©2020 Астана Ақшамы
Оның аты – Қожа
Ол – қазақ балаларына арналған алғашқы кино.
Ол – қазақ ауылындағы баланың өмірі бейнеленген тұңғыш комедия .
Ол – қазақтың тәп-тәтті тентектігі мен сүп-сүйкімді сотқарлығы суреттелген ұлтымыздың кино тарихындағы классикалық туынды.
Ол – бар қазақ жақсы көретін Қожа.
Иә, иә, ол – қазақтың сүйіп көретін Қожасы. Айтып отырғанымыз,
Абдола Қарсақбаевтың «Менің атым – Қожа» фильмі.
Шедеврге айналған «Қара көженің» түсірілгеніне 50 жыл толып отыр.
Қазіргі жастар тұрмақ, алдыңғы буын аға-апаларымыз Қожа туралы сөз айтсаң, жымиятыны рас. Өйткені, олардың балалық шағын көз алдарына әкеледі. Өздерінің Қожа сияқты істеген тентектіктерін есіне түсіреді. Сондықтан да, «Менің атым – Қожа» олар үшін ыстық әрі қымбат.
Қарсақбаев киноға қалай келді?
Абдолла Қарсақбаевтың кино өнеріне алғашқы қадамы Сүйінбайдан бата алған Жамбыл образынан басталды. Иә, иә, өзі кино түсірмес бұрын, актер боп ойнаған. Оның азан шақырып қойған аты Әбдiлда екен. 1926 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданынына қарасты Ұзын Қарғалы ауылында өмірге келген. Кішкентайынан анасынан айырылып, артынша төсекке таңылған әкесі де о дүниелік болып кетті. Әкесі науқастанып жатқанда, үйдің бар шаруасын бала Абдолла атқарды. Сөйтіп, еркелік пен балалық жолда қалып, әр ісіне жауапкершілікпен қарайтын азаматқа айналды. Өмірінің сол қиын сәттерінде ол Жамбыл жырларын серік етті. Сырттан келген сыйлы қонақтарға ауыл балалары өнерін көрсететін еді. Солардың арасында ол да жүретін.
Араға уақыт салмай Жамбылдың жастық шағы туралы кино түсірілмек болып, оған ақынның өлендерін жатқа білетін бозбала іздейді. Абдолланың он екі жасында Жамбыл өлеңдерін жатқа айтқанына сүйсінген режиссер фильмнің басты рөліне бекітеді. Көп ұзамай Абдолла 1943 жылы Алматыда ашылған киноактер мектебiне түсті. Оқуын бітірген жеткiншек бiраз жыл хроникалық журналдар мен дубляжда, аударма бөлiмiнде ассистент, әрi актер, әрi режиссер болып жұмыс iстеді. Одан соң Мәскеудегi бүкiлодақтық кинематография институтына оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң, Алматыға оралып, «Қазақфильмге» қызметке орналасады. Мұнда Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Шәкен Айманов сияқты саңлақтармен бірге жұмыс істеді.
Абдолла Қарсақбаев «Менің атым – Қожа» фильміне дейін балалар мен ересектерге арналған бірнеше кино түсірді. Солардың ішінде Тоқаш Бокиннің өміріне арналған «Қилы кезең» фильмі де бар. Режиссер бір сұхбатында «Бiрiншiден, мен тек балалар туралы фильм түсiргем жоқ, үлкендерге де арналған бiрқатар картиналар түсiргенмiн. Дегенмен, жұмыстарымның басым көпшiлiгi балаларға арналған. Сол себептi де менi балалар өздерiне толық еншiлеп алса керек. Оған мен қуанбасам, ренжiмеймiн. Өйткенi, мен балалық шағымды сағынамын. Бүгiнгi ұрпақпен жұмыс iстеуге соншалықты құштармын» деген екен.
Қарсақбаевтың туындысы Франциядағы Канн фестивалiнде диплом алған. Бір қызығы, өз фильмінiң Каннда жүлде алғанын сол сәтте режиссердiң өзi бiлмеген екен.
