Оралханға оралу

0 87

«Бiр ел – бiр кiтап» акциясы бойынша, биыл жалпыхалықтық оқуға ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, жазушы Оралхан Бөкейдiң шығармалары таңдап алынды. Бұл туралы кеше ҚР Ұлттық кiтапханасында өткен баспасөз мәслихатында мәлiм болды.
Акцияны ұйымдастыру коми­те­тiнiң төрағасы Фариза Оңғар­сынова жиын барысында қала­мы­ның қарымы бөлек Оралхан Бөкейдiң шығармашылығына тоқталды. Мәслихатта модератор болған әдебиет сыншысы Аман­гелдi Кеңшiлiкұлы, Сенат депу­таты, академик Ғарифолла Есiм, жазушы Төлен Әбдiк, филология ғылымдарының докторы, профес­сор Тұрсын Жұртбай, театр сын­шысы Әшiрбек Сығай және тағы басқа қаламгерлер сөз сөйлеп, кiтап оқудың маңыздылығы мен бүгiнгi әдебиет, әдеби туынды­лардың оқылуы мен таралымы мәселесiн қозғады.
Оралхан Бөкей – аз ғұмыр кешсе де, соңына мол мұра қал­дырып кеткен бiрегей тұлға. Оның әдебиетте алар орны мен өзiндiк қолтаңбасы жиын бары­сында жан-жақты сөз болды.
Бұған қоса «Жасын ғұмыр жа­зушы» виртуалды кiтап көрмесi мен «Алтайдың ақиық ұлы» мето­дикалық құралының тұсауы ке­сiлдi. Ал, фойеде «Кербұғы се­кiлдi қазақтың кербезi» деген та­қы­рыппен кiтап көрмесi қойылды.
Әдеби туындыларды насихат­тау, қоғамды кiтап оқуға үгiттеу мақсатында ұйымдастырылған «Бiр ел – бiр кiтап» акциясы ҚР Мәдениет және ақпарат министр­лiгiнiң қолдауымен қолға алын­ған. Биылғы жылы Оралхан Бөкей шығармаларын насихаттау бары­сында елiмiз бойынша 1123 iс-шара өткiзу жоспарланып отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + 17 =