©2020 Астана Ақшамы
ОҢДЫ ІСТЕР ОРТАЛЫҒЫ
Екі елдің рухани байланыстарын жаңғыртып, халықтар арасындағы достықтың алтын арқауын жалғап жүрген халықаралық орталықтардың дені елордамызда орналасқан.
«Бармасаң, келмесең, жат боласың» деп, ағайын арасындағы сыйластықтың да, бауырлас халықтар арасындағы байланыстың да мәнін бір сөзбен бейнелеген қазақтың жолымен Ресей мәдениет және ғылым орталығында болған едік. О бастан іргесі сөгілмеген екі елдің гуманитария саласындағы атқарып жатқан жұмыс барысымен Қазақстан Республикасындағы «Россотрудничество» өкілдігінің жетекшісі Виктор Шулика таныстырып берді.
– Біздің қызметіміз халықтар арасындағы достық байланысты сақтап, нығайтуға бағытталған. Негізгі мақсатымыз – екі мемлекет арасындағы гуманитарлық қарым-қатынастарды жаңғырту болып табылады. Мәдениет, әдебиет, ғылым, білім беру және отандастарды қолдау аясында осы міндетті атқарып келеміз. Осы орайда түрлі тақырыптық кештер, кездесулер мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырамыз. Сонымен бірге Ресей, Қазақстан және ТМД елдері тарихындағы маңызды даталар мен уақиғаларды осы орталықта бірлесе атап өтеміз. Ресей Федерациясының мемлекеттік мерекелері қарсаңындағы ресми қабылдаулар, соғыс және еңбек ардагерлерін марапаттау да осы орталықта бар сән-салтанатымен өтеді, – деді Виктор Николаевич.
Ол осында өткізілген фотоэкспозициялар, ғылыми-техникалық, көркемөнер туындыларының көрмелері және танымал сазгерлер мен жазушылардың, өнер қайраткерлерінің қатысуымен өткен әдеби-сазды кештер жайында кеңінен әңгімелеп берді.
– Бүгінгіміз бен өткеніміздің нақты дәйегі – фотоөнер барлық өңірде дамып келеді. Талантты суретшілердің туындылары астаналықтар назарына ұсынылып қана қоймай, ондай кештің соңы концерттік бағдарламаға ұласып жатады. Сондай көрмелердің бірі Мәскеу қаласының тарихына қатысты өтті. Өмірінде бір рет ұлы шаһарда болып, осында өткізген кезеңдерін еске салатын фотокөрмені астаналықтар жылы қабылдады. Жасамыс қазақ әйелі келіп әсерімен бөліскен еді. Оның әкесі Ұлы Отан соғысы кезінде Мәскеу түбіндегі шайқастарға қатысып, сонда қаза тапқан екен. «Әкеме топырақ бұйырған бауырластар зиратына кезінде ұлымды апарып тұрушы едім. Жаныма жақын қасиетті орынның суреті көзіме оттай басылды. Енді немерелерімді де аталарының басына апарып қайтқым келеді» деді. Әрине, ортақ тарихымыз бізді жақындастырады. Мұндай шаралардың бәрі тарихқа тағзым, жастарға өнегесі болсын деген ниетті жадымызда сақтайтынымыз да сондықтан, – дейді Виктор Шулика.
Қазіргі заманғы мультимедиялық және дыбыс күшейткіш құралдардың және видеопроекторлар мен үлкен экран арқылы Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарынан, РФ аймақтарынан видео семинарлар, таныстырылымдар өткізуге мүмкіндік береді екен. Арнаулы мамандармен бірге түрлі оқу бағдарламалары талданып, ресейлік жаңа фильмдердің тұсаукесерлері де осында өтеді.
Орталықтың ғылыми бағыты ауқымды көрінді. Дөңгелек үстел отырыстары, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, орыс тілі мамандарының күздік сессиясы осында өтеді. Қазақ және Ресей ғалымдары бас қосып, екі елдің іскер азаматтарының ортақ мәселелерді талдап шешетін орны да осында екен.
Ресейліктердің Елдік үйлестіру кеңесінің отырыстары мен журналистерге арналған брифинг, баспасөз мәжілістері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің жиындары мұнда тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Жақында Астана қаласы Білім беру басқармасымен бірлескен жас ақындардың «Поэзия, бейбітшілік, тіл!» деп аталатын поэтикалық кеш өтті. Өлеңге таласы бар жастарды бастап келген Б.Хамзина осы кештің жүргізушісі болды. Кеш қонақтары қатарында орыс тілі мен әдебиеті бойынша олимпиада жеңімпаздары болды. Кештің арнаулы қонағы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті филиалының профессоры Г.Власов пен Қазақстан қорғаныс күштерінің ардагері, ақын В.Петров құттықтау сөз айтып, оқушыларға алғысын білдірді.
– Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыс тату көршілік, ынтымақтық келісімшарттары арқылы айқындалған. Одан бөлек, халықтарды жақындастырып, ортақ құндылықтарын дәріптеуде әлем классикасымен қатар орыс әдебиетінің орны бөлек дер едім. Жастар арасында ақыл-ой кемеңгерлерінің мұрасын насихаттау арқылы, жалпы адамзатқа тән рухани байлыққа қол жеткіземіз. Жадымда қалған әдеби кездесу Толстойдың әдеби мұрасына қатысты болды. Балалар шығармашылығына ерік берген осы кездесуге ұлы жазушының ұрпағы қатысты, – дейді Виктор Николаевич.
Халықаралық мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың түрлі пішімдерін дамыту – біздің ел саясатының да басымдық берген бағыттарының бірі. Білім беру, ғылымды дамыту және жаңа технологиялармен алмасу кеңістігін аша отырып, халықтар арасындағы достықтың діңгегін нығайтуда аталмыш орталықтардың қызметі зор екеніне көзіміз жетті.