Онлайн тапсырыстар: үлкен мүмкіндік кезеңі

0 50

Әлемде қазір азық-түлік және тағы да басқа тауарларды онлайн тапсырыс беру арқылы жеткізу қызметіне сұраныс артқан. Карантин қазақстандықтардың да күнделікті өміріне түбегейлі өзгерістер енгізді. Қауіпсіздік үшін үйден шықпауға тырысып отырған кей тұрғындар тауарларды сатып алуды онлайн түрде жасайды.Бұл жерде интернет магазиндер, сайттар арқылы тапсырыс беру мен түрлі қызметтерге телефон соғу арқылы жеткізу қызметінің аражігін ажыратып алған жөн. Көпшілік тұрғындар KFC, суши, пицца, донер, шашлык сияқты тағам түрлеріне телефон шалып, үйіне алдыртады. Ал киім, тұрмысқа қажетті заттарды, техниканы, тіпті автокөліктерді онлайн түрде тіркетіп, сайттардан тапсырыспен алады. Бірақ екеуінде де курьер қызметі бірдей.
Нұр-Сұлтанда азық-түлікті онлайн жеткізетін сервис қызметінің продакт-менеджері Дәулет Досановтың айтуынша, олар аптасына мыңға жуық тапсырысты жүзеге асыруда. Елорда күшейтілген карантиндік режимге көшкеннен кейін тұтынушылар саны бірнеше есе артты, – дейді менеджер. Азық-түлікті сатып алушыларға уақытында жеткізу үшін күніне 10 курьерден жұмылдырылады екен. Олар үйдің жанындағы дүкенге қарағанда арзан бағаға апаруға қол жеткізген.
– Бүгінде қала бойынша ең арзан жеткізу құны небәрі 300 теңгені құрайды. Сондай-ақ біз тұтынушыға «қайтып беру» мүмкіндігін бердік. Сіз курьер әкелген азық-түлікті қарап, тексеріп, егер көңіліңізден шықпаса, қайтарып бере аласыз. Өнімдерді онлайн жеткізу жұмысы қарапайым. Бір аптаның ішінде менеджерлер тапсырыстарды мекенжай бойынша жинайды. Сатып алушылар көбіне әлеуметтік маңызы бар тауарларды, яғни, сиыр еті, картоп, сәбіз, капуста, қызылша жеткізуді сұрайды. Содан кейін қызметкерлер тізім бойынша өлшеуге кіріседі, мұндай үлкен көлемдегі жұмыс­тарға екі күн кетеді. Команданың негізгі құрамы 7 адамнан тұрады, – дейді Д.Досанов.

Николай Щербак,
Chocofood сервисінің директоры:

– Жұмыс үдерісіне бірінші енгізгеніміз – өнімдерді адамдарға жақындамай жеткізу. Бұл қолма-қол ақшасыз төленген барлық тапсырыстар бойынша жасалады. Яғни, курьер пәтерге дейін жетеді, сөмкені есік алдына еденге қояды. Сөмкеге тапсырыс тауарын салады. Есік қоңырауын басып, өзі төменгі қабатқа түсіп тұрады. Клиент тапсырысын алғасын, курьер қайта көтеріліп, сөмкесін алып кетеді. Бізде жеткізіп берушілер көлікпен жүреді. Сондықтан қазір көлік жүргізе алатын жаңа қызметкерлерді жұмысқа көптеп алып жатырмыз. Курьерлердің қауіпсіздігі де қамтамасыз етілген. Олардың барлығы маскамен жүреді. Әрбірінде жуылатын екі маскадан бар.

