешіттеріміз ашылады. Бұл еліміздегі барлық мешіттің есіктері ашылады деген сөз емес. Өйткені әрбір облыстағы карантиндік жағдай деңгейі әртүрлі. Бас санитарлық дәрігердің карантиндік режимнің кезеңдік талаптарын сақтау бойынша қаулысын ұстанудамыз. Өңірлердегі індеттің таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес жұмыс жүргіземіз. Ал карантин талаптарын сақтау үшін жамағатпен оқылатын бес уақыт, жұма, тарауық намаздарына қатысты қойған уақытша шектеуді өз күшінде қалдырып отырмыз. Жамағатпен оқылатын намаздардың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз.

2-сұрақ: Қазір мешітке бару үшін қандай ережелерді сақтау керек?

– Аллаға шүкір, елімізде төтенше жағдай мерзімі аяқталып, халқымыз қалыпты өмір тіршілігіне ауыса бастады. Алайда карантин режимінің талаптарын қатаң сақтап, сақтық шараларына аса мән беруіміз қажет. Осы ретте, мешітке баратын адамдар мынадай талаптарды орындауға міндетті: мешітке келуші жамағат медициналық маска және қолғап киіп келуге; антисептик құрылғысын жиі қолдануға; жеке құлшылық жасау кезінде 1,5 метр арақашықтықты сақтауға; Құран оқитын бөлмеге 1,5 метр арақашықтықты сақтай отырып, 10 адамнан артық кірмеуге; неке қидыратын бөлмеге 4 адамнан артық кірмеуге міндеттеледі. Сондай-ақ имамдардың кеңесіне құлақ асып, мешітке лек-легімен кіруге болмайды. Бір адамның болу ұзақтығы – 15 минут. Бұл мешіт ауасын әр 3 сағат сайын таза ауамен алмастырып отыруға мүмкіндік береді. Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалар намаздарын үйлерінде оқығаны абзал, мешітте қол алыспау керек.

3-сұрақ: Биыл Қадір түнін мешітте қарсы алуға бола ма?

– Қадір түні 19-ынан 20-сына қараған түнге сәйкес келіп отыр, бұл түнді мешітте емес, үйде қарсы алу қажеттігін баса айтқым келеді. Өйткені елімізде төтенше жағдай мерзімі аяқталғанмен, жұқпалы індеттің қаупі толық сейілген жоқ.

4-сұрақ: Пітір садақаны ешқайда шықпай, үйде отырып-ақ беруге бола ма?

– Иә, пітір садақаны ­­«Kaspi.kz» қосымшасы арқылы беруге болады. Ол үшін смартфоныңыздағы «Kaspi.kz» мобильді қосымшасын ашып, «Төлемдер» бөліміне басыңыз. Осы жерден екі түрлі әдістің бірін қолдану арқылы төлем жасауға болады. Біріншіден, «Іздеу» алаңында садақа деген сөзді жазсаңыз, автоматты түрде пітір садақа деген бөлім ашылады. Сол жерден өзіңіз тұратын өңірді таңдап, пітір садақа төлем түрін басасыз. Екіншіден, «Төлемдер» деген бөлімге кіріп, «Барлығы» дегенді басыңыз. Содан кейін «Жаңа төлемдер» бөліміне кіріп, пітір садақа төлем түрін басыңыз. Биыл еліміз бойынша пітір садақа мөлшері адам басына 370 теңге болып бекітілгенін ұмытпаңыз. «Сома» деген жерге кемінде 370 теңге құнын енгізіңіз. Одан кейін төлем жасау шотыңызды таңдап, пітір садақаңызды үйде отырып-ақ бере аласыз.

5-сұрақ: Қазір мешітте неке қидыруға рұқсат етіле ме?

– Иә, рұқсат етіледі. Бірақ неке қиятын бөлмеге 4 адамнан артық кіруге болмайды. Неке қидыру рәсіміне барған адамдар мешітте жүріп-тұру ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Мешіттің кіреберісінде тұрған антисептикалық құралдарды пайдалану қажет, кіру бөлек есіктен және шығу бөлек есіктер арқылы болуы тиіс.

6-сұрақ: Рамазан айының соңғы түндері деген қай түндер? Рамазан айында Қадір түнінің қай түні екені белгісіз. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа саллаллаһу алейһи уәссәллам бұл түннің Рамазанның соңғы 10 не 7 күніндегі тақ түндердің бірінде екенін айтқан.

