Онлайн қоңырау, онлайн оқу…

0 57

Елімізде жаңа оқу жылында оқушылардың 80 пайызға жуығы қашықтан оқыту форматында білім ала бастады. Бастауыш сынып оқушыларының 60 пайызға жуығы кезекші топтарға барды. Ал Нұр-Сұлтан мектептері 202 мың оқушымен биыл оқу жылын бастамақ. Мектеп табалдырыған алғаш аттаған 26 мың бала 1 сыныпқа қабылданды. Кезекші топта 14113 бала оқитын болады. Жалпы бастауыш сыныптарда 82 мың оқушы болса, соның 50%-ы кезекші сыныптарға оқуға өтініш берген. 1 қыркүйек – Білім күні мектептерде онлайн жиынмен басталып, кезекші топтар үшін мерекелік қоңырау соғылды. Алғашқы қоңырауға елордалық 200 мыңнан астам оқушы қатысты. Биыл 26 мың бүлдіршін 1 сыныпқа барады. Айта кетейік, өткен жылы 1 сыныпта 24 мыңдай бала оқыған еді. Білім күннің қорытындысы бойынша бастауыш сынып оқушыларының 50 пайызға жуығы кезекші топтарда оқуды бастады. Яғни жалпы саны 3 мыңнан астам кезекші сыныптар жұмыс істейді. Балалар саны 15-тен аспайтын кезекші сыныптарда сабақтың ұзақтығы 40 минуттан аспайды. Әр сыныптың үзіліс уақыты әртүрлі. Бүгінгі күні бастауыш сыныптарда 82 мыңнан астам оқушы бар болса, оның 50%-ы кезекші сыныптарға оқуға өтініш білдіріп отыр. Оқу процесі ҚР Білім және ғылым министрлігінің әдістемелік ұсынымдарына сәйкес жүргізіледі.
Ал қашықтан оқитын балалар үшін 20 тамыздан бастап компьютерлік техникалар және роутерлер таратыла бастады. Бүгінгі күнге 9 мың компьютер, 13 300 роутер берілген. 15 қыркүйекке дейін келісімшартта бекітілген 34 472 компьютерді толықтай таратуды аяқтамақ.
Сондай-ақ «Балапан» және «Ел арна» телеарналарында сабақтар басталды. Оның кестесі барлық мектепке жеткізілді. Бұл сабақтар білім министрлігінің ресми сайтында да орналастырылған. Мұндағы басты мақсат – оқушылар мен мұғалімдердің сабақтарды қайта қарап, қайталауына мүмкіндік беру.

Мұғалімдер біліктілігін өсірді

Елордалық ұстаздардың барлығы «Қашықтан оқытуды үйренемін» тақырыбындағы онлай-курсқа қатысты. Қашықтан оқытуға дайындық мақсатында білім беруді жаңғырту орталығы 12 480 педагогты қамти отырып, Stepik платформасында онлайн-оқыту ұйымдастырды. Оның ішінде 2562 мектепке дейінгі білім беру педагогы, 9036 жалпы білім беретін мектептердің мұғалімі және 882 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары бар. Сонымен қатар, барлық педагогтар 24-28 тамыз аралығында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Педагогикалық шеберлік орталығы» әзірлеген «Қашықтықтан оқытуды үйренемін» онлайн-курсына қатыстып, біліктіліктерін шыңдады. Ұстаздар жазғы демалыстарын да білім мен білуге жұмсады. Яғни педагогикалық шеберліктің Academia.kz виртуалды зертханасында білім алды. Онымен қоса, жаңа оқу жылында елорда мектептерінде 269 жас маман жұмысқа қабылданды. Айта кетейік, ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңы аясында биыл жыл басында мұғалімдердің жалақысы өскен еді. Кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2021 жылдан бастап ұстаздар жалақысын тағы да 25 пайызға өсіруге пәрмен берді. Бүгінде педагогтардың орташа жалақысы 148 мың теңгені құраса, 2023 жылға дейін екі есе өсіп, орташа айлық 300 мыңға дейін жетпек. Мұндай серпіліс жас мамандардың білім саласына келуіне, әлеуметтік жағдайдың көтерілуіне ерекше серпін бермек.

Жаңа балабақша ашылмақ

Биыл жыл соңына дейін балабақша кезегі де қысқармақ. 904 орындық 1 қабатты мектепке дейінгі 3 ұйымның филиалы ашылмақ. Сондай-ақ 90 орынға көру қабілеті нашар балаларға арналған балабақша пайдалануға беріледі. Және мемлекеттік жекеменшік әріптестік шеңберінде 360 орынға арналған тәрбие орнының құрылысы аяқталмақ.

Колледждерге 7 мыңнан астам студент қабылданды

Білім күнін онлайн жиынмен бастаған колледж студенттері де енді сабақты қашықтан жалғастырмақ. Алайда барлық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысанына құжат қабылдау аяқтаумен кешкі және сырттай оқу нысанына құжат қабылдау 20 қыркүйекке дейін жалғасады. Бүгінгі күні жалпы саны 7 мыңнан астам құжат қабылданған. Оның ішінде педагогикалық мамандыққа 909 студент оқитын болады.
Колледждерде оқу жылы қашықтан оқыту технологияларын қолдану арқылы басталды. Зертханалық және практикалық сабақтар, өндірістік оқыту және кәсіптік практика неғұрлым кеш мерзімге ауыстырылған.
Интернет-ресурстарда жалпы білім беретін пәндер бойынша 5 511 бейне-сабақ, арнайы пәндер бойыша 4 683 дәріс, сондай-ақ 27 746 астам практикалық тапсыр­ма әзірленген. Сонымен қатар, колледждерде компьютерлер мен интернетке қосылуына мониторинг жүргізілді. Компьютер немесе интернеті жоқ басқа өңір студенттері жатақханадан орын және компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген. Осылайша білім күні соғылған онлайн қоңырау, алдағы оқу жылының сәтті боларына сендірді. Қашықтан оқытуға әрі кезекші топта білім беруге жаз бойы дамыл таппай дайындалған ұстаздар барлық талаптарды сақтай отырып сабақ өткізбек. Осы ретте ата-аналардың да үлкен ыждаһат пен түсіністікпен қарауы ләзім.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − 6 =