Онлайн оқу оңайға соқпай тұр

0 224

Бір көктем мен жарты күз. Тағы қаншаға созылары белгісіз қашықтан білім берудің. Телефонға телмірген балалар мен жүйкесі сыр бере бастаған ата-ана. Бұл – биылғы жылдың жаттанды бейнесі. Онлайнға көшкелі білім саласындағы жанайқай мен сала қызметкерлерінің жұмысы да екі есе артты. Зиялы қауым «тұтас бір буын білімсіз қалатын болды» деп дабыл қағуда. Шынымен де солай ма?

БІЛІМ ТАРИФІ ҚАЙТА ҚАРАЛА МА?

Бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елдегі интернеттің онлайн сабақ өткізуге мүмкіндігі жетпейтінін мойындаған еді. Соған байланысты еліміздегі 2,5 миллион оқушы сабақты қашықтан түрлі платформалармен оқи бастады. Интернеттің иісі мұрнына бармайтын кейбір ауылдық мектептер болса, кезекші сыныптарға көшті. Онлайн оқу бірнеше баласы бар ата-аналардың қалтасына айтарлықтай ауыртпалық та салды. Осыған байланысты жаңа оқу жылының қарсаңында мұғалімдер мен оқушыларға арналған «Білім» тарифының қосылғаны да есіңізде шығар. Құны бар болғаны 990 теңгелік тарифте қосымша 1 ГБ және білім беру платформаларына кіру тегін. Бұл жаңалықты естігенде басымыздағы бөркімізді аспанға лақтырып қуансақ та, үмітіміз көп ұзамай су сепкендей басылды. «Бүгін не күнделік аша алмай, не онлайн мектептен сабақтарын орындай алмай қиналған қызыма интернет дұрыс ұстамай тұрған болар деп қоямын. Сөйтсем, «Білім» тарифымыз он күнге жетпей бітіп қалыпты. Сонда айына бір балаға 4000 теңге интернетке жұмсаймыз ба? Екеуіне 8000 теңге. Ал жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы ата-аналар баласын қалай оқытпақ?» деп жазды желі қолданушысы Салтанат Тажиева. Ақтара берсек, шағымданған ата-аналардың санында шек жоқ. Тіпті көп мұғалімдер мен оқушылар бұл тарифты қолданбайтын болып шықты. Айтпақшы, менде тарифтың аты мен ақшасына қызығып, қосып көргенім бар. Бір сағаттан кейін оператордан мегабайттарыңыз бітті деген хабарлама келіп тұр. Не ватсапқа, не зумға кіре алмай сан соғып қалдым. «Иә, операторлар атын айғайлатып қойып, шетелдік және отандық платформаларды тегін қолдануға болады деп жарнамалады. Бірақ отандық платформаларға ақысыз қосылсаңыз да, оның ішінде шетелдің платформалар арқылы қосылатын тұстары бар. Мысалы, кейбіреуінде зумның элементтері арқылы шығатын жерлері бар. Оған бұл тариф жарамайды. Сондықтан көп мұғалімдердің тарифы 2-3 күнде бітіп жатыр» деді мұғалім Мейіржан Темірбек.

ПЛАТФОРМА ӘЛДЕ САПАЛЫ ИНТЕРНЕТ

Аққу, шортан һәм шаян. Ахметтің бұл сөзі онлайн оқыту жүйесі­нің қазіргі сыйқын дөп басып айтқандай. Цифрлы Қазақстанның осы уақытқа дейін цифрлана алмауынан дәл бүгін оқушы зардап шекті. «Жалпы алғанда, «Ақпараттық Қазақстан-2020», «Цифрлық Қазақстан-2020» сияқ­ты бағдарламаларға, білім беруді дамыту шараларына соңғы бес жылда 72 миллиард теңгеден астам ақша бөлінген, оның ішінде 30 миллиард теңге e-learning электронды оқыту жүйесін енгізуге жұмсалған еді. Ол ақшаны далаға кетті деуімізге болады. Өйткені ешқандай нәтиже жоқ» деп еді Мәжіліс отырысында депутат Жәмила Нұрманбетова. Желге ұшқан ақшаларды есептеп отыруға кеш болса да, жіберген қателігімізді қайталамауға әлі де уақыт бар. Бірақ біздің еліміздегі қашықтан оқу телеарналар, «Күнделік», «Білімленд», «Дарын онлайн» платформалары тіпті «Қазпошта» мен ватсап желісі арқылы жүргізіліп келеді. Осы тұста бізді тағы бір сұрақ мазалайды. Елімізге оқу платформалары керек пе? Әлде қолжетімді интернет қажет пе? Білім беру саласын әркім әр жаққа тартпай, ортақ білім беру алаңын құрып, ауыл-аймақ тегіс интернетпен қамтамасыз етілгенде оқушылар мен студенттер тау-тасты кезбей алаңсыз білім алар еді ғой.
«Әлемде онлайн оқудың әртүрлі салалары дамып үлгерген. Тіпті онлайн университет бітіріп, диплом алуға болады. Біздің жағдайда онлайн оқуға еріксіздіктен барып отырмыз. Басқа таңдау жоқ. Ауылдық жерлерде ватсап желісімен оқыту жүрді. Ватсапта білім алу, білім алу емес. Егер өзге мемлекет біздің оқушыларымыздың ватсап желісінде оқығанын естісе, күлер еді. Ол желі тек хат алмасу үшін жасалған. ­Тиімді форматтың ­бірі – сайттық формат. Өйткені бала түсінбеген жерін қайталап көріп, сұрай алады. Бір ғана кемшілігі кері байланыс зум мен тимстағыдай бола алмайды. Қазақстан бойынша аталған шетелдік платформалармен сабақ өтіп жатқан мектептер саны аз. Оқушылардың орындаған тапсырмаларын мұғалімдер ватсап желісінен тексереді. Онлайн оқу жүйесінің кемшіліктері әлі де көп. Қолымыздан келгенше түзетуге тырысып жатырмыз. Қалыпты өмірге оралғаннан кейін де білім беру ісінің 25 пайызы онлайнға көшеді. Бәсекелестік артып, сапа да жақсарады» деді онлайн мектептің оқытушысы Таунар Ұланұлы.

