©2020 Астана Ақшамы
Оқу қолжетімді болса…
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын халық ыстық ықыласпен қабылдап отыр. Себебі әр бастаманың астарында қоғамдағы түйткілді мәселелердің шешімі тұр.
Елбасының осы бес бастамасының ішіндегі жоғары білім беру, жастарды қолдау бағытындағы мәселелерді ерекше атап өткім келеді. Өйткені жас ұрпақ – еліміздің келешегі, мемлекетіміздің жарқын болашағына кепіл болатын негізгі күш. Барлық бастама ауқымды әрі әрқайсысында маңызды мәселелер қарастырылған.
Мемлекет басшысы бірінші бастама ретінде қазақстандық әр отбасының баспанаға қолжетімділігін қамтамасыз ету қажетін айтты. Оның сөзінше, бұл үшін үй алу кезінде азаматтарға берілетін несие пайызын 7 пайызға дейін, алдын ала төлемді 20 пайызға дейін азайтып, ал несиені өтеу мерзімін 25 жылға дейін ұзарту керек. «Екіншіден, салыстырмалы түрде төмен жалақы алатын жұмысшылардың табысын молайту үшін салық жүктемесін он есеге азайтып, 1 пайызға түсіру керек. Бұл бастаманы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асыруды ұсынамын» деді Президент.
Елбасы, бұған қоса, үшінші бастама ретінде жоғары білімге қолжетімділікті арттыру және оның сапасын көтеру қажетін айтты. «2018-2019 жылдары әр жылға қосымша 20 мың грант бөлуді ұсынамын. Колледждер мен университеттер 2022 жылға дейін жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде кемінде 25 мың орындық жатақхана салуы керек» деді.
Президенттің төртінші бастамасы шағын және орта бизнеске дем беріп, жаңадан бизнес бастағандарға қолдау көрсету үшін жеңілдетілген шағын несие көлемі туралы болды. Ол 2018 жылы жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыру үшін қосымша 20 миллиард теңге бөлу керегін айтты.
Бесінші бастама деп Президент Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарына газ тарту керегін баса айтты. Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлеріне ғана газ тартылғанын айтқан Президент орталық және солтүстік облыстарға бір жарым жыл көлемінде газ тарту міндетін қойды.
Елбасымыздың елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, қарапайым халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға баса назар аударып отырғаны оның көрегендігінің кезекті көрсеткіші десек болады.
Құралай ТІЛЕУЛИНОВА,
Президент жанындағы «Қоғамдық келісім»
мемлекеттік мекемесінің аға сарапшысы,
Астана қаласы