Екінші режиссердің еңбегі
Атақты Қожаны түсіру кезінде екінші режиссер болғанын жұрттың бірі білсе, бірі білмейді. Ол азаматтың есімі – Тұрар Дүйсебаев. Бір сұхбатында айтуынша, ол кісіге «Менің атым – Қожаның» екінші режиссері болуға өтініш білдірген Абдолла Қарсақбаевтың өзі екен. Ал, Абдолла Қарсақбаев пен Бердібек Соқпақбаевты таныстырған белгілі жазушы Тахауи Ахтанов.
Ақын Сейфолла Оспанның естелігіне жүгінсек, Бердібек Соқпақбаев өз повесіне сценарий жазуға бата алмаған екен.
Б.Соқпақбаев жұмысында отырған кезде бiреу қоңырау шалады. Телефонды Т.Ахтанов көтеріп: «Өзiң келсеңшi, мында Бердiбек те отыр. Не нәрсенi де шешуге болады ғой» деп тұтқаны қояды. Содан кейiн ол Б.Соқпақбаевқа: «Бердiбек, сен осы ана балаларға арналған шығармаларыңды киноға бейiмдесең қалай болар едi? Мен жаңа Абдолла деген режиссердi шақырып қойдым. Кино жағынан ол үлкен талант. Саған нағыз таптырмайтын адам» дейдi.
Бұл кезде Тұрар Дүйсебаев Ташкентте жоғары оқу орнын тәмамдап, «Қазақфильм» киностудиясында режиссер-документалист болып жұмыс істеп жүрген. Бірде Дүйсебаев аяқ астынан Семей облысына жол жүрiп кетедi. Діттегені – М.Әуезов туралы деректi фильм түсiру еді. Семейде жүрген режиссерге киностудиядан «шұғыл жет» деген телеграмма келедi. Киностудияға келген оны Абдолла Қарсақбаев қарсы алады. Абдолла сол арада өзiнiң Б.Соқпақбаевтың повесi негiзiнде фильм түсiрiлгелi отырғанын айтады. Бірлесіп түсіруді ұсынады. Содан екі режиссер киноны түсіру жұмысына кірісіп кетеді. Осылайша, қазақ киносының шедеврiне айналған Қожа өмiрге келедi.
Әрине, көп баланың арасынан Қожаны таңдау режиссерлер үшiн оңай болған жоқ. Бір бойына сотқарлық пен ойнақылықты сыйдырып, ақылды тентек болу оңай емес.
Көшеден табылған кейіпкер
Қарсақбаевқа келісім берген Дүйсебаев фильмнің басты кейіпкерін сомдайтын баланы іздеді. Бала болғанда жай бала емес, мінезі бірқалыпты деуге келмейтін «жүгірмектер» болуы шарт. Олар – Қожа мен Сұлтан. Осы екеуін табу киноның ең қиын жұмысы болыпты.
