Оқушы, сен де түзел…

0 87

Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылды. Жас кезімізде осы күнді күтетінбіз. Осы күннен көп нәрсе түйетінбіз. Бұл күн – алғашқы қоңыраудың сыңғыры мәңгіге есте қалатын күн. Бұл күн – тарыдай болып табалдырығын аттап, Отан-Ана алдында жауапкершілік арқалап, таудай болып сол табалдырығынан түлеп ұшатын қасиетті жер.

Ендеше әр шәкіртке үміт байлайтын салтанатты жиын қалай өтіп жүр, тіпті оның қажеті бар ма дегендей пікірталас туындап қалып жүр. Шіркеуге шақыратын құрал деп қоңыраудың үнін де көпсініп жүргендер жоқ емес. Олардың да уәжі бұрыс дей алмаймыз.
Дегенмен, осы жиын қаншалықты баланың жігерін жанып, талпынысын ұштап, рухын асқақтатады? Бұл жөнінде ойланбас па едім, егер осындай жиында билеп тұрған баланың видеосын көрмегенде… Алтыдан аз ғана асқан жетіге жетпеген баладан не сұрауға болады? Музыка шыққан жерде билеу керек деп әдетіне басқан да. Жаманы, отыз жыл «қара өрікке» билеп жүргеніміз аздай, мектеп табалдырығын енді аттаған мына бала да он жылын билеумен өткізіп, ізімізге ереді ме деп қорқып та кеттім.
Ал алғашқы күн несімен есте қалдыру керек. Мүмкін, форматын ауыстырған жөн болар. Қоңырауды артық көрсе, төгілген күйдің күмбірімен шәкірттерді мектепке шығарып салу керек болар. Күйдің кереметін алдымен түсінген тойдың иелері. Оны барып ет табақ көтерген жігіттердің кәдесіне жаратты. Жарасып тұр. Өйткені өзіміздікі. Бірақ күйді басқа жерде қолданбасын деген ұғым жоқ қой. Қазақта «тілашар» деген ырым бар, оның да жолын жасаса, несі жаман? Тек артық қыламын деп бездіріп алмасын деңіз.
Адамның рухын асқақтатуда рәміздердің жөні бөлек. Оны түсінген кішігірім компаниялар, банктер байрағын түзеп алды. Жалауы желбіреп тұрғанда мекемеге әркім де өзімсініп кіреді. Сондай жалау неге мектептерде желбіремеске?! Әр мектептің өз туы болмаса да барлығына бірегей етіп бір үрдіспен мектептер де туын тағайындап, білім күні мемлекеттік туымызбен бірге білім жалауын алғашқы қарлығаштар құрметіне көтеріп, желбіретер болар. Бұл, әрине, тойда отырғандай кезек-кезек ағытылатын қызыл сөздерді тыңдағаннан мың есе артық. Алғашқы күннің әсерін күшейтетін басқа да амалдар табылып, қонымдысы дәстүрге айналар. Ең бастысы, болашақ ұрпақтың алдындағы ақжолдың ашық болғаны, өз жолына жаңылмай түсіп, таудай азамат болып халқының қалқанына айналуы. Ол туралы ересектер біздер ойланбасақ, болашақтан аларымыз да олқылау болуы әбден мүмкін.
Биылғы жылдың жаңалығы болған «Ы» сыныбына дейін жетіп, жүректері алып-ұшқан сәбилердің көкірегіне отансүюдің шоғын тастай алдық па? Әлде, үш ауысымда сеңдей соғылысқан оқушылармен бірге «қара өрігімізді» сағыздай созып алаңсыз жүре береміз бе?!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − 4 =