Оныншы автобустың жүргізушісі

0 110

«Астана Таңдауы» байқауына ұсынылып отырған азамат­тар­дың­ бірі – №1 автобус паркінің жүргізушісі Қанат Күлтаев.

Күннен-күнге халқының саны артқан сайын Астанада жолаушылар да, көлік те көп. Көлік саласының қызметкерлері жұртшылықпен тікелей жұмыс істегеннен кейін арыз-шағымдар да аз болмай жатады кейде. Әсіресе, автобус жүргізушілердің «жын қуғандай» жүрісіне, мәдениетіне наразылық білдірушілер жеткілікті. Тіпті, бүгінде жол жүру ережесін қатаң сақтайтын мамандар жоқтай көрінетін болды. Сөйтсек, бұнымыз ағаттық екен. Жүргізушілердің ішінде де қанша жыл жұмыс істесе де артына бірде-бір рет сөз ертпеген, тек жолаушылардың алғысын арқалап келген азаматтар бар көрінеді. Соның бірі – №10 автобустың жүргізушісі Қанат Күлтаев.

Ол 1968 жылы Ақмола облысы, Қорғалжын ауданының Жантеке ауылында дүниеге келген. Сол жердегі Қызылту орта мектебінен білім нәрімен сусындаған Қанат Хамзеұлы 1986 жылы оқуын тәмәмдап, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Туған еліне оралғаннан кейін № 1 автобус паркінің жанындағы жүр­­гізушілер курсына қабылданады. Сонау 1989 жылдан бері осы ав­­­тобус паркінде қызмет атқарып келеді. Бүгінге дейінгі 24 жыл ішінде ол өзінің мамандығына кір келтірмеген екен.

Біле білгенге автобус жүргізушісі – қиындығы көп мамандық. Таңмен таласа тұрып, кеш қарайғанға дейін техникамен алысу – темірдей жүйкені, асқан төзімділікті қажет етеді. Уақыттың қадірін ұғынатындардың бірі осы жүргізушілер ме деп қалдық. Қанат Хамзеұлының уақыты санаулы, өлшеулі. Бізбен жолығуға жарты сағатты әрең тапты. Күні бойы автобуста жүретін ол түскі ас мез­­гілінде ғана сәл дамылдайды екен. Бірақ, оған кейіп жүрген Қанат Күл­­таев жоқ. Автобус жүргізушісі болып, астаналық жолаушыларды та­­сымал­­дағанына еш өкінбейді. Әрдайым көлігіне мінушілерге жайдары, жарқын, жылы қабақ танытады. Жауапкершілікті бәрінен де биік қоятын ол жол жүру ережелерін қатаң сақтайды. «Мен үшін ең бастысы – жолаушыларды аман-есен діттеген жеріне жеткізу», – дейді жүргізуші. Қанат Хамзеұлы жұмыстан себепсіз қалып немесе кешігіп көрген емес. Ұжым мүшелері арасында да ерекше құрметке ие. Адал қызметінің өтеуі ретінде көптеген марапаттауларға да ие болды.
Қанат Күлтаев отбасында екі бала тәрбиелеп отырған ардақты әке. Қолы қалт етсе, волейбол мен хоккей ойнағанды жақсы көреді. Ол №1 автобус паркінде және қала аумағында өтетін мәдени-рухани шараларға белсене атсалысады.

Жас кезінен жүргізуші болуды армандаған Қанат Хамзеұлы мамандығын ерекше жақсы көреді. Кәсібіне деген осы махаббаты оны шебер жүргізуші атандырды. «Өз ісін шебер меңгерген маман иесі – өскелең ұрпаққа үлгі. Сондықтан, ол «Астана байқауына» жеңімпаз болуға әбден лайық», – дейді әріптестері.

Айнұр НҰРМАҒАНБЕТ,
Қостанай Мемлекеттік университетінің 2-курс студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =