ОҚУШЫЛАР САУЛЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ

0 128

picture-4373

1 қыркүйекте 13 мыңнан астам бала тұңғыш рет мектеп табал­дырығын аттамақ. Тамыздың соңғы күндерінде олардың дені дәрігер­лердің профилактикалық тексеруінен өтіп болыпты. Оның нәтижелері туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы Ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы Сәуле НҰРАШЕВАДАН сұрап білдік.

– Сәбидің жаңа ортаға тез үйренісіп кетуі үшін оның денсаулығы да түзу болуы керек. Сол себепті мектепалды дайындықтың қатарында балаға тіркелген емхананың учаскелік педиатрынан кеңес алып, дәрігерлердің тексеруінен өту аса маңызды. Ол үшін емханада Денсаулық паспорты, профилактикалық егу картасы толтырылады.

– Қандай дәрігерлердің тек­се­руінен өтуі керек?

– Невропатолог, хирург, көз дәрігері, лор, тіс дәрігерінің профилактикалық тексеруінен өтуі тиіс. Осы маман­дардың қабылдауына балалар кезексіз жіберіледі. Тамыз айынан бастап қалалық емханалар сенбі күндері де жұмыс істеді. Күніне 20-25 баланы тексеруден өтікзген кездері болды. Дегенмен, алғашқы сыныпқа баратын шәкірттердің 90 пайызынан астамы тексеруден өтіп, олардың денсаулық жағдайы анықталды. Нақтылай айтсақ, тамыздың екінші онкүндігіне дейінгі мәлімет бойынша 9 мыңнан аса бала дәрігерлік тексеруден өтті. Оның ішінде 6789 баланың дені сау, ал қалған 2247 баланың денсаулығында кінәрат бары анықталды. Олардың көбінде қызылиек, тіс ауруы бар. Көзі ауыратындардың саны көп. Сонымен қатар, анемияға шалдық­қандарды да анықтадық.

– Енді олардың денсаулығын түзеу үшін басқарма тарапынан қандай да бір шара ұйымдас­ты­рыла ма?

– Біріншіден оларға тегін стомато­логиялық көмек көрсетіледі. Яғни, бұл аймақтық емхананың учаскелік дәрігерінің жолдауы бойынша, тегін медициналық көмектің кепіл­дік берілген көлемі аясында жүзеге асырылады. Көзі ауыратындар офталь­мологтың бақылауында болады. Ал, басқа да сырқаты барларға тиісті дәрігерлік кеңес беріліп, қажетті ем белгіленеді.

– Қаланың шеткері елді ме­кендерінде тұратын балалар ор­талықтағы мектептерде білім алып жатады. Осындай жағдайда олар қалалық емханаларда тексеріле алады ма?

– Бұл ретте қаланың мектеп оқу­шылары оқу орны орналасқан аумағы бойынша қалалық емханаға тексеріле алатынын айтқымыз келеді.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 16 =