– Бұл түндер – ықыласпен құлшылық жасайтын түндер. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) бұл түндері әз пайғамбар (оған Алланың сала­уаты мен сәлемі болсын) белін буып, балағын қаттырақ байлағанын айтқан. Яғни көп құлшылық етіп, жақындарын да құлшылық жасауға шақыр­ған. Ән-Насаи мен Ибн Мәжадан жеткен хадисте Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Рамазан айынан өзге айларда Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір түнде Құранды бастан-аяқ оқып, таңға дейін намаз оқып, бір ай бойы ораза ұстағанын көрмедім» деген. Өзге бір хадис­те: «Пайғамбар Рамазанның соңғы түндері жақындарының барлығын намазға оятатын әрі өзі де ұйықтамайтын. Бұл түндері ол көп құлшылық жасайтын» делінген. Имам Шафиғи: «Рамазан айының соңғы түндерінде құлшылықты арттыру сүннет болып табылады» деген. Бұл түнде біздің құлшылығымызды арттыруға ынталандыратын – ол Қадір түні. Бұл түн мың айдан, яғни 83 жылдан қайырлы. Бұл деген сөз бұл түнін құлшылықпен өткізген адам мың айдай құлшылық жасағандай сауапқа кенеледі. Бұл – Раббымыздың біздің үмметке берген нығметінің бірі. Әнас ибн Мәліктің айтуынша, бірде Рамазан айы басталған кезде ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айы келді, бұл айда мың айдан да қайырлы түн бар. Кімде-кім бұл түнді бейқамдықпен өткізіп алған болса, барлық жақсылықтан құр қалды деген сөз. Кім осы түннің нығметінен құр қалған болса, ол адам нағыз құр қол қалған болады» деген. Ғалымдар бұл түні жасалған жақсы амалдар мың ай бойы жасаған амалдардан қайырлы деген. Қадір түнінің қаншасыншы түні болатыны беймәлім, алайда хадистерге сәйкес, соңғы он күндегі тақ түндердің біріне тура келеді: «Қадір түнін Рамазан айының соңғы тақ түндерінен іздеңдер». «Іздеңдер» деген сөз оның белгілерін қарап отыру деген емес, керісінше, сол түні ұйқыдан бас тартып, құлшылық жасау дегенді білдіреді. Алланы еске алу, кешірім тілеу, дұға жасау, нәпіл намаздар оқу, Құран оқу секілді құлшылықтарды атқару. Ғалымдарымыз биыл Қадір түні 19-ынан 20-сына қараған түнге сәйкес келетінін айтты.

7-сұрақ: Иғтикаф деген не?

– Иғтикаф сөзі бір орында отыру, тоқталу, бас тарту деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатта иғтикаф деп ғибадат ету ниетімен бес уақыт намаз оқылатын мешітте күн кешуге айтылады. Әйелдер иғтикафты үйлерінде өткізеді. Иғтикаф үш түрге бөлінеді: мұстахаб, сүннет (бекітілген) және уәжіп. Мұстахаб иғтикафты кез келген уақытта өткізуге болады. Иғтикафты ниет етіп, мешітке кіреді де, қалағанынша құлшылық жасайды. Бұл иғтикаф белгілі уақытпен шектелмейді. Бір немесе бірнеше күн, бір немесе бірнеше сағат жалғасуы мүмкін. Мұстахаб иғтикафта отырған адамның ораза ұстағаны абзал. Бекітілген сүннет иғтикаф Рамазан айының соңғы он күнінде өтеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бастапқыда иғтикафқа Рамазан айының ортасындағы он күндікте отыратын, кейін соңғы он күндікте отыратын болды. Сосын қайтыс болғанға дейін осылай істеді. Одан кейін жұбайлары да иғтикафқа отыратын болды (Бұхари, Муслим). Алайда Рамазанның соңғы он күнінде арнайы құлшылық ету ниетімен кемінде бір тәулік бойы, яғни таң атқаннан күн батқанға дейінгі уақытты ниет етіп, мешітте отыруға болады. Уәжіп иғтикаф нәзір етумен жүзеге асады. Мысалы, бір мұсылман «Аллаға ант етемін, мен осы күні иғтикафқа отырамын» немесе «Аурудан айықсам, міндетті түрде иғтикафқа отырамын» десе, оған уәде еткен иғтикафты орындау міндетті болады. Ханафи мәзһабы бойынша нәзір иғтикафта ораза ұстау – уәжіп.
Мешітте иғтикафта отырған адам сол жерде намаз оқиды, Құран оқиды, ілім үйренеді, зікір айтады, кітап оқиды, уағыз-насихат тыңдайды, тамақтанады, қонады. Дүние істерін істеу және дүние сөздерін сөйлеу – мәкруһ. Мешіттен сыртқа тек әжетханаға бару, дәрет алу секілді қажеттіліктер үшін ғана шығады. Кейбір ғалымдар сал ауруымен ауырғанда және амалсыздық жағдайда ер адамдарға иғтикафты үйде өткізуге рұқсат етеді. Қазіргі карантин жағда­йында иғтикафты мешітте өткізуге рұқсат етілсе, мешітте өткізеді. Болмаса, оны үйде өткізсе де болады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − eight =