«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Опера әншілері марапатталды

0 122

Ұлыстың Ұлы күнінде Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы ұлттық опера өнерінің дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген «Астана Опера» театрының талантты әртістерін Абай атамыздың 175 жылдығына орай шыққан медальмен марапаттады. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов салтанатты шара кезінде өз қолымен театрдың жетекші солистері Жұпар Ғабдуллина, Талғат Мұсабаев, концертмейстер Раушан Бескемпірова, «Астана Опера» симфониялық оркестрі виолончелистер тобының концертмейстері, музыка әрлеуші Дәулет Шәкіров және тағы басқа өнерпаздарға мерейтойлық медальді табыс етіп, сонымен бірге ұлы ақынға арнап шығарылған жаңа кітапты таныстырып, жиналғандарға сыйға тартты.
Айта кетейік, еліміздегі бірегей өнер ордасы Абай атамыздың айтулы мерейтойын жоғары деңгейде өтуіне белсене үлес қосты.
– Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы еңбегімізді елеп, құрметтеп жатқанына ризамыз. Былтыр індеткен қарамастан жыл бойы «Астана Опера» театрының ұжымы Абай атамыздың шығармашылығына арналған көптеген концерттер өткізді. Оның бәрі онлайн форматта да, оффлайн түрде де Үлкен және Камералық зал сахналарынан көрсетілді. Сонымен бірге ұлттық музыкамыздың асыл қазынасы – «Абай» операсы сахналанды. Бұдан бөлек, театрда «Абай» операсындағы бейнелер» атты тамаша көрме болды, – деп атап өтті дарынды опера әншісі Талғат Мұсабаев.
Мерейлі марапат соңы сазды кешке ұласып, жиналғандарға Талғат Мұсабаев, Жұпар Ғабдуллина, Рау­шан Бескемпірова және басқа да өнерпаздар ұлы ақынның сөзіне жазылған музыкалық шығармаларды орындады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды