ОҢТҮСТІКТЕН КЕЛГЕН ДӘМ

0 148

Өткен сенбі-жексенбі күндері дәстүрлі ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінде Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары шаруаларының дәмі саудаланды. Бұл өңірлердің жалпы құны 85 млн теңгенің 700 тоннаға жуық азық-түлік тауары елордаға әкелінген.Оңтүстік Қазақстан облысын жәрмеңкеге бастап келген облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қанатбек Оспанбековтің айтуынша, Шымкент өңірінен Астанаға негізінен көкөніс пен жеміс жеткізілген. Сондай-ақ, оңтүстіктіктер астаналық тұтынушыға сүт және бақша өнімдерін ұсынды.

Жамбыл облысының 10 ауданы мен Тараз қаласынан әкелінген тауарлардың да негізгі бөлігін көкөніс пен жеміс құрады (150 тонна). Жамбылдықтар «жесе – тіске, жемесе – түске кіретін» етті де әкелуді ұмытпапты. Көкөніс-жеміспен бірге 5 тонна балық, 4 тоннаға жақын сүт өнімі бас қаламызға келді. Мұндай ақпаратты бізге Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаев айтты.
Саудаға түскен өнімдердің бағасын айтар болсақ, олар нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен сатылды. Мәселен, көкөніс бағасы 35-70 теңге шамасында болды. Атап айтар болсақ, қырыққабат пен пияз, болгар бұрышы – 35 теңгеден, сәбіз – 40 теңгеден, қызанақ – 60 теңгеден, қызылша мен қияр 70 теңгеден саудаланды.
«Қазагромаркетинг» АҚ-ның ет бағасына жүргізген мониторингіне сенсек, астаналықтар ең арзан етті «Шапағат» базарынан ала алады. Ондағы қой етінің бағасы – 1050 теңге болса, сиыр еті – 980 теңгеден, ал жылқы еті – 1200 теңгеден саудалануда. Жәрмеңкеде қой еті – 900 теңгеден, сиыр еті – 950 теңгеден, жылқы еті 1150 теңгеден сатылды. Шолпан Қырқымбай есімді тұтынушы: «Мұндағы ет бағасы «Шапағаттыкінен» 30-50 теңге ғана арзан болса да, бір зейнетақыға қараған біздерге бұл әжептеуір көмек» дейді.
Естеріңізге салып өтейік, ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі 3 қарашаға дейін созылады. Алдағы демалыстарда, 28-29 қыркүйек күндері елордалықтарға Қарағанды облысының ауыл еңбеккерлері өз өнімдерін ұсынады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + twenty =