Өңірлер дамуы қалай өзгерді?

0 21

Қазақстанның әр өңірі арасында экономикалық және өндірістік бағыты, тұрмыс деңгейі, мемлекеттік қызмет сапасы жағынан айырмашылықтар бар. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған кейінгі Жолдауында сондықтан аумақтық даму жолында әр аймақтың бәсекелі артықшылығын ескеру қажеттігін айтқан болатын.

«Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс аймағының өнеркәсіптік әлеуетін барынша пайдалану керек. Осы өңірлерде еліміздің еңбек ресурсының жартысы шоғырланған. Сапалы жұмыс орындары бұл аймақтарды дамыту үшін өте өзекті» дей келе Президент аграрлық секторға дәстүрлі қолдау көрсетумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге, тамақ және тоқыма өндірісін, құрылыс материалдарын шығаруға және өнеркәсіптің өзге де салаларын дамытуға баса назар аудартты.
Осы мақалада ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жариялаған деректерге сүйене отырып, өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайына шолу жасаймыз.

Атырауға инвестиция  ең көп салынған

Ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша республиканың негізгі капиталына жалпы көлемі 7 трлн теңгеден астам инвестиция салынған. Бұл мұның алдындағы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 6,1%-ға аз. Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша әдеттегідей алда Атырау облысы тұр – 2,25 трлн теңге. Яғни өңірлерге салынған барлық инвестицияның 32%-ы осы облыстың үлесінде. Ең төменгі көрсеткіш Шымкент қаласы (147,9 млрд) мен Солтүстік Қазақстан облысына (140 млрд) тиесілі. Дегенмен өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырсақ, Атырау облысында да инвестиция көлемі 22,2%-ға кемігенін көреміз. Сондай-ақ Қарағанды (-9,5%), Батыс Қазақстан (-14,8%) және Қызылорда (-35,4%) облыстарының көрсеткіштері төмендеген. Ал Ақмола облысында керісінше инвестиция артқан (+29,5%). Нұр-Сұлтан қаласы (548,7 млрд тг) игерілген қаржы көлемі бойынша Алматыны (518,5 млрд тг) басып озды. Барлық инвестицияның 7,8%-ы астанаға тиесілі.

Қостанайда өндіріс  көлемі артқан

Осы уақыт ішінде республика бойынша өнеркәсіп өндірісінің өсімі 0,4%-ды құрап, ақшаға шаққанда 16,9 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш бойынша Атырау облысы тағы да үздік шықты. Есепті мерзім ішінде аймақта жалпы сомасы 3 трлн 376,4 млрд теңгенің тауары шығарылған. Яғни елімізде өндірілген барлық өнімнің 20%-ын осы облыс беріп отыр. Бұл былтырғы межеден бар болғаны 0,7%-ға ғана көп. Алайда әлемдік нарықта мұнай бағасының құлдырап барып басылғанын ескерсек, оған да тәубе дегендей екенсің. Ал өндірістің көлемі емес, өсу қарқыны бойынша есептесек, Қостанай облысы алда – 7,2%. Одан кейін Солтүстік Қазақстан – 6,8%. Дегенмен екі облыстың өнім өндірісін қоса есептегеннің өзінде ол жалпы республикалық көлемнің тек 6,4%-ын ғана құрайды.
Республиканың бес өңірінде өндіріс көлемінің төмендегені байқалады: Қызылорда (-11,5%), Маңғыстау (-5,9%), Ақтөбе (-2,9%), Шығыс Қазақстан (-1,5%) облыстарында және Шымкент қаласында (-1,8%).

Шымкентте  жұмыссыздар аз

Ағымдағы жылдың қыркүйек айының есебі бойынша елімізде жұмыссыз ретінде 219,2 мың адам тіркелген. Яғни жұмыссыздар саны жыл басынан бері екі есе немесе 121,6 мың адамға көбейген. Осы уақыт ішінде еңбекке жарамдылардың ішінде жұмыссыздар үлесі 1,1%-дан 2,4%-ға артқан. Жағдай Түркістан облысында күрделі: жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған 20,7 мың адамның саны сегіз айдың ішінде 32,3 мыңға жеткен. Бір қызығы, осы уақытта Шымкент қаласында жұмыссыздар қатарына 1,5 мың адам қосылған, бұл – республикадағы ең төменгі көрсеткіш. Қазір қалада жұмыссыз ретінде 10,6 мың адам есепте тұр.
Батыс Қазақстан облысында жұмыссыздық 4,4%-ды (14,9 мың адам) құрайды. Нұр-Сұлтан қаласында жұмыссыздар 0,9%-ға өскен. 1,16 млн-нан асатын астана халқының 5,5 мыңы екі қолға бір күрек таппай жүр. Ақмола облысында жұмыссыздар саны жыл басынан бері 4,3 есе өскен. Алматы мен Батыс Қазақстан облыстарында жұмыссыздық 3 есе көбейген.

