Онлайн олимпиада озды

0 65

Пандемия пән сайыстарына тосқауыл болған жоқ. Өйткені білімді мыңды ғана емес, індетті де «жеңеді». Жақында әлемдік пән олимпиадасына қашықтан қатысып, ел мерейін асырған еліміздің оқушылар құрамы қола жүлдеге ие болды.

Химия бойынша ең беделді халықаралық «IChO» олимпиадасы пандемияға қарамастан өтті. Олимпиаданы Түркия мемлекеті ұйымдастырған. Ыстанбұлда өткен білім бәсекесіне әлемнің 60 елінен 200-ден астам оқушы қатысқан. Әр ел ұлттық біріншіліктің жеңімпаздарын, яғни 4 студенттен тұратын ұлттық құраманы ұсынды. Олимпиаданың талабы да осы. Қазақстан халықаралық турнирге іріктеу турлары мен Менделеев олимпиадасының жалпы рейтингісінің нәтижелері бойынша құрама команданың мүшесі болған 4 үміткерді ұсынды. Команда құрамында Нұр-Сұлтан қаласынан екі оқушы бар: Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Әбілмансұр Мужубаев, дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Бақдәулет Сейсенқұл.
«Химия пәнінен білім бәсекесі өте тартысты өтті. Әсіресе, Оңтүстік Корея, АҚШ, Қытай, Ресей, Сингапур, Жапония және басқа да елдердің оқушылары өздерінің мықтылығын көрсетті» дейді олимпиаданың ең жас қатысушысы Бақдәулет Сейсенқұлов. Ол бұл сайыста командалық құрамда жекелей де сәтті нәтиже көрсетті. Осы қатысуда химиядан әлемдік олимпиада іріктеуінен өтіп, келер жылға алтын алудан үмітті. 16 жастағы Бақдәулеттің бұл жетістігі бізді де қызықтырып, хабарластық.
– Олимпиада қашықтан өткенмен, халықаралық атмосфера сезіліп тұрды. Әрбір мемлекет өз елінің ішінен ең мықтыларын таңдап осы олимпиадаға қатыстырды. Әрине, олармен бәсекеге түсу оңай болған жоқ. Бірақ сол бәсекелесте өзін ең жақсы көрсеткен мемлекеттердің бірі АҚШ құрамасы болды. Олардың командасы 4 алтын жеңіп алды. Осы олимпиадаға әзірлеген ұстаздарым Сұлтан ағай мен Махмұд Козак бейге алғысым шексіз, – дейді олимпиада жүлдегері Бақдәулет Сейсенқұл.
Айта кетейік, құрама команданың жаттықтырушылары қазақстандық оқушылардың химия пәнінен 52-халықаралық олимпиадада елімізді лайықты деңгейде көрсетуі үшін бар білім-білігін салғаны қуантты. Ал әлем елдерінің алдында өздерінің алған білімдерін көрсете алған жастарымызға сәттілік тілейік.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 10 =