ОҚУ ҚҰРАЛДАРЫ ҮЛЕСТІРІЛДІ

0 192

IMG_4838

Биыл «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы үшін жергілікті бюджеттен 177 миллион 940 мың теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр. Бұл туралы кеше «Бәйтерек» халықаралық медиа-орталығында өткен баспасөз-мәслихатында Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Қасымхан Сенғазиев мәлімдеді.

Баршаға аян, «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен жеті жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Әлеуметтік бағыттағы шара биыл «Балаға мейірім сыйла!» ұранымен өткізіліп отыр.

Білім басқармасы өкілінің айтуынша, осы жылғы іс-шаралар Қазақстан Республикасы БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялауының 20 жылдығына арналған.

Белгілі болғандай, өткен алты жыл ішінде Астана қаласында «Мектепке жол» акциясы аясында 23 000-нан аса балаға 208 миллион 329 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіліпті. Оның ішінде 167 миллион 305 мың теңге бюджет арнайы қордан алынса, 39 миллион 700 мың теңге шамасындағы қаражат меценаттар тарапынан жұмсалған. Бұл қатарда «Нұр Отан» партиясының жергілікті өкілдігі, Дін істері агенттігі, «ҚазТрансГаз» АҚ, «Альянс Банк» АҚ, «Цесна банк» АҚ, сонымен бірге, «КZ» және «Дар» қоғамдық қоры мен Астана қаласының орталық базары да акцияға тұрақты қолдау көрсетіп келеді.

Білім басқармасы басшысының орынбасары мәлімдегендей, бұл акция балалардың тегін білім алу құқын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған. Өйткені, тұрмыс таршылығына кеп тірелетін әртүрлі себептермен мектепке бара алмай қалып жүрген балалар баршылық. Сөзімізге дәлел: бір ғана 2013 жылы білім және ішкі істер саласы мамандарының арнайы рейд жүргізуі барысында жағалай қарап өткен 65 847 пәтердің өзінен мектепке бармаған, мектеп жасындағы екі бала анықталған. Қайырымдылық шарасы аясында ол балалар қажетті оқу құралдары мен мектеп киімдерімен қамтамасыз етіліп, мектепке бара бастады.

Жалпы 2013 жылдың өзінде көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, сондай-ақ асыраушысы жоқ 6256 балаға және 250 мүгедек балаға 23 миллион теңге шамасында көмек көрсетілген.

Соның ішінде, 2013 жылы жергілікті бюджеттен орта білім алып жүрген жағдайы төмен балалар үшін 169 миллион 345 мың теңге бөлінсе, 2014 жыл үшін 177 миллион 940 мың теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр.

Биыл дәстүрлі түрде 1 тамыз күні басталған «Мектепке жол» акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Қаладағы аялдамалар мен көпшілік орындарда шара жөніндегі құлақтандырулар ілініп, үш аудан мен саяжайларда да рейд жүргізіледі. Ал ірі сауда орындарында шараны іске асыру мақсатында арнайы бутиктер қызмет істеп, №13, 45, 55 мектепте айына екі рет халыққа кеңес өткізіледі.

Мектеп мұғалімдері, ата-аналар, білім басқармасы мен ішкі істер басқармасы өкілдері қатысқан кешегі жиында қайырымдылық акциясының алғашқы сыйлықтары таратылды. Биыл мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндерге 18 мың теңге көлеміндегі қаражатқа мектеп құралдары үлестірілді.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − three =