Өңешінің кеңін-ааай!

0 124

Бір министрдің орынбасары Есілдің сол жағалауындағы Министрліктер үйінің ішінен ақша жымқырған дей ме… Оны ұстап алып, қойны-қонышындағысын ерінбей-жалықпай санап шыққан қаржы полицейлерінің есебіне үңілсем, сұмдық! Анау миллиондарға мен қала шетінен он сотық жер алып, ол жерге әке-шешеме су жаңа ағаш-тастан үй салып беріп, ол үйдің іші-сыртын мәрмәрлап, айналасын қымбат темір дуалмен қоршап, түркіменнің алабайы мен қалы кілемін тапсырыспен алдыртып… Қысқасы, осындай-осындай тұрмыстық жағдайымды түгел жасап алғаннан кейін, қалған ақшаны жетімдер мен қарттар үйіне аудара салар едім. Қатынымның қасарысқанына қарамастан! Рас айтам…

Өңешінің кеңін-ааай! Мұндай жалмауыз болар ма?!. Оу, сол сияқтылар кезінде бізге: «Ауылда қашанғы малмен мал болып жүре бересіңдер?! Мыңғырған шуаш-шуаш қойларыңды, дала шаңымен экологиямызды ластаған жылқыларыңды, сасық сиырларыңды тып-типыл етіп құртыңдар, әйда! Ондай масылдардың орнына біз шеттен жүні жұлынған тауық әкеп береміз. Соның етін жесеңдер де аштан қырылмайсыңдар!» деп дікілдеген жоқ па?! Е деп, кейінгі құс тұмауынан да қорықпастан, «Буштың бұтын» өңештен өткізуге бейімделе бергенде, өздерінің істеп отырғандары мынау! Соның дәмдеуіштеріне кететін тиынымызды қалталарына сүңгітіп жіберіп! Сосын, өздері экран алдында түк көрмегендей маңқияды да қалады-ей!..

Қайта, маған «бұтын» ұстатып қойған Бушқа рахмет! Өйтпегенде, тек жылқының етін жеп үйренген әкем де «тышқаншылаймыз ба, қайтеміз?..» деп міңгірлей бастаған. Ол байғұс кезінде ауылдың бас жылқышысы еді. Кличкасы – Кентавр (таңнан кешке дейін ат үстінен түспейтін дәуренінде кластасы Шәштібай қойған).

Әлгі… вице-министр деуші ме еді қазір… сол өз тілінде оқып, жаза да алмайды дейді білетіндер. Мен танымаймын. Жарайды, майшелпекті тасада отырып алып опыратын обырлығы бар екен, тым құрыса, соның дәмін қазақ тілімен татып көрсе, қайтеді? Шашалып қала ма? Мүмкін емес! Қаржы полицейлерінің санап шыққаны – өзіміздің ұлттық валюта. Қалтадағы тиындары біздің қытайлық кәстөмді бір жағына қарай қисайтып жүрген теңге!..

Өздеріңіз шеттен алдыртқан акарашкінің сүйегін шүкіршілікпен мүжіген мен қамсызбын қазір. Ыңғайсыз естілсе де, бар малынан айырылған әкем «кемпір, бүгін «Буштың бұтын» жейікші!..» деп жалғыз тісін тілімен итеріп отыруға әбден төселіп алды. Ал, сіздер… Осындайды қою керек қой, жігіттер!

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + one =