Алматы, Жамбыл облыстары мен Бішкек қаласындағы мектептерді аралап, кастинг өткізген режиссер нәтижесіз қайтады. Актер таңдауға келгенде, режиссерлердің психолог болып келетінін айтпасақ та түсінікті. Бірде Тұрар Дүйсебаев пен фильмнің бас операторы Михаил Аранышев екеуі киностудияға қарсы беттегі дәмханаға бара жатқанда, алдарынан екі оқушы қыз жүгіріп өткен. Киностудияның жанында №33 орыс мектебі орналасқан. Солардың соңынан бір ұл қуып келе жатқанда, режиссердің көзіне оттай басылады. Тұрар Дүйсебаев ішінен «жер-көктен іздеген Қожамыз осы» деп түйді. Қысқасы, екеулеп жүріп әлгі тентек ұлды ұстап алады. «Жібер, жібер мені» деп айқайлап қоймаған балаға Тұрар «Мен режиссермін, киноға түсетін бала іздеп жүр едім, сенің түр-келбетің соның роліне лайық екен, атың кім өзіңнің» деп жөнін айтады. Әлгі бала «Не надо, я не хочу сниматься в кино» деп азар да безер болған. Аты-жөнін сұрағанда да қырсығып айтпай қояды. Қашып бара жатқан қыздар қырсық ұлдың аты-жөні Нұрлан Сегізбаев екенін, әкесінің қызмет орнын айтып береді. Әкесі министрлер кабинетінде жұмыс істейтін кісі екен. Киноға түсу туралы ұсыныс айтқанда, «Ой, балам көнбейді, өте бұзық, одан көршілер де, мұғалімдер де әбден зәрезап болып біткен, бекер ұятқа қалдырып жүрер мені, қойыңдар» деп келіспеген. Мекен-жайын сұрап алып, кешкісін үйіне барған. Әке-шешесі кенже баласы болғандықтан, тым еркелетіп жіберген. Режиссер қиылып сұраған соң, ата-анасы «өзіңіз біліңіз, ұятқа қалдырса, бізді кінәламаңыз» деп ыңғай білдіреді. Бір жақтан режиссер бар, енді бір жағынан ата-анасы болып, баланы көндірген соң, А.Қарсақбаев пен көркемдік кеңеске көрсетіп, Н.Сегізбаевті Қожа рөліне бекітеді.
Моншадан табылған тентек
Кинодағы Қожаның сенімді серігі бар. Өзі тентек, Қожаны сотқар әрекеттерге итермелейтін де сол. Ол – Сұлтан. Сұлтанды да табу оңай шаруа болған жоқ. Сұлтанның оқиғасын Тұрар Дүйсебаевтың естелігімен келтірсек.
«Сұлтан роліндегі Марат Кәкеновті моншадан таптым. Сыриған арық балаң жігіт дөрекі мінезімен, шарт-шұрт қимылымен көзіме ерекше көрінген еді. Оны сынайын деп «арқамды езіп берші, балам» деп өтіндім. «Арқаңды езетін мен саған моншашымын ба?» деп өзіме дүрсе қоя бергені. Айтарын айтып, көз алдымнан ғайып болды. Артынан жүгіріп шыққанымша шығып үлгеріпті. Шешесінің жақын жерде балмұздақ сататынын сұрап біліп, іздеп бардым. Ол да әлгі Қожаның әкесіндей тулады. «Қыңыр, қырсық бала, денсаулығы нашар, әрі жалғыз ұлымыз болған соң бетінен қақпаушы ек, көне қоймас» деді. Әйтеуір, бәріміз жабылып көндірдік. Түйсігім алдамапты, екеуі де сенімімді ақтап, өте жақсы ойнады».
Түсірілім кезінде режиссерлер Нұрланның ойнау шеберлігіне таң қалған. Кәнігі кәсіби актер болмаса да, Нұрлан еш дайындықсыз, әп-сәтте Қожа болып шыға келді. Оның себебін режиссерлер Қожаның көп қылығы өзіне ұқсағандығымен түсіндірді. Сондай-ақ, Қожаның Жанарға ғашық болып, Жантастан қызғанатын тұсын беріліп ойнап, айналасындағыларды таң қалдырыпты. Айнаға қарап сөйлесетін тұсы да, асқан шеберлікпен сомдалған. Салмақты Қожа мен тентек Қожа сөйлескенде, түсіру тобындағы адамдар күлген екен.
Жұлдызы сөнген саңлақтар
«Менің атым – Қожа» – атағы әлемге әйгілі Канн фестивалінен мықты режиссурасы үшін бас жүлдені жеңіп алды. Әлбетте, ол – режиссер мен ондағы актерлар еңбегінің жемісі. Режиссер дарынды актерларды таңдай біліп, ал сол дарынды актерлар болса режиссердің ойынан шыққанының арқасында келген жеміс пен жеңіс.
