©2020 Астана Ақшамы
ОҚЫС ОҚИҒА АЗАЙМАЙ ТҰР
Есіл ауданы әкімдігінде елорданың құрылыс алаңдарындағы еңбек жағдайын жақсарту және оның қауіпсіздігін арттыру, техникалық қауіпсіздікті сақтау, жұмысшылардың өндірістік жарақат алуына жол бермеу барысы талқыланды. Оған аудан әкімі Сәбила Мұстафина, аудан прокуроры Біржан Мажренов және құрылыс компанияларының өкілдері қатысты.
Қаладағы бүкіл құрылыстың 70 пайызы сол жағалау да шоғырланған. Зерттеулерге сүйенсек, бүгінде құрылыс нысандары жұмысшылардың ең көп жарақат алатын қатер алаңына айналып отыр. Өткен жылдың алғашқы тоқсанында құрылыста жеті адам жарақат алса, биылғы осы кезеңдегі мәлімет бойынша сегіз төтенше оқиға болған. Оның үшеуінде кісі өлімі орын алып, қайғылы оқиға жұмыс берушінің кінәсінен болғаны дәлелденіп отыр.
– Ал соңғы төрт айда 14 оқыс жағдай тіркелген. Оның бірінде 8-қабаттан 19 жұмысшы бірден құлап, жарақат алғаны бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаны белгілі. Барлық фактілер тексеріліп, Қазақстан Республикасының 152-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда, кісі өліміне жеткізген мұндай олқылықтарды ақтауға болмайды. Барлық жағдайда қауіпсіздік шараларының ойдағыдай болмауы, құрал-жабдықтардың сапасыздығы, жұмыс берушілердің қауіпсіздік нормаларына немқұрайлы қарауынан болып отыр. Алдағы уақытта осындай олқылықтарға жол берген құрылыс компанияларын арнайы реестрге кіргіземіз. Егер біздің тарапымыздан көрсетілген талаптар орындалмаса, заңнамада көрсетілген шаралармен қатар, арнайы тексеру жүргізу жөнінде Бас прокуратураға ұсыным хат жолдаймыз, – деді аудан прокуроры Біржан Мажренов.
Айгүл УАЙСОВА