ОРАЙЫН ТАПҚАН «ОРТАЛЫҚ»

0 100

Қаланың абаттандыру жағдайын көзбен көріп, көңілге түйіп қайту ойда жүрген іс еді. Осы орайда, «Орталық» атты ПИК төрағасы Жаңабай Бегімбет мырзамен аз-кем әңгімелесіп, оның қарамағындағы аулалар мен үйлердің ахуалына қанығып қайттық. Жаңабай аға бізді аулаларын кезек кезегімен аралатып жүріп. Пластик су құбырларының қазіргі таңда сапасы темірден әлдеқайда мықты екені айтылып та жүр. Олардың кепілдік мерзімі 50 жылға дейін созылады. Ал, темір құбыр кемі 5-6 жылда сыр бере бастайтыны айқын.

Аталмыш ПИК-тің қарамағына Ағыбай батыр көшесінде орналасқан 8 тұрғын үй кіреді екен. Сегізі де ескі қаланың аумағында бұрыннан салынған көнелеу үйлер. Дегенмен, аулалары тұтастай абаттанған. Бес қабатты үймен тайталаса өскен биік теректердің терезе тұсындағы бұталары оталып, тұрғындарға залал келтірместей етіп кесілген. Ағаштардың діңі ақталып, түптеліп, уақтылы суарылатыны көрініп-ақ тұр. «Негізінде жөндеу жұмыстарын үш жылда бір рет өткіземіз. Былтыр ғана барлық әткеншектер мен ауланың қоршауларын сырлап қойғанбыз. Одан бөлек, төраға болғалы өзіме қарасты сегіз үйдің де жертөлесін тазартып, тамшы ақпайтындай еттік. Су құбырларын тегіс темірден пластикке ауыстырдық. Үй шатырларын бірін қалдырмай су өтпейтіндей жаңалап шықтық. 27 кіреберістегі тоқ есептегіштердің барлығын автоматқа көшірдім», – деп ағынан жарылды

Сегіз үйдің аулаларындағы жалғыз аяқ жолдың барлығының кенересін кеңейтіп, асфальт төсетіп, ыңғайландырған. Бұрын бір адам әрең өтетін төте жолдың бойымен, тіпті, көліктер ағылып жатыр. Әр аулада демалатын орындықтар, балалардың пластик әткеншектері мен сырғанақтары орналасқан. Балалар тартылып ойнайтын темір бағандар, құм салынған шатырлар әдемі бояулармен боялған. Оларға қосымша көп ауладан көре бермейтін кір жаятын арнаулы темір қоршаулар да көзге түсті.

Ауладағы қариялар бөлінген аумақтарында гүл көшеттерін отырғызып, терезе алдын бауға айналдырған. «Арасында ауламыздағы жас аяқдопшылар ғана таптап кететіні болмаса, жағдайымыз жақсы», – деді сары шашын артына қайырып жатқан орыс қариясы.

«Жеті жылда осы аулалардың жағдайын түзетуге барынша талпындым. Сол кезде еккен жас бұтақтар, міне, бүгін менен екі есе биіктеп кетті. Ал, бітпеген істерімнің бірі – үйлердің көнерген сыртын ақтату. Үш үйдің сыртын сары түске бояттым. Енді қалғанын жасау жоспарда бар. ПИК атынан қандай да жұмыстар жасалса, оның барлығы тікелей пәтерақы есебінен жасалды. Біз қосымша ақша жинап, тұрғындарымызды мезі еткен кезіміз болған жоқ», – дейді төраға өз сөзінде.

Жасыл желекке оранған шағын аулалардың көлеңке саясында деміңді басып отыра қалғың келеді-ақ. Осының барлығы таңды таңға ұрып, тыным алмастан тиесілі қаржысын көпшіліктің игілігіне жұмсап, айналасын гүлдей жайнатып отырған Жаңабай Бегімбет сияқты жанашыр әрі іскер адамның таза ниетінің жемісі екені де анық.

Шынар ӘБІЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + sixteen =