Жеткізушілер тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңды сақтауы тиіс. Сонымен қатар кәсіп иелерінен өнімдерге санитарлық, карантиндік, зертханалық сертификаттар талап етіледі. Онлайн сатып алу карантинге дейін де сұранысқа ие болған. Көптеген қазақстандықтар уақыттарын үнемдеп, интернет арқылы шопинг жасайтын. Былтыр Қазақстанда электрондық сауда нарығының көлемі екі есе артып, 700 млрд теңгеден асты. Ал онлайн сатып алынған тауарларды жеткізуде логистер 21 млрд теңге пайда тапқан. Бұл 2018 жылдан 18 пайызға артық. Digital технологиялар бойынша сарапшы Владимир Меркушевтің пікірі бо­йынша, Қазақстанда осындай үр­діс­тен еңбек нарығында жаңа кәсіп танымалдыққа ие болып отыр. Маркетингті, талдау жасауды және технологияны да жақсы білетін өнім маманы болмаса қазір бірде-бір стартап іске қосылмайды.
– ІТ технологияларсыз келешекті елестету қиын. Олардың көмегімен командалар неше түрлі әзірлемелер жасап жатыр. Қазір әр адамда заманауи құрылғылар, гаджеттер бар. Биыл сарапшылар электронды коммерция нарығы кем дегенде 13 пайызға өседі деп болжап отыр. Мұнда негізгі жүктеме продакт менеджерлерге түседі. Ол – мүдделі тараптардың арасын байланыстырушы, – дейді В.Меркушев.
Карантин бас­талғалы «Магнум» сау­да үйінен азық-түлік жеткізу қызметіне дереу кіріскен тағы бір кәсіпкерлік өкілдері жарнама ілінген бірінші күннен-ақ оларға мыңдаған қоңыраулар келіп түскенін айтады. Өз қоймаларына аталған сауда нүктесінен сұранысқа ие тауарларды көптеп сатып әкеліп қойған олар дәл сол бағада тұтынушыларға жеткізіп береді екен. Тек апарып бергені үшін 30 келіге дейінгі азық-түлікті жеткізу құны – 2000 теңге. Ал одан асса 4 мыңға шығады. Үш курьер жігіттен және қойма қыз­меткерінен құралған топ жеке Газель көлігі арқылы тауар тасиды. Түскен ақшаны бөліп алады. Олардың айтуынша, тапсырысты елорданың сол жағалауында тұратындар, жалпы жағдайы жақсы адамдар көбірек береді. Олар күніне 30-ға жуық тапсырыс тауарларын апарып беруде. Қойма қызметкері тікелей тұтынушылармен ватсап арқылы тапсырыс­тарын толық қанағаттанатындай етіп, жинақтап бергендіктен көбіне апарған заттарын қайтаратын жағдай кез­деспейді.
Карантин жарияланған кезде Қазақстанның мемлекеттік бас санитар дәрігерінің қаулысы жарияланған болатын. Онда осы кезеңде қоғамдық тамақтануды ұйымдастыру мен тамақты жеткізу ережелері бекітілген еді. Сол ережелерге сәйкес өнімдерді жеткізуші курьерлер жеке қорғаныш және антисептикалық құралдарымен қамтамасыз етілуі керек. Өнімді жеткізген кезде тапсырыс берушіге алдын ала телефонмен хабарласа отырып, үйіне келгенде азық-түлікті есік алдына қойып, өзі тұтынушыдан алыс тұруы қажет. Яғни, есік қоңырауын басуға, есікті қағуға болмайды. Сонымен қатар ең бастысы, курьерлік жұмысқа өткір респираторлы инфекция белгілері бар, яғни, қызуы көтеріліп, жөтеліп, тұмауратып тұрған адам жіберілмейді. Жеткізіп беруші ұйым персоналы мен курьерге әшекей бұйымдар, атап айтқанда, жүзік, сағат, тағы басқа да сәндік бұйымдар тағуға болмайды. Қолғаптары су өткізбейтін, бүтін, таза материалдан болғаны дұрыс.
Статистикаға жүгінсек, наурыз айында Қытайда көкөністер, теңіз өнімдері мен етке онлайн сауда көлемі 200 пайызға артқан. Ал Мәскеуде бұл жағынан жеткізу қыз­метіне сұраныстың артуы аса байқалмайды. Дегенмен сарапшылар наурыздың аяғында азық-түлікті онлайн жеткізу көлемі 25 пайыз­ға артады деп болжады. Онлайн сұраныс сондай-ақ балалар тағамы мен жөргектерге, сонымен бірге жануарларға арналған тауарлар мен дәрі-дәрмекке артқан.
Тұрғындар арасында шағын сауалнама жүргізу барысында олардың біразы азық-түлікті ірі сауда нүктелерінен көп мөлшерде алдын ала алып қойғанын, керек болған жағдайда үйдің жанындағы шағын дүкендерден немесе аптасына бір рет ірі сауда орындарынан көлікпен ала қоятынын жеткізді. Ал тапсырыспен алатындар Мечта, Технодом сияқты және тағы да басқа ірілі-­ұсақты электронды заттар сататын орындардан қазіргі ахуалға байланысты қажет етілетін техникалар алады. Мәселен, бүгінгі таңда ұялы телефондар, блогерлерге қажет шамдар, интернет-магазиндерден балалар киімдері мен жөргектер жиі алынады. Нұр-Сұлтан қаласындағы блогерлердің бірі Әлия Базарбаева осы кезеңде әсіресе, онлайн сабақтар, тікелей эфирлер өткізу көбейгендіктен жарық түсіретін шамға сұраныс артқанын байқаған.Сол сияқты аяқасты оқушылар үшін онлайн сабақ басталады деген кезде телефон алушылар қатары да көбейген.
Қазақстан автобизнес қауымдас­тығының ақпаратына сәйкес, биыл наурыз айында көлік сатылымы 40 пайызға өсіпті. Жыл басынан бергі үш айда қазақстандықтар жаңа жеңіл көліктерді, жүк көліктерін және автобустарды сатып алуға 168 млрд теңге жұмсаған. Алайда елде карантин жарияланып, мамандандырылған ХОҚ-тар жабылып қалғандықтан, көлік тіркеу жүйесі жұмысын тоқтатты. Мемлекет қазіргі таңда көліктерді онлайн режимде тіркеуге өткізіп, диллерлерді жігерлендіруге барын салуда.
Сондықтан қазіргі төтенше жағдай – кәсіпкерлердің салы суға кететін емес, керісінше жаңа мүмкіндік ашатын кезең. Ол үшін e-commerce саласын меңгеріп, нарықтағы өз орнын күшейтуіне болады. Ең бастысы, клиенттер мен өз қызметкерлеріне қамқор болуды басты орынға шығарып, менеджерлерді қашықтан жұмыс істеуге көшіру керек. Ал курьерлер мен қойма жұмысшыларын зарардандырғыш құралдар және маскамен толық қамтамасыз ету қажет.

Райхан РАХМЕТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + seventeen =