Онлайн алаяқтан қалай қорғанамыз?

0 15

Интернет бәрімізге жақсы болды, бұрынғыдай төлем жасау үшін кезекке тұрмайсың, сәт арасында қыруар шаруаңды бітіресің. Тек біз емес, интернет пен әлеуметтік желілерді алаяқ­тар да пайдаланады, жалған интернет жарнамалар орналастырып, сайттар жасайды, қулық сауып, арам жолмен аңқау елдің ақшасын алады. Криминалдық полиция департаменті кибер қылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем ДҮЙСЕТАЕВ соңғы кезде интернетте онлайн алаяқтықтың көбейгенін айтады.Заманына қарай осы күнгі қылмыстың амал-тәсілдері де күрделене түскен. Ашық күнде алданып қалу оңай-ақ. Мысалы, алаяқтар кездейсоқ қоңырау шалады немесе абоненттік нөмірлерге SMS хабарлама жібереді және компанияның байланыс операторымен бірге өткізген науқаны туралы есеп беріп, нәтижесінде сіздің абоненттік нөміріңіз жеңіп шыққанын айтады. Ұтысты кім жек көрсін, бірақ аяқастынан тап болған олжаны басқа қаладан алу керек не оның құнын пластикалық картаға ауыс­тыру қажет болады-мыс. Әрі қарай қылмыскер интернеттегі (мобильді) банкингті өз құрылғысына қосады. Одан әрі…
Криминалдық полиция департаменті Кибер қылмысқа қарсы күрес орталығының мәліметіне қарағанда, онлайн алаяқтық жыл сайын еселеніп отыр, мысалы, 2017 жылы 2046 қылмыс (166-сы ашылды), 2018 жылы 4287 онлайн алаяқтық тіркелген. 2019 жылы ішкі істер органдары осындай 7 мың қылмысты тіркеді. Интернет-­алаяқтықпен күресу жөніндегі ведомстволық жоспар бойынша тергеу, алдын алуға байланысты шаралар нәтижесінде 1117 интернет-алаяқтық анықталып, 388 адам ұсталған, олардың 160-тан астамы екі немесе одан да көп фактілерге қатысы болған. Айта кету керек, интернеттегі алаяқтықтың көп бөлігі – трансшекаралық, басқа аймақта, кейде басқа елмен байланысты болғандықтан, қылмыс­тардың ашылуы мен тергеуі басқа «дәстүрлі» қылмыстардан айтарлықтай ерекшеленеді және біршама қиынға соғады. Оның үстіне интернет алаяқтардың шабуылына ұшыраған адамдар полицияға дер кезінде хабарламайтыны тағы бар.
Криминалдық полиция департаменті Кибер қылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаевтың айтуынша, алаяқтықтың ең көп таралған жері интернет-дүкендер, құпия сайттарда тауарларды сатумен байланыс­ты. Әдетте, алаяқтар құрбандарын өздері сататын мүлікке немесе олар ұсынатын қызметке төмен бағамен тартады, мұны жеделдік, сатып алудың төмен бағасы, қалдықтарды сату және т. б. түсіндіреді. Сатып алушылардан алдын ала төлем жасауды немесе электронды әмиян­ға не банктік картаға ақша аудару арқылы толық төлем жасауды сұрайды. Бірнеше күннің ішінде «сатушы» тауарды тез жеткізуге уәде береді, содан кейін із-түссіз жоғалып кетеді. Әдетте, мұндай алаяқтық жасау кезінде электрондық төлем жүйелері, үшінші тұлғаларға берілген банктік төлем карталары қолданылады. Осындай алаяқтықтың 29 фактісі дәлелденген (іс сотта қаралуда).
