ОҚШАУЛАМАЙ ОҚЫТУ

0 186

ҚАМКӨҢІЛ БАЛАНЫ ҚАТАРДАН ҚАЛДЫРМАЙДЫ

Туғаннан тағдырдың қатал сынағына тап болған мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамнан шеттеу көрмеуі үшін жасалған көп игі істің бірі – инклюзивті білім беру. Бұл – жарымжан бүлдіршіндерді жатырқатпай, қатарынан бөлектемей білім беріп, өмірге бейімдеуге бағытталған бастама. Төрт жыл бұрын ашылған №65 мектеп-гимназия – инклюзивті оқу сатысы енгізілген қаладағы бірден-бір білім ошағы.

 [dropcap]И[/dropcap]нклюзивті оқытуда балалар жынысына, жас ерекшелігіне, қимыл-қозғалысы мен ақыл-есіндегі ауытқушылыққа, әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білім алуға мүмкіндік алады.

Қазіргі таңда аталмыш мектеп-гимназияның түзету сыныптарында 87 құлағы нашар еститін оқушы оқиды. Білім ошағының ғимаратына бас сұққаннан мүгедек балалардың еркін жүріп-тұруына қажетті барлық жағдай жасалғанын аңғаруға болады. Мұнда пандустардан бөлек жоғарғы қабаттарға көтеріліп-түсуді жеделдететін лифт жұмыс жасайды. Сонымен қатар, мектеп ойын бөлмесімен, арнайы әжетханалармен, вертикилизаторлармен, қолайлы парталармен жабдықталған. Және балаларды уақытылы инватаксилер тасымалдайды.

Бұл оқу орнында екі немесе үш балаға бір көмекші тәрбиешіден бекітілген. Барлығының педагогикалық білімі бар. Оқушылардың жалпы сыныптармен оқу-тәрбие жұмыстарын бірге орындауына, әжетханаға, асханаға баруына, кабинеттен кабинетке ауысуына тәрбиешілер көмектеседі. Балаларды таңертең ата-анасынан қабылдап алатын осынау қамқор жандар сабақ біткенге дейін, ал ұзартылған күнге қалатын болса кешке дейін жұмыс істейді.

Сал балалар ұйқысынан оянғаннан бастап арбасына таңылатындықтан, қажиды, шаршайды, денесі құрысып қалады. Осы жағдайды ескеріп мектепте ширықтыру, бойын жазу мақсатында емдік дене шынықтыру кабинеті ұйымдастырылған. Мұнда маман оқытушы балаларға арнайы жаттығулар мен емдік уқалау шараларын жүргізеді. Бұдан бөлек, мектеп ұжымы балалардың босаңсып, демалуы үшін тағы бір кішігірім кабинет арнапты. Арнайы жабдықталған бөлмеде бала дамылдап немесе дефектолог-логопедпен сөйлесіп, ой бөлісіп, дайындық сабақтарын жүргізе алады. Логопед, психолог, емдік дене шынықтыру мамандарының әр баламен аптасына екі-үш сағат жұмыс жасауы тиіс. Балалар оқу үдерісіндегі барлық сабақтан тыс қалмайды, дене шынықтыруға да қатысады. Онда арнайы жеңілдетілген арбаларында отырып, қолдарын қимылдата жаттығу жасайды.

Түзету сыныптарының оқу бағдарламасы жеңілірек болып келеді. Мұндағы балаларға тыңдау, сөйлеуді үйрететін арнайы сурдологиялық машығы бар оқытушы сабақ берсе, одан бөлек, бір сурдоаудармашы қызмет етеді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, №65 мектеп-гимназия құлағы мүкіс балаларды оқытуға бағытталған. Дей тұрғанмен, бұл мектепте сал ауруымен ауыратын, көзі көрмейтін, тіл мүкістігі бар балалар да білім алады. Алайда, негізінен, көзі нашар көретін балалар №10 мектеп-гимназияның, тіл мүкістігі бар балалар №18 орта мектептің түзету сыныптарында тәрбиеленеді.

