Оқу түбі — озу

0 93

Елбасы Жолдауында білім сапасын арттыруға айрықша мән беріп: «бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болуы үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керектігін, балаларымыздың, жалпы, жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажеттігін» деп атап көрсеткен.

Мемлекет басшысының айтқан тапсырмаларын орындауға елордалық білім саласының мамандары да барынша еңбек етіп жатыр.

Астана қай жағынан да өзге өңір­лерге үлгі болуы қажет. Білімді де бі­лікті, ой-танымы кең ұрпақ тәрбиелеу жағы­нан да Астана алдыңғы қатардан көрі­нуі тиіс. Бас орданың мұғалімдері мен оқу­шылары өздеріне артылып отыр­ған сенім мен жауапкершілік жүгін жақсы түсінеді. Қандай сайыс­тарда болсын елордалық өрендердің оза шауып, бәйге алуы – соның айқын көрінісі. Ұлттық бірыңғай тестілеуде де аста­налық оқушылар жоғары нәтиже көр­сетіп келеді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін қа­лалық Білім басқармасының мәлі­мет­теріне жүгінелік.
Былтырғы жылды қорытындылаған сөзінде басқарма бастығы Әсима Бимендина 2012 жылы елордалық жеткіншектер ой-өріс деңгейін бағам­дайтын зияткерлік сайыстарда 85 медаль иеленгенін айтады. Ол ол ма, өрен­дер өз отандастары ортасында ғана емес, шетелдік замандастары арасында да бәйге оздырып, қарым-қабілетін таныта білген. Былтыр оқушылар Үндістан, Бразилия, Ресей, Қытай, Румыния, Кипр, Грузия, Түркия сынды көптеген елдердегі халықаралық байқауларға, ғылыми жарыстарға қа­тысып келген екен. «Шет мемлекеттерде жыл сайын өтетін жарыстарда бақ сынау – үлкен абырой. Мұндай әлемдік деңгейдегі жарыстардың жолдамасы нағыз мыңнан тұлпар шыққандарға ғана беріледі. Оқушыларымыз сенімді ақтады. Халықаралық сайыстарда 85 медальді қанжығасына байлап қайтты. Соның 14-і – алтын, 35-і – күміс, 36-сы – қола медаль», – дейді Әсима Темкеқызы.

2012 жылы қазан айында Бра­зи­лияның Новогамбург қаласында жалпы білім беретін пәндерден өткен XXVII «Mostratec» халықаралық ғы­лыми жобалар жәрмеңкесінде Қазақ­стан командасының намысын қор­ғаған 25 оқушы 5 алтын, 7 күміс медальді жеңіп алған. Бұл ғылыми жоба жәр­меңкесіне 50 мемлекеттен 1500 өрен қатысқан екен.

Басқарманың мәліметіне сәйкес, №60 мектеп-лицейінің оқушысы Ақжан Жолдымұратова және дарынды ер балаларға арналған қазақ түрік лицей-ин­тернатының оқушылары Абай Қожа­бергенов, Данель Арапов, Нұрлан Әлішер, Айдар Жетеновтың ғылыми жұмыстары ең үздік жоба ретінде танылған. Енді олар биыл Аргентина қала­сында өтетін халықаралық ғылыми жо­балар конкурсына қатыспақ.

Ал, республикалық ғылыми жобалар жарысында Астана қаласының қатысушылары жалпы командалық І орынды иеленіп, «Жылдың үздік командасы» атанған.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − ten =