ӘЛЕМ ҚАЛАЙ ОҚУДА?

ЮНЕСКО сарапшыларының хабарлауынша, әлемді әбігерге салған індеттен 165 мемлекеттің мектептері онлайн жүйе­ге көшіп, 1,5 млрд-тан астам оқушы қашықтан білім алған. Бірақ ­Германия, ­Израиль сынды мемлекеттер жаңа оқу жылында мектептерді ашқанынан елде коронавирус қайта өршіп кеткен. Жұқтырушылардың арасында мектеп оқушылары мен мұғалімдер саны артып, көп өтпей қайта жабылған.
Індеттен ең көп жапа шеккен Америкада 124 мыңнан астам мемлекеттік және жеке мектептер жұмысын тоқтатқан. Яғни, қазір кем дегенде 55 миллион американдық оқушы қашықтан оқиды. Онлайн оқыту американдықтарға да оңайға соғып жатқан жоқ. Біріншіден, жағдайы төмен отбасылар баласын техникамен толық қамтамасыз ете алмай жатса, екіншіден мұғалімдері сабақ берудің екі есе қиындағанын айтады. Үшіншіден, жұмысбасты ата-аналар балаларына 24 сағат бойы қарап отырғылары келмейді.
Америкалық мектептерде қатып қалған жүйе жоқ. Қай платформамен сабақ беретінін мұғалім өзі шешеді. Тіпті, кейбір интернетпен толық қамтылмаған штаттарда оқушыларға үй тапсырмалары берілмейді. Баға да қойылмайды.
Ал Ұлыбритания үкіметі маңыз­ды секторларда қызмет ететін мамандардың балаларына әлеуметтік ара қашықтықты сақтап мектепке баруға рұқсат берген. Бұл жалпы оқушылардың 10 пайызын құрайды. Қалған балалар күніне 4 рет бейнеконференциялар арқылы 45 минуттан аспайтын сабаққа қатысады.
Көршіміз Ресей індеттің алғашқы толқынында қашықтан оқыса да, асығыстыққа салынып, жаңа оқу жылын дәстүрлі түрде бастап кеткен. Алайда жағдай мәз емес. Оқушылар мен студенттердің арасында коронавирустың таралуына байланысты мектептердің біразы жабылды. Аймақтар үшін бірыңғай онлайн білім беру платформасының болмауына, ал бар платформалардың көңілден шықпауына байланысты мектеп оқушыларын қашықтан оқыту туралы шешім әлі де шықпаған.

