Оқушыға қос бірдей орталық

0 33

Нұр-Сұлтанда мектеп оқушыларының оқудан тыс уақытын өткізуге арналған қос бірдей орталық ашылды. Мұнда тоғыз жүздей жасөспірімді спорт түрлеріне баулып, қолөнермен шұғылдануға мүмкіндік бар.

– «Арқа ALAN» ұлттық спорт түрлері орталығында қазақ күресі, асық ату, бес асық, тоғыз құмалақ және шахмат спорт секцияларына 600-ге жуық бала қатыса алады. Ал Аrt Tumar сәндік-қолданбалы өнер орталығында тоқуды, зергерлік өнерді, ағашты көркемдеп өңдеуді, құрақ тігуді, кесте тігуді және тері мен саз өңдеуді үйретеді. Орталықтағы үйірмелерге 300-ге жуық бала тегін қатыса алады,– деп хабарлады қалалық Білім басқармасының басшысы Шолпан ­Қадырова. Екі нысан да сол жағалауда орналасқан. Бұған қоса күрделі жөндеуден кейін балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығы өз жұмысын бастады.
«Техникалық бағыттағы үйірмелер өскелең ұрпақ арасында үлкен қызығушылыққа ие. Сондықтан 250-ден астам баланы қамтитын техникалық шығармашылық орталық ашылады. Орталықтың филиалы Железнодорожный елді мекенінде, Жамбыл Жабаев көшесі, 27 мекенжайы бойынша жеке ғимаратта орналасады» деді Білім басқармасының басшысы.
Сондай-ақ елордада оқушылар арасында ұлттық ойындар мен ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған Altyn Urpaq жобасы іске қосылады, 80 мектеп пен 5340 жеткіншек қамтылды. Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін № 90 орта мектеп базасында тағы да орталықтың екі филиалы мен бір комьюнити-орталық ашу жоспарлануда.
Карантин шараларының күшеюіне байланыс­ты жалпы білім беретін мектептерде орналасқан қосымша білім беру ұйым­дары филиалдарының жұмысы тоқтатылды. Алайда 10 балаға ­дейін қамтылатын үйірме топтары өз жұмысын жалғастыру­да.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 4 =