Оқу жылы қашықтан оқыту форматында жалғасады

0 226

Бірінші тоқсан еліміздің барлық мектептерінде 1-11-сыныптарды қашықтан оқыту форматында басталады. Тек шалғайда орналасқан шағын жинақты ауылды мектептерде жағдайға қарай мектепке қатынап оқитын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен онлайн брифингте Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.Білім министрінің айтуынша, бастауыш сынып оқушылары ата-аналары­ның өтініші бойынша, ахуал жақсарған жағдайда, қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Өйткені биыл елімізде мың­даған бала мек­теп табалдырығын бі­рінші рет аттағалы отыр.
Ал елордада биыл оқу жы­лында 1-сынып­қа 27 мың­нан аса бала барады екен. Алдағы уақытта пандемия­ның төмендеуіне және халықтың денсаулық деңгейі тұрақталуымен байланыс­ты, мектептерді ақырындап аралас оқыту және штаттық форматта оқытуға көшіру жүргізілетін болады.
Ведомство басшысы өз сөзінде қашықтан оқыса да, балалар оқулықпен түгел қамтылатынын айтты. «Біз оқулық жеткізу және басып шығару бойынша жұмыстар жүргіздік. Қашықтан оқу форматына қарамастан, оқушыларды оқулықпен қамтамасыз етеміз. Бұл өте маңызды. Қашықтан оқитынына қарамастан, әр оқушының қағаз түріндегі оқулығы болуы керек» дейді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Министрдің айтуынша, бүгінде жаңа оқулықтарды аймақтарға жөнелту жұмыс­тары басталды. «Былтыр жыл соңында шығарылған оқулықтарды да тамыз айынан бастап өңірлерге жібереміз. Адамдар көп жиналып қалмайтындай етіп ұйымдас­тырамыз». Бұл жұмыстар арнайы кес­те жасалып, сол бойынша атқарылады. Қажет жерде мұғалімдер өздері және еріктілер де көмектесетін болады.

Мектеп формасы міндеттелмейді

Оқу жылының басын қа­­шықтан оқу жүйесімен бас­тағанмен, эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанда, оқушылардың мектепке баратыны анық. Сондықтан жыл ортасында ата-аналар сабылып киім іздемеу үшін алдағы оқу жылында мектеп формасын киюді уақытша міндеттемейтін болды. Бұл туралы да Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
– «Мектеп формасы» ұғымы мен оның қағидаты және оған қойылатын талаптар мүлдем жойылмайды. Тек біз жаңа бұйрыққа төтенше жағдай мен карантин немесе шектеу шараларына қатысты арнайы ескертулер енгіземіз. Яғни осындай кездерде балалар мектепке ұқыпты классикалық киіммен келуіне мүмкіндік беруіміз керек, – деді министр.
Сондай-ақ ол егер қазіргі кезде ата-ананың мектеп формасын алуға мүмкіндігі болмаса, балалар классикалық үлгідегі қарапайым киіммен қамтамасыз етілуі керек. Бұл шешім қазіргі жағдайда өте маңызды екенін де атап өтті.

Құжат тапсыру мерзімі ұзартылды

Жоғары оқу орындары мен колледждерде оқыту қашықтан оқыту режимінде ұйымдастырылатын бо­лады. Дәстүрлі формат тек жеке кесте бойынша зертханалық жұмыстар, өнді­рістік оқыту және кәсіби практика үшін болады. Ал шалғайда орналасқан колледждерде оқушылардың аз болуына байланысты санитарлық режимді нығайта отырып өткізіледі. Айта кетейік, карантин режимі жағдайында талапкерлерге ыңғайлы болуы үшін БҒМ білім беру грантын таға­йындау конкурсына қатысу үшін өтініштерді қабылдау мерзімін ұзартты. Құжаттар 20 шілдеге дейін емес, 25 шілдеге дейін қабылданады. Мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін талапкер egov.kz «электронды үкімет» порталы арқылы үш-ақ құжаттарды тапсыру қажет. Олар: өтініш, білімі туралы құжат, жеке куәлік көшірмесі. Ал елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты медициналық анықтамалар уақытша талап етілмейді. Ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаты электронды форматта берілетін болды. Өйткені сертификат жүйеде автоматты түрде пайда болады, сондықтан оны egov.kz-ке жүктеудің қажеті жоқ. Конкурс нәтижесі бойынша мемлекеттік гранттың берілгені туралы электронды сертификат ұсынылады. Талапкерлерге қағаз сертификаттарды алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Гранттарды тағайындау форматы өзгерген жоқ, яғни маусым айында өткен ҰБТ қорытындысы бойынша үміткерлер мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысады. Осы жылы гранттар оқу тіліне байланысты болмайды. Жоғары оқу орындарына талапкерлерді тамыздың 10-25 аралығында оқуға қабылдайтын болады.

