Оқиға орнында – криминалист

0 109

Криминалистерге үлкен жауапкершілік жүктелген. Олар байқағыштық қасиетімен әрбір ұсақ-түйекке назар аударады. Сондықтан психикалық жағынан мықты, стреске төзімді болуы шарт. Олар көзге көрінбейтін элементтерге назар аудара отырып, дамыған түйсікке де сүйенеді, дәлелдемелерді зерттейді. Статистикаға сүйенсек, 2020 жылы ІІО-ның криминалистері 81 мыңнан астам оқиға орнын қарап-тексеруге қатысып, 216 танылмаған мәйіттің жеке басы анықталған. ҚР ІІМ Жедел-криминалистикалық департаментінің криминалистикалық зерттеулер мен есептер басқармасының криминалисі, полиция подполковнигі Жақсылық Қалиқарманұлы Көрпебаевпен сұхбаттасып, осы мамандықтың қыр-сырын сұрап едік.

Голливудтық нұсқалар кинода ғана

Жақсылық Қалиқарманұлы 2005 жылдан бері криминалистика саласында қызмет етіп келеді. Еңбек жолын Қостанай облысы Жетіқара қаласында бастаған. Кейін өзінің туған жері Шығыс Қазақстанға, әке-шешесінің қасына барып, 2007 жылы ШҚО ІІД жедел криминалистика басқармасына ауысқан. Ол жерде жай криминалист маманнан криминалистік зерттеулер мен есептер бөлімінің бастығы болып, кейін елордаға ауысқан.
Криминалист дегенде детектив кинолар еске түседі, кинода жаңа ғана болған қылмысты сол бойда тексеріп, анықтап жатады. Бірақ өмірде олай еместігін білеміз. «Голливудтық нұсқа теледидардың бергі жағындағы адамға қызықты болу үшін жасалады. Оның бүкіл процесін көрсетсе, кино қызықсыз болар еді. Кинодағы үш минуттық әрекет бізде үш күн не бір ай жүруі мүмкін. Әлемде кинодағыдай өзі біліп, өзі алып, қорытынды шығаратын бағдарламалар әлі жоқ. Бәрібір маманның көмегімен әр із сканерленеді, әр іздің жеке ерекшеліктерін қойып, содан кейін барып бағдарламаға береміз, ол бір ізге 20 түрлі нұсқа ұсынады, тек маман ғана осының ішінен анықтай алады. Мысалы, өмірде дененің өзінен сау­сақ ізі алынбайтынын көбі біле бермейді, ол тек кинода. Кейде оқиға орнына барғанда адвокат не жәбірленуші жақтан келгендер «кинода осылай, сендер неге солай істемейсіздер?» деп айтып жатады» деп әңгімелейді Жақсылық Қалиқарманұлы.

Базада 7 млн адам бар

Соңғы жылдары барлық салада цифрландыру жақсы дамуда, криминалистика саласында қалай екен деген сұрақ қызық. «Бізге де әртүрлі бағдарламалар келіп жатыр. 2005 жылы қылмыс болған жерден дактилоскопия алған кезде әрбір ізді өзімізде бар 19 мың дактилокартамен салыстыратынбыз, егер жедел уәкілде белгілі бір адамдардың топтары, тізімдері болса жақсы, болмаған жағдайда әрбір ізді әрбір дактилокартамен салыстырып отырып қарайтынбыз, қазір папиллом деп аталатын бағдарламаға ізді қойып сканерлеп жібереміз, ол әрбір ізге ұқсас 20 дактилокарта ұсынады. Қазір базада 7 млн-дай адам бар. Соның арасынан бірнеше сағатта не бір күнде қарап беріп жатады. Баллистикаға келсек, эвофайндр деген жүйе тұр, ол жерде де атылған оқты, гильзаны сканерлеп, базаға енгізеді.

Ең қиыны – сәбидің мәйітін анықтау

Біз Жақсылық ­Қалиқарманұлынан есінде қалған ерекше оқиғаны айтып беруін сұрадық. «Көктемде қар астынан мәйіттер табылып жатады. Бірде басы, көзі, бет-әлпеті, жарты денесі, бір жақ қол-аяғы жоқ, ит-құсқа жем болған, ішек-қарны ақтарылған мәйіттің кім екенін, кісі өлімі болған ба, өзіне қол жұмсаған ба, соны анықтау керек болды. Қарасақ, жартылай алақаны денесінің астында қалыпты, сол алақанның бір бөлігі денемен бастырылғандықтан бүлінбей сау күйінде қалған екен, біз алақанның беткі тері қабатын алып ақырындап ақ қағазға салып, кептіріп, арнайы бояу жағып, таңба түсіріп, сол арқылы ол адамның кім екенін, қайдан екенін тауып алдық.
Криминалистер үшін қиын мәйіттер – көбіне жас сәбидің мәйітін анықтау, ол алдымен психологиялық тұрғыдан ауыр болады. Біздің қызметте стреске төзімділік – бастысы. Әр оқиға сайын стресс ала берсе, маман жұмыс істей алмайды. Біз мүрдені жұмыс ретінде қараймыз. Бірақ бізді ерте зейнетке шығаратыны – жұмыста психологиялық тұрғыдан ауыртпалық болатындығына байланысты. Әдетте жедел тергеу тобы шағым бойынша барған кезде оны ешкім күліп, қуанып қарсы алмайды, ол жерде біреудің адамы өледі, қайғы-қасірет орын алған жағдайларға барасың, ондай жағдайға басқалай қарау керек, егер оның ішіне кіріп кетсеңіз, маманның өзіне қиын болады» дейді ол.

