Онлайн касса тиімді ме?

0 45

Биылдан бастап салық төлеушілер ақшалай есеп айырысуларын онлайн бақылау-касса машиналары арқылы жүргізуге жаппай көшірілді. Бес жыл бұрын кезең-кезеңімен көшу жұмыс­тары басталып, былтыр ол ақтық мер­зімінен өткен еді. Фискалдық түбіртек беретін бұрынғы бақылау-касса маши­наларын алмастырған онлайн кассалардың артықшылығы ондағы мәліметтер бірден мемлекеттік кіріс­тер комитетінің базасына түседі. Осы аралықта тиімділігін байқатып үлгерген жаңа онлайн бастама мобильді дәуір қоғамында тез қолдау тапты.Онлайн бақылау-кассалық машиналарын қолданудың арқасында былтырғы жылдың алғашқы жартысында бюджетке қосымша 14 млрд теңге пайда келтірілген. ҚР қаржы министрі Әлихан Смайыловтың мәлімдеуінше, бастапқыда елордада пилоттық жоба ретінде 1700 кәсіпкерлік субъектісі іріктеліп алыныпты. Олар әдетте күніне бір ғана түбіртек шығарып, ондағы түсім күн сайын бірыңғай аз көлемді көрсететін. Ал онлайн бақылау-касса машиналарын енгізген соң олардың ресми түсімдері 3 есе артқаны байқалған. Қазіргі таңда ел аумағында 640 мың бақылау-кассалық машинасы тіркелген. Олардың 97%-ы, яғни 620 мыңы – онлайн кассалық машиналар. Жалпы елде 480 мың салық төлеуші онлайн касса арқылы есеп айырысуға көшкен.

Қадағалау жүйесінің соңғы сатысы

Онлайн касса тауарлар қозғалысын қадағалау жүйесінің соңғы сатысына жатады. Оның бұрынғысынан артықшылығы – салық төлеуші салық органдарына бармай-ақ онлайн кассаны тіркей алатындығында. Сонымен қатар енді ақшалай есеп айырысу кітабын толтырудың қажеті жоқ. Оған пломба қоймаса да болады. Мұның барлығы қашықтықтан және фискалды оператордың сайтында жасалады. Кәсіпкер барлық төлемдері мен операцияларын, күнделікті есебін қашықтан көріп, оны онлайн шығара алады. Онлайн бақылау-кассалық машиналарының құрылғы және гаджеттерге жүктелген мобильді қосымша ретіндегі екі түрі болады. Кейбір кәсіпкерлер осы соңғы қосымшаны жүктеп алып, оны компьютер, ноутбук немесе смартфон арқылы пайдалануда.
Онлайн БКМ арқылы жүргізілген қаржылық операциялар дерегін мемлекеттік кірістер комитетіне «Қазақтелеком» АҚ, «Транс­телеком» АҚ және «Кар-Тел» ЖШС жеткізеді. Кәсіпкерлер осы фискалды мәлімет операторларының бірін өздері таңдайды және көрсетілген қызмет үшін шамамен айына 1500 теңге төлейді. Олар әр түбіртекке қатысты мәліметтерді 5 жыл бойына сақтайды. Ал аппараттарды орнатпаған кәсіпкерлерге 7-25 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Кезең-кезеңімен көшірілді

Онлайн бақылау-касса машиналарын жаппай қолдану мерзімі 2024 жылдан 2020 жылға ауыстырылып, оны ҚР Қаржы министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жүзеге асырды. Жалпы кәсіпкерлік саласын онлайн қызметке кезең-кезеңімен көшіру елімізде 2015 жылдан басталған. Алдымен бұл қызметке көшу жанар-жағар май, дизель, алкоголь өнімдерін сатушы ұйымдарға міндеттелді. Ал 2016 жылдан бастап компьютерлік техника, жиһаз сатушылар, қонақ үйлер мен кинотеатрлар, шаштараздар, мейрамханалар иелері, құрылыс материалдарының көтерме сатушылары жаңа талаптарға сай сауда жүргізуге міндетті болды. 2018 жылы бұл тізімді сауда және ломбардтар саласындағы кәсіпкерлік субъектілері толықтырған. Өткен жылы ақырғы кезеңінде ашық сауда орындарындағы тұрақсыз орын арқылы жұмыс істейтін 15 мыңға жуық кәсіпкер-салық төлеуші қатарға қосылды.Көлеңкелі бизнеске тосқауыл

Кассалық аппараттарды сандық жүйеге көшірудегі түпкі мақсат – оны көлеңкелі экономикамен күрестің бір құрылғысы ретінде пайдалану. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында салық төлеуден жалтаруға қарсы күресті күшейтуді міндеттеген еді. Сол тапсырманы орындау үшін жүргізілген кешенді шаралардың бірі – онлайн бақылау-кассалық машиналарын енгізу. Зерттеулер де көлеңкелі экономиканың басым бөлігі сауда-саттықта, қолма-қол ақша жүретін жерде болатындығын көрсетті. Қолма-қол ақшаны фискалды етіп жасаудың арқасында көлеңкелі экономика көлемін азайтуға болады.

