«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Оқыған қыз орнын тапты ма?

0 159

«Оқы, оқы және оқы» деген сөз қазақ қызының санасына сіңгені соншама, өмір бойы оқудың ізінде келеді… Осы оқудың соқпағына мектепте жүргенде түсіп кеткен-ді. Қыз­дарымыз намысшыл болып келе ме, әлде оқу тез қона ма, «оқы, оқыны…» айтқызбай орындайды.

Білгіштің екпінінен ыққан ұлдар олардан аулақ жүруге тырысатын. Оқымыс­тылығынан қаймығатын да еді. Оқу десе қамшы салдырмайтындарға ерік беріп, мұғалімдер де көп қолпаштайтын. Қоғамдық жұмыс тағы бар, екі мезгіл мектепке қатынайтындар үйге көмектесу, ас дайындап, үй жинап, шаруалармен айналыса бермейтін. Өйткені оған уақыты жоқ. «Бос» нәрсемен айналысу оқымысты қызға жараспайды. Ұлдардың ізденуіне енжарлықтың басталуы осы қыздардың да қатысы бар. Мектеп бітіргенде жоғары оқуға түсуге ұмтылатындар да қыздар еді.
Оқу қуып, ұлы дүрмекке түскен қыздар не ұтты, нені жоғалтты? Алдымен инемен білім қазатын машинаға айналды. Қыз баланың алдымен ана, азаматқа жар болатын міндетіне мән бермеді. Азаматтан артық тумаса да, теңбіз деді. Қылығымен емес, біліммен озамыз деді. Озды да. Әу баста еркектің қабырғасынан жаралған жаратылысын мойындамай, ерлердей күшті екеніне сенді. Ер-азаматты да, білімімізді де алға тартып, сендіруге тырысты. Жаратқанның әйелге берген жақсылықтарының парқын білмей, мойынсұнуды кемдік көрді. Ақырында жалғызбасты еркекшора дүбәра пайда болды. Ер-­азаматтың мысын басып, алтын басын төрге шығаратындар кем болды. Тәрбиесі аз оқымыстылардан ерлер де жапа шекті.
Оқымысты қыздар өз қатарын білімімен бағалайды. Өзінің білімімен теңдес еместігін, ақылы мен өзі жеткен белестен төмен болса, адам қатарынан лезде шығарып тастайды. Ал өзіндей ақылды, әрі білімді жігітке ондайлардың керегі жоқ. Бір үйге біреуі жетеді. Керісінше, азаматтың жағдайын жасап, баласын тәрбиелейтін қамқоршы керек. Сонымен елдегі, шетелдегі бар оқуды тәмамдап болғанда отыздан асып кетеді. Қызметі бар, бой-тұлғасы да, ажар-көркі де бір басына жарасқандай. Мұндай қызға жігітті қайдан табамыз? Сондықтан да ғылым қуғаннын көпшілігі отырып қалады. Осы мәселені үнемі көтеріп жүрген белгілі психолог Шырын Оразбаеваның зерттеу жұмыстарына назар аударсақ, оқып-тоқып жүргенінде отызды алқымдап қалғандардың 30 пайызы ешқашан есік көрмейді екен. 1999 жылы жалпы халықтық санақ кезінде 25 жасқа дейінгі бойжеткендер он жыл өткеннен кейін де тұрмысқа шыға қоймаған.
Отызында гүлі ашылмаса, әрі қарай 35-40 жасында да орнын таппайды. Психологтың айтуынша, отбасы бақытын іздеудің орнына оқу оқып, қызметке алданып жүргендер күш-қуаты қайтқанда жалғыздықтың дәмін татпақ.
«Оқы, оқы» деген ата-анасы да ойға қалады. Кезінде алдымен оқуыңды бітіріп ал деп жасында жан-жағына қаратпаған. Осындай қысымның салдарынан табиғи түйсігі оянбағандар да бар. Одан кейін соншама жыл бекерге үйде отыру үшін оқыдың ба деп тағы да отқа май тамызамыз. Ақырында оқудың қызығы басылып, қатарының баласы мектепке барғанда «кім болса да тиіп ал, бала сүй» деп өзі дайын емес міндеткерлікке итереді. Қыз күйеуге шығады, бала туады. Бірақ мұндай өмірге дайын емес. Соншама жыл жүргенде тапқаны осы ма деп айналасындағылар сыпсыңдайды. Сонымен не керек, оқымысты қыздың компьютерінде бір кілтипаны жұмыс істемей қалғандай. Жасынан оқы, оқы деп жанықтырмай, қыз мұратын түсіндіріп, отбасының берекесі қолында екенін, азаматты аялау­дың, әулеттің тұқымын көбейтудің, отбасылық өмірдің қызығын көріп, үбірлі-шүбірлі болудың жолын неге айтпаймыз? Азаматқа қорған бола біліп, басын төрге шығара алатын қыздың қасиетін өзінен жасырдық. Байғұс қыз оның не екенін білмей өсті. Байға тиіп бола қаламын, тола қаламын деп ойлады. Ондай құқықты өзіне қалап алған. Өйткені оқыды ғой. Бірақ бұл оқу оған ондай мүмкіндік бермейді. Бәрі керісінше. Бар білген оқуыңды жинап қойып, керек жерінде көкірегіңді басып, әлсіз де бола білуі керек. Ата-енеңе дипломың емес, диплома­тияң керек. Сыйлай біл, сыйлата біл. Мұның оқуы жоқ. Бұл тәрбиемен өз ортасының көргенімен келеді. Оқыған қыз «бәрің жабылып менің жағдайымды жасайсыңдар» деп тепсіне келсе, оқымаған қыз осы әулеттің келіні болып, өсіп-өніп, көгеремін деп келеді. Жылдап жоғары оқу орнын бітірмей-ақ, колледж бітіріп, бір кәсіпке икемделіп, отбасы – ошақ қасының тәжірибесін жақсы меңгергеннің дұрыс екеніне көбіміздің көзіміз жетті. «Қыз мұраты – кету» деген сөздің орнына «қыз мақсаты – оқуды» алға оздырдық.