СҚО-да бизнес белсендірек

2020 жылдың 1 қыркүйектегі жағдайы бойынша Қазақстанда 456,7 мың заңды тұлға тіркелген. Былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ол 10 мыңға көп. Бұл өсімнің жартысына жуығын Алматы (+2388) мен Нұр-Сұлтан (+2470) қалалары беріп отыр. Рсепублика бойынша тіркелген бизнес субъектілерінің 45%-ы осы екі қалаға тиесілі ( 204 мың бірлік). Дегенмен санның бәрі сапаға айналмайтыны да шындық. Мәселен, Статистика комитетінің дерегі бойынша Алматыда тіркелген кәсіпкерліктің тек 62,6%-ы, Нұр-Сұлтанда 70,8%-ы ғана жұмыс істеп тұр.
Басқа өңірлердегі жағдай төмендегідей: Солтүстік Қазақстан облысынан басқа өңірлердің бәрінде жаңадан тіркелген заңды тұлғалар саны артқан. Бірақ солардың жұмыс істеп тұрғандарының көрсеткіші бойынша республикада СҚО алда тұр – 78,4%. Түркістан облысында – 30, Жамбыл облысында – 58, Шымкент қаласында 84 заңды тұлға жабылудың алдында тұр.

Нұр-Сұлтан қаласында  құрылыс қарқынды

Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, осы есепті кезеңде Қазақстанда 8,1 млн ш.м тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның көлемі былтырғы сәйкес мерзімнен 6,4%-ға өскен. Құрылыс қарқыны бойынша Нұр-Сұлтан қаласы бірінші орында тұр. Мұнда 1,6 млн ш.м баспана салынған, ол өткен жылдан 40,1% көп. Сол себепті республикада бой көтерген әрбір бесінші шаршы метр астанада салынған.
Алматы қаласында 1,24 млн ш.м баспана пайдалануға берілген. Былтырғыға қарағанда аздаған өсім бар – 2,8%. Тұрғын үйді ең аз салған өңір – Солтүстік Қазақстан облысы (97 мың ш.м.). Сондай-ақ тағы үш облыста құрылыс көрсеткіші төмендегені байқалады: Атырау (-34,6%), Қызылорда (-5,6%) және Түркістан (-12%).
Елімізде бой көтеріп жатқан баспаналардың 48%-ы тұрғындардың жеке ақшасына салынады. Қызылорда мен Алматы облыстарында бұл көрсеткіш, тиісінше 98% және 93%-ға жеткен.
Жыл басынан бері республикада халық саны 153,2 мың адамға өскен. Бүгінде елімізде 18 млн 785 мың адам өмір сүріп жатыр.

Алматыда ақша  айналымы жоғары

Есепті мерзім ішінде Қазақстанда тауарлар мен қызметтер құны 4,9%-ға өскен. Әсіресе азық-түлік тауарлары қатты қымбаттап кетті (7,4%), ал қызмет көрсету мен азық-түліктік емес тауарлардың бағасы тиісінше 3,9% және 2,5%-ға артты.
Өңірлер бойынша сараласақ: ең жоғары қымбатшылық – Маңғыстау облысында (+5,6%), ең төменгі – Қостанай облысында (4,5%). Ал азық-түліктің ең қымбаты – Атырау облысында (8%), ең төменгісі – Ақтөбе, Қарағанды және Шығыс Қазақстан (7%-дан) облыстарында. Негізі республика бойынша барлық өңірлерде тағамдық өнімдердің баға өсімі біркелкі деп айтуға болады. Алматы азық-түлік бағасы жоғары болғанымен ( 7,8%), қызмет көрсету құны бар болғаны 1,1% өскен. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 2,3 есе төмен.
Республика бойынша инфляция – 4,9%. Яғни сіз жыл басында сатып алып жүрген тауарлар жиынтығы үшін қазір анағұрылым көп ақша төлейтін боласыз. Сөйте тұра, ішкі сауда-саттық қарқыны көп құлдыраған (9,5%). Бұл ақшаға шаққанда 6,8 трлн теңге көлемінде. Осыдан-ақ қазіргі кезде қазақстандықтар тауарларды аз тұтынатын болғанын көреміз.
Бөлшек саудадағы ақша айналымының 30% Алматыға тиесілі. Өткен сегіз айда оңтүстік мегаполисте 2 трлн теңгеге сауда жасалған. Ең төменгі көрсеткішті Түркістан облысы көрсеткен (105,6 млрд теңге).

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 − 5 =