Кімдер босатылған?

Қазақстанда 1995 жылдан бері пайдаланылатын фис­калдық жады бар дәстүрлі бақылау-касса машиналары қазіргі технологиялық даму жағдайында техникалық түрде ескірді. Оның үстіне онлайн БКМ секілді жаңашылдықтарға көшу салық әкімшіліктерін цифрландырудың ажырамас бөлігі саналады. Бір айта кетерлігі, салық кодексі ережелеріне сәйкес бұл талап интернет желілері жоқ жерлердегі кәсіпкерлерге жүрмейді. Сонымен қатар жеке тұлғалар, екінші деңгейлі банктер, халықаралық тасымалды жүзеге асырушылар және ақшалай есеп айырысуды мүлдем қолданбайтын салық төлеушілер онлайн БКМ қолданудан босатылады.

Асқар АҚТІЛЕУ, республикалық «Тілші» медиа мектебінің жетекшісі:

– Онлайнмен оңай. Бұрынғы кассалық аппараттардың қағазы, лентасы, кітапшалары көп болатын, аппаратты күн сайын ашып, кешке міндетті түрде жауып отыруың керек. Онлайн қай жағынан да тиімді. Электронды нұсқасын телефонға жүктеп алсаң, төлем жасау­да электронды түбіртекпен құтыла саласың. Мен әлі бұл жаңа аппаратты алған жоқпын, себебі қазір маған оның қажеті болмай тұр. Бірақ оны алу қиын емес. Rekassa, Nurkassa деген бар, арзанға шығады бағасы. Есеп жүргізуі де оңай. Керек болған кезде сатып ала қоямын. Бастысы, бұрынғыдай аппарат арқалап, салық комитетіне салпылдап жүрмейсің. Онда барғасын тағы жарты күн кезекте тұрып шаршайтын едік. Оның үстіне биыл Мемлекет басшысы жеке табыс салығынан бірнеше жылға босатып жатыр, бұл да біз сияқты салық төлеу­шілер үшін үлкен қолдау болып отыр.

Нұргүл АҚШАБАЕВА, ҚР «Атамекен» ҰКП салық салу департаменті директорының орынбасары:

– Ұлттық палата тарапынан онлайн БКМ-на кезең-кезеңімен көшу туралы көп айтылды. 2015 жылдан бері кәсіпкерлер онлайн кассалық-бақылау машиналарымен жұмыс істеуге көшу барысында түрлі қиындықтарға кездесіп отырды. Мемлекеттік тізілімде онлайн БКМ үлгілерінің көбінің тіркелмеуі, іс жүзінде аппараттардың жетіспеушілігі, байланыс­тың үзіле беруі, фискалды мәліметтер операторларын көбейту қажеттілігі мәселелері туындады. Осыларды реттеу үшін «Атамекен» алаңына бизнестің де, мемлекеттік органдардың да өкілдері бір ымыраға келіп, нақты шешімдер шығару үшін бірнеше мәрте жиналды. Қазір карантин жағдайында көптеген дүкендер мен кеңселер жұмысы тоқтағанда фискалды мәліметтер операторының қызметіне төлем жасау өзекті мәселеге айналды. Дүкені жабық кезде осы төлемді жасамау үшін кәсіпкер оператор сайтындағы жеке кабинетіне кіріп аталған қызметті айыруға мәжбүр болуда. Бизнесті қолдау аясында осындай фискалды мәлімет операторларының бірінің тарапынан онлайн БКМ-ның нақты бір үлгілері бойынша нөлдік абоненттік төлем ұсынылды, яки олардан төтенше жағдай кезінде уақытша төлем алынбайды.

Балбөбек ОРАЗҒАЛИЕВА, жеке кәсіпкер:

– Жеке кәсіп ашқан адамның бәріне, мысалы, үйді жалға беретіндерге де, жемістер мен көкөністер сататындарға да онлайн бақылау-касса машиналарын алу талап етілді. Енді кассаны аралап жүріп немесе декларация толтырып жаппайсың. Салық органдары онлайн касса арқылы түскен түсімді бірден көріп отырады. Менің ірі сауда орталығында киім сататын жеке дүкенім бар. Қазіргі таңда жаңа онлайн касса аппаратын сатып алып пайдаланудамын.

Галина ПАВЛОВНА, «Новь» ЖШС  есепшісі:

– Салық кодексіне сәйкес талап етілген сәттен бас­тап біз онлайн кассалық аппаратты сатып алып пайдаланудамыз. Қазір үйреніп кеттік. Жалпы, бұл аппараттардың бағасы нарықта әртүрлі. Оның құны кәсіпкерліктің түрлеріне қарай өзгеріп отырады. Аппарат интернет­ке қосылған. Сол арқылы барлық деректер салық органдарының назарында болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × five =