ОҚУЛЫҚТАРДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР

0 158

Жас ұрпаққа білім нәрін беретін басты құрал – оқулықтардағы олқылықтардың жырын жиырма жыл айтып тауыса алмай келеміз. Басқаны қойғанда еліміздің тарихын танытатын, ата-бабаларымыздың рухын ұрпаққа дарытатын тарих, әдебиет оқулықтарын қатесіз басуға неге болмасын?

окулык 2

окулык 1

Орта мектептің 5-сынып оқушыларына арналған «Қазақстан тарихынан әңгімелер» (Құрастырғандар: Ж.О.Артықбаев, Ә.Ә.Сабданбекова, Е.А. Әбіл. Алматы «Атамұра» 2010 жыл) оқулығында Семей атауының тарихын былай түсіндіріпті. «Семей атауы орыстың «семь палата» сөзінен шыққан. Ол жерде Ертіс жағалауында ерте кезде қимақтардың қонысы болған. Одан кейін ХVІІ ғасырдың басында қалмақтар жеті үй (дінге табынатын орын) салған. Қазақтар оны өздерінің тілдеріне бейімдеп, Семей деп атап кеткен». Сонда, Семей атауының түп төркіні орыс сөзі болды ма, моңғол сөзі болды ма?

Бірінші сөйлем бойынша «Семей атауы орыстың «семь палата» сөзінен шыққан». Дұрыс-ақ, бірақ үшінші, төртінші сөйлемінде «Одан кейін ХVІІ ғасырдың басында қалмақтар жеті үй салған. Қазақтар оны өздерінің тілдеріне бейімдеп, Семей деп атап кеткен» деп бірінші сөйлемдегі ойын жоққа шығарып, керісінше Семей атауы қалмақтың «жеті үй» деген сөзінен шыққан деп дөй дала сөйлейді. Бұдан оқушы не түсінбек? Оқулық құрастырған білікті мамандардың осындай мән-мағынасыз, жас ұрпаққа білім беру орнына, адастыратын дүниені  еліміздегі күллі мектептерге ұсынуы жауапсыздық қана емес, сорақылық қой. Бұл жерде Семей сөзіне моңғол тілінің ешқандай қатысы жоқ. Моңғолдар пұтхананы «кид» (хийд) деп атайды. Семей қаласындағы «Дорж кид», Өскеменнің іргесіндегі «Абылай кид» пұтханаларының Дорж, Абылай деген ламалардың салғызған пұтханалары екенін тарихшылар түгіл тарихтан хабары бар қарапайым адамдар да біледі.

Жалпы, оқулықтарға байланысты айтылатын сын – сан алуан. Соның ішінде кіретін шығармаларды, мәтінді таңдау, сұрыптау мәселесіне қатысты сынның жөні басқа. Әркім әртүрлі пайым жасайды. Біреуге ұнаған дүние екінші біреу үшін түкке тұрғысыз болуы мүмкін. Ал оқулыққа таңдалып алынған шығарманың мәтінін баспаға дұрыс баспай қателік жіберу тек жауапкершілікке байланысты екеніне ешкім дау айтпас.

Алматыдағы «Мектеп» баспасы 2005 жылы басып шығарған қазіргі қолданыстағы 9-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті хрестоматиясына» кездейсоқ көз жүгірткенім бар. Оқулықтың 164-бетіне 1675 – 1768 жылдары өмір сүрген Ақтамберді жыраудың жырлары беріліпті. Осы жырдағы:

«Жүз нарға кілем жаптырып,

Қазақстанның сәнін арттырып,

Ұзатып салсам сәнменен,

Көңілді хош таптырып», – деген шумақты оқығанда жыларымды да, күлерімді де білмедім.

Қалқам-ау, ХVІІІ ғасырда қайдағы Қазақстан?! Ақтамберді елінің, ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтағанда қазақтың Қазақстан деген ел болуын аңсамаған, сәуегейлікпен білмеген шығар. Құрастырған Ұ.Асылов, Т.Жұмажанова, Ғ.Бейсенбаев мырзалар, орфографиялық қателеріне жауапты корректорлар, оқулықты бекіткен Білім министрлігінің сарапшылары ай қараған ба?

Хрестоматияның келесі бетін аштым. Оқулық мәтіні бойынша Шал ақын  былай деп жырлапты:

«Мектепте сабақ алсаңыз,

Алуа, шекер, балмен тең» (166-бет)

Бәрекелді, қазақ балалары үшін алғаш мектеп ашқан Ыбырай Алтынсарин атамыздың өлеңдерінде болса қайдан білейік, ұлы Абайдың өлеңдерінде де мектеп деген сөз жоқ. «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» дейді. Өйтсе, 1700-жылдардың соңында өмір сүрген Шал ақынның жырындағы «мектепке» сөзіне күмәнданып, (тіпті күмәнданып емес, қателік екенін біліп) ауыз әдебиеті өкілдерінің, жыраулардың еңбектері енген өзге кітаптарды парақтадық. Сөйтсек, Шал ақын «мектептен» демепті, «молдадан сабақ алсаңыз» деген екен. («Шешендік шиырлары» 221-бет, Алматы «Қайнар» баспасы. 1993 жыл)

Оқулықтың келесі беттерін ашуға батылым бармады.

 

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − three =