Ата-аналардың көбі кемтар балаларын көмекші не арнайы мектептер мен мектеп-интернаттарға, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері мен коррекциялық сыныптарға бергісі келмей, жалпы білім алатын мектептерде жеңілдетілген бағдарламамен оқығанын қалайды. Яғни, дені сау балалармен бір сыныпта қатар отырып білім алса, қоғамның толыққанды мүшесі екендіктерін сезінеді. №65 мектеп-гимназияның түзету сыныптарында тәрбиеленетін мүмкіндігі шектеулі оқушылардың қабылдауында ілгерілеушілік байқалып, үлгерімі жақсы болса, тест арқылы инклюзивті сыныптарға ауыстырылады. Мектеп инклюзивті бір сыныпқа денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі екі не үш баланы отырғызуға міндетті.

Қазір мектепте 34 инклюзивті сынып бар. Бұл сыныптарда 17 арбаға таңылған мүгедек, 24 сал, бірақ балдақпен өз бетінше жүре алатын, 15 құлағы нашар еститін бала оқиды. Барлығы жалпы білім беретін бағдарлама бойынша тәлім алады. Дегенмен, инклюзивті сыныпта оқитын оқушыларға дені сау балалармен қатар толыққанды білім алу қиындық туғызатыны рас. Біреуі қаламсап ұстай алмай қиналса, бірі жаңа сабақты қабылдауға қарымы жетпей жатады.

Мектеп директоры Сәуле Теменова: «№10, №18 мектептердегі түзету сыныптары ашылғанша, осы уақытқа дейін қаладағы бар мүгедек баланы қабылдай беретін едік. Тек «түзету мектебі болып қаламыз ба» деген алаңдаушылық та болды. Тіпті, бізге Алматы, Шымкент, Тараз, Талдықорған, т.б. көптеген қалалардан хабарласып, ата-аналары балалары үшін осы маңнан үй сатып алып немесе жалдап, әйтеуір, көшіп келіп жатады. Қазір өзге қалаларда да мұндай бағыттағы мектептер ашылып жатыр, бірақ бұл мектептер аяғына тұрып кеткенше біршама уақыт қажет» дейді.

Биыл мектепте ата-аналарға көмек ретінде ұзартылған күн тобы ашылыпты. Яғни, күнделікті сабаққа ілесуге үлгере алмай жатқан оқушылардың кешкі сағат беске дейін қалып, тапсырмаларын оқытушымен бірге орындауға, қосымша білім алуға мүмкіндігі бар.

Сабақтан бөлек үйірмелерге қатысатын өнерлі балалар белсенді өмір сүруге бейім. Олардың алды түрлі ән байқауларда, ғылыми сайыстарда жүлдегер атануда. Мысалы, хореограф Зарина Базарбаеваның еңбегінің арқасында сал балалардың өзі қалалық байқауларда би билеп, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Мектеп директоры жылдан-жылға бала санының артуына байланысты әлі де болса қажеттіліктер бар екенін жеткізді. Көзі нашар көретін балаларға арналған қабырғаларға ескертетін дыбыстық сигнал орнату керектігін, тіпті, пандустардың сапасының сын көтермейтінін, жалғыз лифт үзіліс кезінде жүре алмайтын оқушыларды қабаттан қабатқа тасымалдап үлгере алмайтынын айтты.

Бастауыш сынып мұғалімі Жансұлу Мұхамадиева «Жарымжан балалардың оқуға ынтасы жоғары. Алайда, дені сау балалармен бір сыныпта оқу оңай емес. Кей бала ауызшаға жақсы болса, кейбірі тырысып бақса да, қолы қалам ұстауға илікпей, жазуға қиналады. Мұндай жағдайда балаларды бағалау қиындық туғызады» дейді.

Осындай мектепте оқығандарын мақтаныш тұтатын бүлдіршіндер Елбасы Н.Назарбаевқа өздерінің алғысқа толы сезімдерін білдіріп хат жазыпты. Сөз соңында сол хаттан үзінді келтіргенді жөн көрдік:

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз, мүмкіндігі шектеулі балалар, Сізге басқа балалар секілді мектепте оқи алатындығымыз үшін үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді. Бізде бұрын мұндай мүмкіндік болған жоқ, себебі жүре алмайтын, сөйлей алмайтын және құлағы естімейтін, сал ауруымен ауыратын балаларды үйде не арнайы мектептерде оқытатын. Мұғалімдер үйімізге келіп оқытты, жақсы білім берді. Бірақ ешқайсысымыздың досымыз, сыныптасымыз болған жоқ…».

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + six =