Оқу – онлайнмен

0 48

«Карантин кезінде ата-аналар мүмкіндігінше балаларды сыртқа шығармауы тиіс». Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова айтты.Кеше ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ­Біржан Нұрымбетов Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин енгізілуіне байланысты балабақшалардың жұмысы тоқтатылғанын мәлімдеді.
Елордадағы жалпы білім беру мекемелеріндегі шаралар жайлы Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы мәлімет берді. «Ағымдағы оқу жылында білім беру ұйымдарының саны – 117. Оқушылар контингенті 182,279 мың баланы құрайды. Білім беру ұйымдарының басшыларымен және ата-аналармен қауіпсіздік ережелері туралы жедел кеңес өткізілді. Барлық жалпы білім беретін мектептер 100 пайыз интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етілген, КҮНДЕЛІК.КЗ жүйесі жұмыс істейді. Оқу процесі онлайн түрінде жүргізіледі» деп түсіндірді басқарма басшысы.
Қазіргі уақытта қаладағы барлық колледждер мен студенттік жатақханалар дезинфекция құралдарымен қамтылған. 9 мыңға жуық студент үйлеріне жіберілді. Білім алушылар силлабустармен, жұмыс бағдарламаларымен қамтамасыз етілген, «Платонус» ААЖ, «MOODLE» білім беру порталы, Google class room арқылы ПОӘК (пәндердің оқу-әдістемелік кешені) қол жеткізе алады. Classroom, Әлеуметтік желілер (Instragram), Skype-конференция, What’s App, пошта сервисі арқылы эфир түрінде дәріс материалдарын беру мүмкіндігі бар. Педагогтар қашықтан жұмыс істейді.
Сонымен қатар, өз сөзінде басқарма басшысы карантин кезеңінде қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы тоқтатылатынын жеткізді. «Жекеменшік ұйымдарға, тіл орталықтарына, үйірмелерге, студияларға барудан қауіпсіздік мақсатында бас тартуды ұсынылды. Қосымша ұйымдарда көрсетілген ақылы қызметтерге қайта есептеу жүргізілмейді, өйткені барлық ақылы сабақтар жазғы демалыс кезеңіне ауысады» деп түйіндеді ­Ш.Қадырова.
Тағы бір қосарымыз, Республикалық физика-математика мектебіне, Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылдау үшін өткізілетін ҰБТ емтиханының уақыты маусым айына шегерілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × four =