«Алаяқтар азаматтардың жеке деректерін жинай отырып, әлеуметтік инженерия әдістерін қолданады, арзан бағаны көрсете отырып, пәтерді, көлікті сату туралы жарнама қояды. Әдетте, ол өзінің басқа қалада немесе шетелде екенін түсіндіреді. Кепілдік ретінде өзі немесе туысы үшін халықаралық төлем жүйесінде (Unistream, Western Union, т. б.) шот ашуды және келісілген соманы аударуды сұрайды. Аңқау клиенттер ақша аударып, алаяққа чектің фотосуретін жібереді. Алаяқ төлем нөмірін алып, есеп иесінің атына жалған құжаттарды пайдаланып ақшаны иемденеді. Бір жағдайды келтірейік, бір адам өзінің автокөлігін сату үшін Колеса.кз сайтына хабарландыру береді. Оған біреу хабарласып, «Маған сіздің көлігіңіз ұнап тұр, сатып алайын деп едім, бірақ өзім Ресейдемін, сізге барғанша 2-3 күн өтеді, мен барып көлікті алып кеткенше ешкімге сатпай ұстап тұрсаңыз екен, сол үшін сізге 100 мың теңге кепілақы беріп қояйын» деп өтінеді. Көлігінің тез сатылатынына қуанған адам ештеңе ойлап жатпай бейтанысқа банк картасының нөмірін береді. Әлгі сатып алушы қайта телефон шалып: «Мен сізге ақша аудардым. Қазір сізге бір хабарлама келуі тиіс. Сол хабарламадағы сандарды маған айтып жіберсеңіз, сізге ақша түседі» дейді. Әдетте, интернет-банкингті қолданатын адамдар біледі, ол жерде түрлі операцияларды орындағанда, банк код жібереді де, астында «Өзіңізге жіберілген кодты ешкімге айтпаңыз» деп ескертеді. Бірақ көлігін сатпақ болған адам телефонына келген кодты айта салып, алаяққа қалай алданып қалғанын білмей қалды. Өйткені осы код арқылы алаяқтар оның интернет-банкингіне кіріп, есепшоты бойынша кез келген операцияны жасай береді. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясы азаматтарының қатысы анықталған осындай 17 қылмыс­тық іс тергелуде. Сонымен бірге сайттарда, әлеуметтік желілерде тиімді бизнеске ақша жұмсап пайда көру, кепілдендірілген инвестициялау туралы жарнамалар бар, онда ай сайын жоғары дивидендтер уәде етіледі. Әдетте, ақшаны Qiwi әмиянына немесе басқа төлем жүйесіне аудару сұралады. Басқаларды сендіру және тарту үшін алдымен аз мөлшерде ақы төленуі мүмкін. Әдетте, алғашқы төлемдер алаяқтықтың басқа құрбандары есебінен жүзеге асырылады. Үлкен соманы жинағаннан кейін алаяқ ақша төлеуді тоқтатады» дейді
Криминалдық полиция департаменті Кибер қылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев.
Криминалдық полиция департаменті Кибер қылмысқа қарсы күрес орталығының мәліметі бойынша алаяқтар жалған интернет-дүкен немесе белгілі сайттардың аналогын жасайды, онда олар өнімге немесе қызметке төлем жасау тәсілдерін көрсетеді. Сайттың сенімді не сенімсіз екенін анықтау қиын. Қызықтыратын өнімді таңдау үшін сатып алушы дүкенге «іс жүзінде» кіреді, бірақ көрсетілген тауардың сипаттамалары мен фотосуреттердің шындыққа қаншалықты сәйкес келетіндігі белгісіз. Кейін аударылған ақшалар тауарды жөнелте алмайтын немесе сапасыз тауар сататын адамдардың шотына түсетіні белгілі болған. Сондай ақ «қайырымдылықпен» айналысатын тым ақылды алаяқ­тар да бар. Көбіне интернеттің әлеуметтік желілері арқылы ақша жинаған мұқтаж немесе ауыр нау­қастардың туыстары алаяқтардан зардап шегеді. Алаяқтар қиналған адамдардың жағдайын пайдаланып, «еріктілердің» атынан ақшалай көмек ұсынады. Ақшаны аудару үшін олардан карточкалық шоттардың реквизиттерін немесе сауалнама толтыру сұралады, онда жеке деректер мен шоттың деректемелерін көрсету қажет. Қажетті ақпаратты алғаннан кейін алаяқтар карт-шоттарды үптеп кетеді екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды