Оқы» деп айтсақ, айып па?!…

0 399

Осы күні ересектерге газет-журнал, оқушыларға кітап оқы деп айтуға жүрексінетін болдық. Әркімнің еркі өзінде, дегенмен мәжбүрлеп насихаттап жатса да артық емес, орынды дер едім. Өйт­кені «оқы, оқы және оқы» деген пайғамбарлар заманынан келе жатқан сөз маңыздылығын жоймақ емес. Бүгінде қоғам қарайып бара жатыр, себебі газет-журнал оқымайды, содан да болар, талғам жоқ. Талғамсыздарға газетіңнің, кітабыңның керегі не? Бірақ бәрі де пікірін білдіріп, әлеуметтік желінің қазанын қайнатып, барды-жоқты ермек етіп пост жазып, бір көрініп қалғанға қарсы емес. Кәсіби маман болған соң, қалам кім көрінгеннің қолында кеткесін жүрегіміз ауырып бас шайқаймыз. Тіпті, сол желідегі былапыт араласқан жазбалар да «ағартушылық» қызмет атқарып жатқанын қайтейік… Ғасырлар бойы газеттер шығып жатыр, «Айқап», «Қазақ» басылымдарының ізін жалғаған ұлы көште талай қоғам қайраткерлерінің ізі қалды. Ендігі жерде, өміріміздің жартысын осы газет-журналға сарп еткен, біздер газет жаздырып оқы деуге жүрексінетін жағдайға жеттік. Бұрын бұл науқан оқырмандармен кездесіп, арқа-жарқа әңгіме айтылып, сыр бөлісетін мерекелік көңіл-күйге ұласушы еді. Науқан басталғаннан әсіресе кейбір мұғалімдер мен оқытушылар өре түрегеледі. Мәжбүрлеп жаздырмақшы деп байбалам салады. Егер өз салаңызға қатысты оқуға міндетті, білуге тиісті дүниелердің жаздырып үзбей алып, оқып отырыңыздар деп үгіттесе неге жазықты? Ана тіліндегі газет-журналды ең алдымен ұстаз оқып бағаламаса, өзгеге не дейміз? Оның шәкірттері өскенде газет-журнал да жоғала ма?
Жұрт газет пен журналды ақпарат тарату құралы деп қана түсінеді. Бұл – газеттің бір ғана бағыты. Рас, елдің алға тартатын әлеуметтік желілер тек жаңалықтарды жеткізудің орнын толтырады, ал сараптамалық дүниелер, ғалымдардың еңбектері одан қалды газет-журналдың байырғы үлгілеріндегі түрлі сұхбаттар, мақалалар, репортаждар, суреттемелер мен эсселер тек газетте жазылады қағазға басылады. Қоғамдағы барлық оқиғаларға қатысты байыпты пікір де – осы газетте, оқырмандарына бағыт беріп, жөн-жобасына бағыттайтын да осы қағазға басылған дүниелер. Оны оқудың өзіндік ерекшелігі бар, оның адамға әсері де басқаша. Қағазға басылған соң дүние жоғалмайды, келер ұрпақтарға жететін аманаты да бар. Міне, осындай рухани, ағартушылық құндылықтардың бір көзінен бас тартқанда қайда барамыз? Тілдік орта қалыптастыратын, оны түзеп, жетілдіретін сәт сайын өзгеріс беретін сайттар емес, корректор мен редактор қолынан өтіп, қағазға басылатын газет-журналдар.
Мен осы күні газетті зордың күшімен жаздырып жатыр дегенге таң қалмаймын, жаздыртқан газеттерді оқымаймыз, отқа жағамыз дегендерге, оны мақтаныш көріп фейсбуктар жариялайтындардың өресіне таң қаламын! Тілі мен дәстүрін жауынгердей күзетіп, сақтап отырған жапон елінде 2 миллиондық таралыммен күніне екі рет шығатын газеттер бар.
Бұқаралық ақпарат құралдары – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Елді алға бастап апаратындар – жұрттың талғамын түзеп, жақсылықтарға ұмытылдыратын руханияттың бір бұтағы. Оның аяқасты болып жатқаны, қадірін білмейтіндердің қаулап өсіп, қараңғылықтың торлағаны ұлтымыздың ертеңіне қалай әсер етер деп алаңдаймыз…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + 17 =