Өкініштісі, бүгінде сол фильмнің жарыққа шығуына себеп болған режиссер Абдолла Қарсақбаев пен ондағы рөлдерді ойнаған біраз актерлар арамызда жоқ. Абдолла Қарсақбаев небәрі елу алты жасында өмірден озған. Тағдырына ұзақ жасау жазса, қазақтың кино қоржынын «Менің атым – Қожа», «Бандыны қуған Хамит», «Алпамыс мектепке барады», «Бiздiң Ғани», «Жүйрiк болсаң, озып көр» сияқты тамаша көркем фильмдермен толықтырған Қарсақбаев әлі талай тамаша кино түсірер ме еді?!
Сұлтан рөліндегі Марат Кәкенов бала кезіндегі аурудан көз жұмған. Сол сияқты Рахманов ағайды ойнаған Кененбай Қожабеков те бақилық болды. К.Қожабеков – Қарсақбаевтың досы болған. Кененбай – Рахманов ағай жауыздардың қолынан жарақат алып, мүгедек болып қалған. Өмірдің қиын сәтінде Абдолла ағамыз досына демеу болып, оны баладай күткен. Аталмыш киноға бекіткен де режиссердің өзі екен. Майқанова апай болып ойнаған Рая Мұхамедиярова бүгінде зейнет демалысында. Тұрар Дүйсебаев Тараз қаласында тұрады. Ал атақты Қожа – Нұрлан Сегізбаев Алматыда университетте сабақ береді.Қожаның шешесінің рөлінде ойнаған Бикен Римова осыдан он үш жыл бұрын мәңгілік сапарға аттанып кетті.
Кинодан кейінгі «Қара көже»
Көп адамға Қожаның кинодан кейінгі өмірі қызықты болар. Нұрлан Сегізбаев «Менің атым Қожадан» кейін қанша рет киноға түсуге ұсыныс жасалса да, рөлдерден бас тартты. А.Қарсақбаевтың ақылымен ВГИК-ке түсуге де асықпады. Алдымен институттың филология факультетін бітіріп, орыс тілінің мұғалімі болып жұмыс істеді.
27 жасында ВГИК-тің күндізгі бөліміне оқуға түсіп, сценарист мамандығы бойынша драматургияның мықты шебері Евгений Гавриловичтен сабақ алды.
1982 жылы «Қазақфильмге» жұмысқа келіп, Қазақстан кинематографиясының мүсәпір жағдайын көріп, телевизияға кетті. Оған дейін институтты тәмамдағанда Сегізбаевқа үздік студент ретінде аспирантураға жолдама берілді. Бірақ ол өзі сұранып, Қатон-Қарағайдағы ауыл мектебіне кетті.Сонда жұмыс істеп жүріп, қазақ тілін үйрене бастады.
Ол журналистикаға қатысты бірнеше кітап жазды. Бүгінде ұстаздық етіп жүр.
Өлген адам «сөйлейді»
Құрметті оқырман! Сіз, «Менің атым – Қожаны» көрдіңіз бе?
Көрсеңіз, мына бір сюжет есіңізде ме?
Қожа түсінде өзінің өліп қалғанын көреді. Сонда Сұлтан досы келіп сұрайды:
– Сен не, өлгенбісің?
– …
– Мен енді кіммен дос боламын а? Тым болмаса бір ауыз бірдеңе десеңші… Жан досым ең ғой…
– Өлген адам сөйлемейді,– дейді Қожа.
Адам өлсе сөйлемейтіні анық. Егер ол адамның артында өз елінің игілігі үшін жасаған жақсылығы қалса, өлмейді. Жақсы адамның артында қалған еңбегі ешқашан өлмек емес. «Жақсының аты өлмейді».
Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінің негізінде түсірілген Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмі екі автордың атын сөйлетіп отыр. Әрі, елу тұрмақ, алпыс, жетпіс, жүз жыл өтсе де қазақпен һәм қазақ киносымен бірге жасай бермек…
Айнұр ШОШАЕВА