«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Оның күні туды…

Телетерезе

0 370

Жексенбі күні «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында қазақтың ұлы перзенті, атақты саяхаттанушы, шығыстану ғылымының көрнекті тұлғасы, қам­шы­ның сабындай қысқа ғұмырында туған халқы үшін өлшеусіз іс атқарып кеткен Шоқан Уәлиханов туралы «Аққан жұлдыз» атты деректі фильм көрсетілді.

Бұл жобаның жетекшісі – Ерлан Қарин, режиссері – Алмас Әбдік, сценарий авторы, әрі бағдарламаны жүргізген белгілі журналист – Дархан Әбдік.
Сайын даладан самғап ұшып, еуропа ғалымдарын таңғалдырған Шоқанның өмірі ғажайып құбылысқа толы.
Тарихтан белгілі: 1864 жылы полковник Черняевтің орыс империясының Қазақстан мен Орта Азияны бағындыру мақсатын көздеген жорығының құрамында аудармашы ре­тінде болған Шоқан, қаніпезер полковниктің Әулиеата шаһа­рының халқына жасаған жауыз­дығын көріп, онымен қатты сөзге келіп, отрядтан кетіп қалады. Содан Верный (қазіргі Алматы) қаласына келіп, одан әрі Тезек төренің ауылына тоқтап, сол жерде Тезектің немере қарындасы Айсарыға үйленеді. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Шоқан 1865 жылдың сәуір айында осы елде дүниеден өтті. Әйгілі ғалымның жарқырап басталған ғұмыры неліктен осылай аяқ­талды? Алайда оның өмірінің соңғы кездеріндегі оқиғаларға ешқандай мардымды жауап жоқ. Тіпті даңқты тұлғаның өлімі де жұмбаққа айналды. Ресми деректерде оны құрт ауруынан қайтыс болған деп жазады. Бірақ бұл дерек көп күмән тудырады. Кеңес өкіметінің тұсында Шоқанның мүрдесін ашуға бейресми ты­йым салынған. Деректі фильмде ғалымның өліміне жауап іздейді.
Сондықтан фильмді түсіру­шілер Уәлихановтың ажалының құпиясын ашу мақсатында ға­лымның Санкт-Петербургте өткен күндерінен сыр толғайды. Оған патша өкіметінің жоғары шенді қызметкерлерінің көзқарасы баяндалады. Жақын сырласқан дос­тары – Ф.Достоевский, Г.Потанин секілді тұлғалардың Шоқан туралы айтқан ойлары айтылады. Әкесі Шыңғыс сұлтанның баласына жазған хаттары беріледі. Шоқанның Парижге қандай мақ­сатпен барғаны көрсетіледі.
Шоқан дүние салғанда орыстың көрнекті ғалымы П.Семенов-Тянь-Шанский: «Қазақ даласының шалғайында, Ресей мен Қытайдың шекарасында, әл-қуатының кемелденген шағында аса дарынды қазақ сұлтаны Шоқан Уәлиханов қаза болды. Ажал арамыздан ұлттық аймақтағы ең зиялы деген азаматтардың бірін алып кетті. Оның жасы небәрі отызда еді» деп жазды. Осындағы «қаза болды» деген сөздің өзі адамды біраз ойға қалдырады.
Қысқасы, деректі дүние Шо­қанды жаңаша көзқараспен та­нуға ой салды. Одан соны із­деніс пен азат ой идеясының лебі есіп тұрды. Режиссер Мәжит Бегалин 1957 жылы халқымыздың ұлы перзенті жайында «Оның күні туа­ды» деген көркем фильм түсірді. Мәжит ағамыз данышпан екен, расында Шоқанның күні енді туғандай…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды