Оқушы қауіпсіздігі – маңызды мәселе

0 30

Елордадағы оқушылардың мектептегі қауіпсіздігі мәселесі қала әкімінің мектеп директорларымен өткізген онлайн кездесуінде айтылды. Желідегі жиынның жайымен өз Instagram парақшасында бөліскен қала әкімі Алтай Көлгінов бұл бағытта бірқатар шаралар қабылданғанын жазды.Атап айтқанда, қала мектептері камералармен, дабыл түймелерімен, турникеттермен жабдықталған. Мектеп басшылары күзет ұйымдарымен арада шарттар жасасқан. Соған қарамастан әлі де шешімін күткен бірқатар мәселе бар.
«Біріншіден, барлық оқу орны бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Дегенмен бейнебақылау арқылы камера «көзі түспейтін» аймақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, күзет ұйымдарымен шарттар жасалды. Аталған ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейтуді тапсырдым. Себебі мұғалімдер мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Үшіншіден, жүгенсіз кеткен жасөспірімдер мен қиын жағдайға тап болғандарды анықтауда оқу орындарының қызметкерлері маңызды рөл атқарады. Мектеп психологтарының, медицина қызметкерлерінің және ювеналды полиция қызметкерлерінің жұмысын күшейту қажет. Сондай-ақ қоғамдағы моральдық құндылықтарды нығайту, сыныптардағы ахуалды жақсарту жөніндегі жұмыстарды тұрақты негізде жүргізу қажет. Төртіншіден, әр мектепте факультативті сабақтар өткізіледі, онда оқушыларға қауіп туындаған кезде өзін қалай ұстау керектігі түсіндіріледі. Бұл сабақтарға назар аударып, оған барынша байыппен қарау керек» деді әкім.
Ол жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Білім басқармасының басшысы мен мектеп директорларына қосымша жабдықтар сатып алу үшін тізімдерді ұсынуды тапсырды. Атап айтқанда, мектептерді қосымша бейнебақылау камераларымен, турникеттермен және басқа да арнайы техникамен жабдықтау қажет. Әкім Қазан қаласындағы мектепте болған қайғылы оқиғадан сабақ алуымыз керек екенін ескертті. Сондықтан оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігі мәселелеріне жауапсыздық танытпау қажет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 18 =