ДЕНІ САУ ҰРПАҚ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Күні кеше ғана қолындағы смартфоны жарылып, өмірден өткен оқушы қыздың жағдайын сіз де естіген шығарсыз. Ол, ол емес-ау онлайн оқуға көшкелі көз дәрігеріне баратын оқушылар мен мұғалімдердің саны 2 есе артыпты. «Баланың таңнан кешке дейін сағаттап телефонның алдында отыруы денсаулығына әсер етпей қоймайды. Жүйкесі жұқарып, омыртқасы қисайып, көз жанарындағы бұлшықеттері әлсірейді. Әсіресе, экранға телміріп отырғаннан көп жағдайда алыстан көру нашарлап кетеді. Көздің жанарын ұзақ уақыт жаппай ұстап отырғанда компьютерден жарық, жылу және электромагниттік толқындар бөлінеді. Бұл толқындар көздің беткі қабатын кептіріп, қызартады. Жанардың жасаурауы мен қышуы осының әсерінен. Балалар үй жағдайында көзіне үнемі жаттығу жасап отыруы тиіс. Күніне алдымызға он бала келсе, соның біреуінің ғана көзі 100 пайыз болып шығады. Баланы әр тоқсан сайын дәрігерге қаратып отырған жөн» деді көз дәрігері Рашида Аужанова. Болашақта көзі нашар көретін бала санының күрт өсуі бек мүмкін. Яғни, офтальмологтарға сұраныс артады.
Қашықтан оқу бала психикасына да кері әсерін тигізіп жатыр. Төрт қабырғаға қамалып, көппен араласпай жүру бала бойындағы агрессияны күшейтеді екен. Ұзақ уақыт виртуалды әлемде байланыс құрған оқушы үшін топтың алдында сөйлеу, адамдармен әңгімелесу дағдылары уақыт өте келе жоғалуы мүмкін. «Бала өз табиғатына, болмысына сай қозғалыста өмір сүруі керек. Қазір олардың бойында өте көп энергия бар. Сол энергияны дұрыс жолмен шығармаған кезде баланың ішіне жиналып, депрессияға айналады. Қарап тұрсаңыз, пандемия кезінде отбасылық жанжалдар да екі есе өсті. Ал осындай жағдайларда ең бірінші бала зардап шегеді. Өзіне қымбат екі адам ұрсысып жатқан кезде бала өзін кінәлайды. Өзіне көтере алмайтын жауапкершілік алады. Себебі ата-анасын жоғалтып алудан қорқады. Бұл бала психикасына ауыр жүк. Көбіне осындай стресстен шығу үшін балалар зиянды әдеттерге ұрынады. Сондықтан денсаулықты сақтаймыз деп психиканы бұзып алмауымыз керек» деді психолог Ержан Мырзабаев. Ауру емделер, ал адам психикасындағы ауытқуды қалпына келтіру екіталай. Бір зардаптан құтыламыз деп, екіншісін шегіп жүрмесек жарар еді.

ОНЛАЙН САЙЫСТЫҢ САПАСЫ ҚАНДАЙ?

Онлайн оқу дегелі онлайн сайыстар да көбейіп кетті. Ақылы сайыстарға әр оқушы жарна төлеп қатысады екен. Осындай жарыс ұйымдастыратын ұйымдар сертификатты қалай болса солай таратқан. Тіпті жарысқа өтініш беріп, қатыспай қалған оқушыға грамота келген деседі. Бұрын мұғалімдер осындай сайыстардың мадақтамаларымен портфолио толтырып жүрсе, жақында ақылы онлайн сайыстарға министр тиым салды. Енді мұндай көзбояушылықпен айналысатын ұйымдардың аяғында тұсау бар.
«Ақша табу үшін ұйымдастырылған сайыстар бар. Сонымен бірге оқушылардың бос уақытында білімін тереңдетуге, дамытуға ұйымдастырылатын сайыстар да бар. Оны ажырата білу керек. Белгілі бір дәрежеде бұл сайыстар керек. Өйткені оқушы онлайн оқудан шаршаған кезде бір сәт болсын көңілін басқа жаққа бұрады. Ал жеңіске жетіп жатса, өзіне деген сенімділігі артады. Онлайн сайыстардың сапасы жүзбе-жүз кездесетін жарыстарға жетпесе де, белгілі бір деңгейде қажеттілігі бар. Бастысы қатысарда бизнес пен білімді ажырата білу» деді Назарбаев зияткерлік мектебінің тарих пәні мұғалімі Мэльс ­Қуанышқалиев.

ҚОСЫМША ОҚЫТУҒА ҚАРЖЫ КЕРЕК

Онлайн оқытуды місе тұтпайтын ақшасы бар ата-ана баласын қосымша білім беру орталықтарына тасып жүр. Ал қалтасы ондай қаражатты көтермейтін отбасының баласы қайтпек? Мектеп жабық тұрғанда, осындай қосымша білім беру орындарының жұмысы қайнап тұр. «Балам 11 сыныпта оқып жатыр. Алайда ҰБТ-ға дайындалу онлайн оқу барысында мүмкін емес. Сондықтан амал жоқ қосымша білім беру орнына барып жүр. Қалтаға әжептәуір салмақ та түсті. Ал сол оқытатын ақшаны табу үшін көп ата-ана сыртта жұмыста жүреді. Үйде бала қараусыз қалады. Мен өзім мектептің чатын қарап жүремін. Балалардың көбі тапсырма орындамай бір-бірінен көшіре салады. Онлайн оқуды оқу деп қарап жүрген ешкім жоқ» деді елорда тұрғыны Баян Ахатай.
Иә, онлайн оқуда ауыртпалықтың бір жағы ата-анаға түсіп, мұң болғыр мұғалімнің қадіріне жеттік. Ресми мәліметтер бойынша, осы уақытқа дейін елімізде 200-ге жуық бала аты жаман індетпен ауырыпты. Мүмкін дәстүрлі оқу жүйесіне көшіп кетсек, бұл статистика бұданда көп болар ма еді? Бастысы – бала денсаулығы. Айтпақшы, жағдай тұрақталғанша екінші тоқсанның қалай болары туралы нақты ақпарат жоқ.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × three =