Онлайн құрбандық қалай шалынады?

0 140

Биыл еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрбан айт намазы оқылмайды. Құрбандық та онлайн шалынады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Жамағаттың құрбандыққа онлайн тапсырыс беруіне қолайлылық жасау үшін 24 шілде күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Qurban2020.kz сайтын іске қосты. Қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсететін жаңа сайттың көмегімен ел тұрғындары онлайн түрде құрбандық малын таңдап, төлем жасап, қаласа шалған малының фото және бейне есебін сұрата алады. «Сайт ашылған күннен бастап 24 сағат бойы жұмыс істейді. Тапсырыс 31 шілдеге дейін қабылданады. Онлайн құрбандық шалу бірқатар мұсылман мемлекеттерінде әдетке айналған. Бұл – пайда табу емес, халықтың құрбан шалуына қолайлы мүмкіндік жасау. Бұл жоба келесі жылы да өз жалғасын табады деген үміттеміз» деді бас мүфти.
Демек, биыл тұрғындардың індет жұқтыруының алдын алу үшін ешқайда бармай, ешкіммен байланысқа түспей қашықтан өтінім беруіне мүмкіндік жасалды. Сайттан құрбандықты (қой, сиыр, түйе, ешкі) белгілеп, бағасын таңдап, ақшасын төлесе болғаны, тапсырыс берушінің телефонына тапсырыстың қабылданғаны жөнінде хабар жіберіледі.
Баспасөз мәслихатында құрбандық шалудың нақты ережелеріне тоқталған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, ҚМДБ наиб имамы Ершат Оңғаров бір ірі қараны бір немесе жеті адам бірігіп шалуына болатынын, ал қой мен ешкіні бірлесіп шалуға болмайтынын жеткізді. «Карантин жағдайына байланыс­ты құрбандық малының үштен бір бөлігі құрбандық шалған адамға берілмейді, мұқтаж жандарға ғана таратылады. Мұқтаж жандар да Qurban2020.kz сайты арқылы құрбандықтың етіне тапсырыс бере алады» деп түсіндірді ол.
Құрбандықтың құнына да тоқталған басқарма басшылары мал бағасының әр өңірде әрқалай екенін айтып, тоқтының (алты айдан аспаған тоқтылар құрбандыққа жарамайды) бағасы – 40 мың, ал үлкен қойлардың бағасы 50 мың теңгеден жоғары екенін жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 13 =