Өңірлер өнімі – өтімді

0 90

Рысгүл ҚАУҒАБАЕВА, Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары:

– Ұлыстың ұлы күні – Наурызды мерекелеу биыл бұрын-соңды болмаған өзгеше жағдайда өткізілмек. Ерекшелігі, елордалықтарды мерекемен құттықтауға еліміздің 8 аймағы келмек. Атап айтсақ, олар – Павлодар, Алматы, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласы. Сондай-ақ, «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда өтетін жәрмеңкеге Астананың 14 кәсіпорны қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынбақ. Қалалық әкімдіктің алдындағы орталық алаңда да үлкен мерекелік шара ұйымдастырылады.

– Жәрмеңкеде қандай өнімдер сатылады? Әрі оған келген қонақтарға арнайы мерекелік шара ұйымдастырылады ма?

– Аталмыш жәрмеңкеге 8 өңірден 150 тоннадан астам өнім жеткізіледі. Оның ішінде ауылшаруашылық және жергілікті кәсіпорындар тауарлары арзан бағамен сатылады. Мәселен, қарағандылықтар «Топар» жылыжайында өсірген көкөністерін арзан бағамен сатады. Ол – экологиялық таза өнім. Сондай-ақ, Қостанайдың «Деп» шаруашылығы әкелетін сүт өнімдері, ұн, ет бағалары онша қымбат емес. Бұлардан бөлек әр аймақтың елордалықтарға арнайы тартуы бар. Олар – концерттік бағдарламалар мен спорттық жарыстар.
Жалпы, мұндай жәрмеңке қала тұрғындары үшін таңсық емес. Себебі, бұған дейін де бірнеше мәрте өткізілген болатын. Мерекенің тағы бір ерекшелігі – сауда дүңгіршектері күмбезді болады. Алаңға келген астаналықтар мен қонақтар бауырсақ, наурыз көже мен палаудан дәм тата алады.

– Айтыңызшы, қала базарлары мен ойын-сауық орталықтарының Наурызға дайындығы қалай?
– Әлбетте, еліміздің төл мерекесін мерекелеуге қаланың ойын-сауық орталықтары мен базарлары да зор үлесін қоспақ. Мәселен, бүгін «Шапағат» коммуналдық базары Наурыз тойын жасап жатыр. Сол сияқты басқа да ұжымдар қарап қалмасы анық.

Айнұр ШОШАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 3 =