ОҚУШЫЛАРҒА ДИСТАНЦИОНДЫ КАРТОЧКА БЕРІЛЕДІ

0 156

ats

«Astana Innovations» компаниясының басты мақсаты – Астана қаласын әлемнің «ақылды қалалар» рейтингіне енгізу. Елбасының «әлемнің дамыған 50 елінің қатарына ену» туралы тапсырмасын 2017 жылға дейін орындау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Талғат Әшіммен әңгімелескен едік.

– Талғат Серікұлы, елордамыз «Ақылды қалалар» қатарына ену үшін не істеу қажет?

– Әлемде «Smart city» деген түсінік бар. Ол «дамыған қала» деген мағынаны білдіреді. Өзге де халықаралық рейтингтер бойынша қаланың деңгейін анықтайтын өлшемдер бар. Қазір компания осы халықаралық рейтинг талаптарын кәсіби түрде зерттеп, анықтап жатыр. Кешенді зерттеулердің нәти­жесінде негізгі бағыттар анықталып, компания «Smart Astana» тұжырым­дамасын жасап шығарды. Осы жоба аясында 7 негізгі бағытта – «Ақылды білім беру», «Ақылды энергетика», «Ақылды басқару» сынды әртүрлі жобалар жүргізіледі. Қазір «Smart Astana» аясында қанатқақты жоба жүзеге асырылуда.

– «Ақылды қаланың» тұрғын­дарына қандай қолайлы жағдайлар қарастырылмақ?

– Жоба аясында тұрғындар бұл қалада күнделікті тұрмыста өзін ың­ғайлы сезінулері үшін жан-жақты жағдай жасалады. Ол әр түрлі салада: тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, пәтер иелері кооперативінің қызметіне байланысты болуы мүмкін. Электр қуатын тиімді пайдалануға, коммуналдық төлемдерді артық төлемеу сынды барлық тұрмыстық жағдай ешқандай кедергілерсіз жұмыс істеуі әрі оны әр тұрғын өзі бақылай алатындай болу қажет. Сондай-ақ, жоба аясында қандай да бір мәселелер туындаған жағдайда құзырлы мекемелер уақтылы әрекет ету үшін автоматтандыру жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, ата-аналар үшін балаларының мектептегі оқу үлгерімін қадағалау, медициналық мекемеге келгенде тез әрі сапалы қызмет көрсету керек. Өзіңізді аздап сырқаттанып қал­ғаныңызды сезіне тұра жедел жәрдем шақырудың аса қажеті болмайтын кез болады. Сол кезде сырқатыңызға байланысты дәрігердің кеңесіне жазылуыңыз үшін call – «113» орталығын құрдық. Бұл арқылы адамдар алдын ала дәрі­герлердің кеңесіне телефон арқылы жазылып, қандай дәрігерге бару туралы кеңес алады. Электронды медициналық карточкаңызды ашып, оны кез келген жерде, кез келген ауруханадағы немесе емханадағы дәрігерге көрсете аласыз. Бұрынғыдай қағазды өзіңізбен бірге алып жүрудің қажеті жоқ.

– Сонымен қатар, «Болашақ мектебі – бүгін» атты жоба жүзеге асырылуда. Бұл қазір қаланың қанша мектебінде бар?

– Әзірге он мектеп қамтылды. Осы жылы тағы да бірнеше мектепте жүзеге асады. Мектеп оқушыларына электронды дистанциялы карточка беріледі. Бұл жоба үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншісі, қауіпсіздік, яғни видеобақылау. Бұл мектептің барлық аумағында орна­ласырылған камера арқылы бір жерден бақылау жүйесі.

Екіншісі, турникет. Яғни, оқушының мектепке кірердегі магнит картасы. Бұл арқылы ата-аналар балаларының мектепке қай уақытта барып, қай уақытта шыққанын қадағалай алады.

Үшіншісі, электронды кітапхана модулы. Бұл кітаптар қорының электронды картотекасы. Электронды католог арқылы балалар өздеріне қажетті кітаптарды алып оқи алады. Осы карточка арқылы ата-ана баласының қандай кітап оқығанын білетін болады.

Сондай-ақ, «Е-асхана модулы» ұйымдастырылған. Қазір ата-аналар балаларын мектепке ақша алып баруға үйреткен. Бұл да бір түйткілді мәсе­ле­лердің бірі. Себебі, мектептерде үлкен сыныптағылардың ақша жинау мәселесі бар екенін білесіз. Бұл әртүрлі жағдайға апаруы мүмкін. Ата-аналарға балаларына мектепке ақша беруі қажет емес. Электронды карточкамен терминал арқылы бала асханадан өзіне қажетті тағамды алуға мүмкіндік жасалған.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + 4 =