Гүлжанат АСАНОВА, Нұр-Сұлтан қаласы №67 мектеп-гимназиясының директоры:

– ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2020-2021 жаңа оқу жылының басталуы туралы нақты шешімді жариялады. Биылғы жаңа оқу жылын қыркүйек айында қашықтан оқу үрдісінде бастайтын болдық. Бұл – оқушылардың қауіпсіздігі, денсаулығы үшін маңызды шешім. Еліміздегі пандемияның әлі басылмауы мектеп оқушыларының дәстүрлі үрдісте оқуына аса қауіпті екенін ата-аналарымыз да жақсы түсінеді. Төртінші тоқсанда жедел қашықтан оқу форматында оқығанда бірқатар қиындықтар болған еді, бірақ мектеп сол кездескен кедергілерді бірлесе оңтайлы шешімін тауып, дер уақытында түзетулер жасап, жақсы аяқтап шыққан едік. Министр мектептердегі барлық жағдаяттарға жан-жақты талдау жасап, жаңа оқу жылына қашықтан оқу форматын тиімді ұйымдастырудың жоспарлы іске асатынын, нақты қадамдарын айтып өтті. 20 шілдеден бастап қашықтан оқудың әдістемесін үйрену үшін тағы да мұғалімдерді даярлау курстары басталады. Бұл – мектеп мұғалімдері үшін үлкен әдістемелік әрі акт құзыреттілік деңгейін жетілдіруге мол мүмкіндік. Қазіргі қашықтан оқу үдерісін тиімді бастау үшін мұғалім мен оқушыларымызда қажетті компьютер, ноутбукпен қамтамасыз етілуі де маңызды сұрақ болып отыр. Дегенмен былтырғы тәжірибемізге қарағанда, қашықтан оқытуда біршама жақсы іс-әрекеттер ұйымдастыруға, бірлесіп жасауға болатынына көз жеткіздік. Сондықтан қашықтан оқуға жан-жақты даярлануда ата-аналарымызбен кеңесіп отырмыз. Қазір ата-аналарымызға мектеп формасына да қатты алаңдамауына болады. Қашықтан оқу үрдісіне көшсек те, бас­ты міндетіміз – сапалы білім беру, сондықтан мектеп мұғалімдері қашықтан оқытуды жетілдіру үшін білім беру платформаларында еркін жұмыс жасау мақсатында арнайы курстар жоспарлап отырмыз.

Жеңісгүл НҮСІПЖАН, Нұр-Сұлтан қаласы №74 мектеп-гимназиясының директоры:

– Тікелей эфирде өткен брифингті тыңдадым. Тыңдармандар нақты және қажетті сұрақтарға жауап ала алды. Білім саласы бойынша, оның ішінде орта білім туралы да толық ақпарат берілді. Қазіргі таңда жаңа оқу жылына мектебімізде үлкен дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Егер бас­тауыш сынып ата-аналары өздерінің жеке өтініштері бойынша мектепке балаларын оқытқысы келсе, біз барлық санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтай отырып, берілген нұсқаулықтар бойынша оқытамыз. Сондықтан мектепке тазарту құралдарын (арнайы градусник, антисептик, кілемше, перчатка, маска) толық қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
Әрине, сонымен қатар қазіргі таңда қашықтан оқыту кезінде барлық оқушыларды техникалық жабдықтармен (роутер, компьютер) қамтамасыз ету мақсатында да жұмыстарды бастап кеттік. Кемінде әрбір екінші баланы компьютермен қамтамасыз етуді қарастырып жатырмыз. Бұл сұрақ осы айда шешімін тауып, толық аяқтау басты жоспарда тұр. Мұғалімдеріміз алдыңғы оқу жылында бірнеше платформа бойынша жақсы жұмыс атқарып шықты, осы орайда мұғалімдерімізді қосымша онлайн негізде бірнеше курстардан да оқытып алдық.
Өткен оқу жылында кеткен кемшіліктеріміз бойынша көптеген жұмыс түрлерін қарастырып отырмыз. Мұғалімдер мен оқушылар арасында байланыс әртүрлі жолдармен жүзеге асырылды. Оқушыларымызда компьютерлік сауаттылықтың жеткіліксіздігі, АКТ-ны толық меңгермей, бастапқыда қиыншылықтар болғанын жасырмаймыз. Мұғалімдеріміздің қажыр­лы еңбегінің арқасында оқушыларымыз да, ата-аналарымыз да қашықтан оқыту кезінде мобильді болуды үйренді. Дер кезінде ата-­аналарымызға, оқушыларымызға онлайн курс жүргізудің арқасында бұл кемшілікті шештік.
Қашықтан білім алушы оқушыларымыз кейбір оқу материалдарын дербес оқиды. Бұл ерік-жігер, жауапкершілік пен ұстамдылықты талап етеді. Сырт­қы бақылаусыз оқудың қарқыны төмендейді. Осы мақсатта да мектеп психологтары әр сынып оқушыларымен байланыста болып, қажетті көмек көрсете білді. Алдағы уақытта да барлық оқушылармен жеке жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз.
Қашықтан оқытудағы кем­шіліктердің бірі практикалық білімнің жетіспеушілігі болды. Практикаға көбірек бағытталған пәндерді қашықтан оқыту қиынға соқты. Осы оқу жылында бұл кемшілікті болдырмау үшін мектептегі білікті ұстаздарымыз арнайы жоспар жасап, әдістемелік жағын қарастырып, арнайы материалдар дайындап жатыр.
Оқушылардың мектеп формасын қазіргі уақытта алудың қажетсіз екенін, ІІ тоқсанда мектепке келген күннің өзінде бар формасымен келуіне рұқсат берілетіні және бастауыш сыныптардағы ата-ана өтініші негізінде кезекші сыныптардың қатаң талаптарды сақтай отырып жұмыс істейтіні туралы, мұғалімдердің біліктілік тест­тері туралы өте дұрыс та нақты жауаптардың берілуі алдағы оқу жылын дұрыс шешім негізінде бастайтынымызға деген сенімділік ұялатты.
Қазіргі уақытта барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, тиісті деңгейде балаларға білім беруміз – ең негізгі мақсаттың бірі. Ең бастысы, аман болайық!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × two =