25 жылдан кейін ашылған қылмыс

ҚР ІІМ Жедел-криминалистикалық департаментінің криминалисти­калық зерттеулер мен есептер басқармасының криминалисі, полиция подполковнигі Жақсылық Көрпебаевтың айтуынша, бұрын папиллом жү­йесі болмаған кезде әрбір ашылмаған қылмыстардың саусақ іздері бөлек картотека болып жиналып, мамандар сол картотеканы қол босағанда қарап отыратын болған, бірде қарап отырып тоқсаныншы жылдары болған кісі өліміне қатысты қарақшылық ашылған. 25 жылдан соң. Бірақ кейде қылмыскердің өзі мына дүниеде жоқ болуы мүмкін. «Жедел криминалистік департаментте ДНҚ зерттеулері жүргізіледі. Бірде қала сыртында таксисті өлтіріп, денесін өртеп жіберген, бәрі күлге айналған, жамбас сүйегінің бір бөлігін алып, оны жедел криминалистикалық департаментке алып келіп, ішінен ДНҚ бөліп, оның ер адам екенін, жасын анықтадық, жедел уәкілдің көмегімен туысқандары кім болуы мүмкін деп туыстарының ДНҚ-сын салыстырған кезде сол адам шықты. Қылмыс ашылды, нашақор жасөспірімдердің қолымен жасалған қылмыс болып шықты» дейді маман. «Техникалық құжаттарды қолдан жасағанда, портретті сәйкестендіру де өте дамып келе жатыр. Қазір камера көп, сол бет-әлпет бойынша сәйкестендіреді» дейді. Әрине, қазіргі таңда қылмыскерлердің де кәсібилігі өсіп келеді, оны маман жоққа шығармайды.

Бәрі адам миына байланысты

– Біз кейде ақпарат құралдары арқылы әдіс­теме береміз, саусақ іздерін қалдыруға болмайды дегенді қазір балаға дейін біледі. Камераға түспеудің амалдарын жасайды. Қылмыскерлер де біліктілігін арттыра береді, соның бірі – полиграфтық зерттеу, мысалы психо-физиологиялық зерттеу, өтірікті анықтайтын детектор бар, күдіктіні сұхбат жүргізу арқылы ақпарат жинауға болады.
– Оның дәл, анық деректеме беретініне күмәнданатындар да бар ғой, – дедік біз.
– Бұл әдіс-тәсіл адамның миымен жұмыс істейді. Адамның миы жүз пайыз зерттеліп бітпеген. Соған байланысты жүз пайыз кепілдік бермеуі мүмкін, бірақ көп жерде қылмысқа байланысты оны ашатын әдіс-тәсілдер болған. Мен өзім сол салада жұмыс істедім, бір жағдай болды. Бұрын бірнеше рет сотты болған әйел полиция бөліміне келіп шубасы ұрланғанын, тағы бір заты ұрланғанын айтып шағым жасайды. Бұл басшы құрамның құлағына жетеді, арыз-шағымын дұрыстап қараңдар дейді. Тергеуші полиграф өткізейік, өйткені көршілерден сұрау барысында бұл кісінің ондай заттары болмаған дейді. Полиграф өткізіп, «сіз бұрын-соңды сотты болғансыз ба?» деген сұрақ қойғанымда, ол «жоқ» деп жауап берді. Құрал болса «әйел шын айтып отыр» деп нақтылайды. Бірақ менің қолымда ол кісінің бірнеше рет сотты болғаны туралы анықтама бар. Тергеушіге барып айтсам, ол да әйелдің сотты болғанын біледі. Психиатрға барғанда ол кісіде шизофренияның бір түрі бар екені анықталды. Адам тек өзінің айтқанына сенеді, сенген кезде ағза миға бағынышты болғандықтан ми қалай қабылдайды, соны береді екен. Сондықтан ондай кісілерге жаңағы әдіс-тәсілді қолдану мүмкін емес. Полиграфтың тиімді жақтары бар.
Тәлімгерлік туралы сұрадық. «Біз келгенде кілең үлкен кісілер болды, олардың өздерін ұстау мәнерлері де бөлек еді. Олар үйретеді, баласы сияқты тәрбиелейді, қазір де бар, бірақ көп емес, меніңше, осы дәстүр үзілмегені жақсы» деген Жақсылық Қалиқарманұлы жоғары оқу орнында өзіне дәріс оқыған И.И.Зубовтың есімін құрметпен атайды, қылмыс орнына барған кезде көмегі тигеніне, әсіресе жалғызбасты адамдарға көмектескен кезде ішінен өзіне көңілі толған сезімде болатынын айтады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 8 =