Міне, содан бері «оқы, оқы және оқы…» ізімізден қалмай келе жатыр. Осы тәрбиеден өткен өзіміз де қызымызға оқы, оқы деп қинаймыз. Оқудың түбіне жеткен бар ма екен? Бақытты өмір сүруге көп білімнің қажеті жоғын түсінетін кез келсе, қыздарымыздың бақыты баянды болар ма еді?!
Айта берсек, қатарынан кем болмасын, тіпті басып озсын деп, елу-алпысыншы жылдары қазақ қыздарын педагогикалық-медициналық білім беретін оқу орындарына түсіретін. Оның өз кезеңінде қажеттілігі де болды. Дегенмен үйлесімді ұстап тұратын. Оның дәлелі ретінде атақты «ЖенПИ»-дегі әдемі дәстүрді айтайын. Яғни жігіттері басым келетін, ауыл шаруашылық және ветеринарлық институттың студенттерімен бірлескен кеш ұйымдастыратын. Нәтижесінде бес жыл білім алып, ұстаз бен ауыл шаруашылығының маманы ауылға жол тартатын. Осы кезеңдерде бұл мамандар ауылдың қаймағының бұзылмауына да үлкен үлесін қосты.
Алайда жылдар өте келе, осылардан туған балалардың көңілі астанаға ауа бастады. Кенттену басталып, ауылдың қадірі қашты. Бес жыл болса да қаланың ауасын жұтып қалған ата-­анасы баласының ауылдағы бейнетті көрмегенін қалады. Оған қол жеткізетін не? Әрине, оқу. Оқы, оқы осыдан басталды. Яғни ата-­ананың орындалмай қалған арманын жалғастырушы болып, келесі ұрпақ білімге ден қойды. Одан кейінгі кезең де естеріңізде болар. Кеңес ыдырап, дүние төңкерілгендей болды. Жабық есіктер ашылып, шетел де бізге таңсық болмай қалды. Ауылда шаруасын түзеп, бар жиғанын баласына сақтаған ата-ана енді көздерінің қарашығын шетелге одан қалса, екі-үш университет оқытуға жұмсады. «Аштан өліп, көштен қалудың» қаупі жайлағанда да ата-ана бар мүмкіндігін қыздарының білім алуына жұмсады.
Қыз бала білім қуып, сосын оның нанын жеймін деп түзде жүрсе өз таңдауы дерсіз. Рас, қыз оқытқанның бірі менмін де.
Бірақ осы қайтаруы қиын адуынды үдерістен не ұттық деп тағы ойланамын.
Бір қарағанда баламыз­ға білім ал дегенімізден ұтылған жоқпыз, қыздарымыз білімді, бір кәсіпті дөңгелетіп жүр, абыройсыз да емес. Бірақ отырып қалды –ау деп ішім удай ашиды. Соңғы кезде сәнге айналған жайт бар. Жалғыз қалғанша, бала тауып алсын делік. Оны ойламасам жүрегімнің тұсы шаншиды. Осы ахуалына бала қосылса оны жеткізем деп жүріп, оған қалай тәрбие бермек. Демек, бұл да дұрыс емес. Ақырында ойым онға бөлініп, қай жерден ағаттық жасағанымды түсінуге тырыстым.
Яғни көзімнің қарашығындай жалғыз қызыма күйеуге шығып, отанды болып, жақсы жар, адал келін, бақытты ана бол деп айтпаппын. Мұның бәрі құндылық емес, адам бағасын түсіретін кемшілік деп көріппін. Осыдан барып, бармағымды тіс­теп отырмын.
Естеріңізде болса, оқыған қыздың алды Раушан-коммунист шығар. Осы бір санадағы ұлы төңкеріс қазақ қыздарының отбасы-ошақ қасындағы басты міндетінен айырды. Бүгінгі қыздардың күйінде осы иедология­ның уыты жатыр. Оған алданып қалған өзіміз. Әйтпесе, көрші өзбек, тәжік ағайындар қыз­дарына алдымен тұрмысты болып, ерін сый­лап, бала сүюге тәрбие­лейді. Баласын ұлттық рух­та тәрбиелеп, шеттілде сай­рамағанын қалайды, тек өз әулетінің ғана емес ұл­тының азаматын өсіріп тәр­биелеуге өмірін арнайды. Осындай ұстанымы бар елдің азып-тозғанын байқамадық. Керісінше, отыз-қыр­қында тұрмыс құрып, жас ғұмырында сайран салып өтетін жағдайы жақсы еуропалықтарға еліктеп барамыз. Өкінішке орай, төрт құбылаңды түгендеп қойған Еуропада өмір сүріп жатпағанымызды ойламаймыз. Бо­ла­шағымыз, ұлтымыздың тәрбиелі азаматтарын өсі­ретін қыздарымыздың қолында екенін тағы да еске сал­ғым келеді. Ұлы міндетті орын­дауға жеті елді шарлап, жеті тілді меңгерудің қажеті аз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды