Оңалту орталықтары – қамқорлық ошағы

0 43

 

Елордада ерекше қажеттілігі бар жандарға көңіл аударып, барынша қолдау білдіру жолға қойылған. Оның 5,5 мыңы – балалар. Жуырда болып өткен есеп беру жиналысы кезінде қала әкімі Алтай ­Көлгінов ерекше қажеттілігі бар балалардың уақытылы ем-домын алып, оңалту шараларын қабылдауы үшін биыл тағы 2 оңалту орталығын салу жоспарланғанын айт­қан болатын. Мұндай мекемелерге сұраныс жыл сайын артып келеді. Көптеген балалар көмек пен оңалтуды қажет етеді. Әкім бұл жолы №2 қалалық балалар ауруханасы базасында жұмыс істейтін «Қасиетті жол» оңалту орталығының жұмысымен танысып, орталық қызметкерлерімен емен-жарқын жүздесіп, бірлесе отырып жұмыс сапасын жақсарту және білікті көмек көрсету жайында пікірлесті.Жыл сайын ДЦП диагнозы қо­йылған 700 бала тегін ем алады. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес орталыққа қажетті жабдықтар сатып алуға қолдау көрсетіледі. Кездесу барысында ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар қала әкіміне сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын айтып жеткізді. «Орталықтардың балалардың денсаулық жағдайын бір деңгейде қолдап қана қоймай, жақсартуы өте маңызды. Ата-­аналар мен медициналық қызметкерлер күнделікті еңбектерінің нәтижесін көргенде өте қуанады. Мемлекет ерекше қажеттілігі бар жандарға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөледі. Жұмыс істеп тұрған ауруханалардың базасында осындай оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Тұңғыш Президент Қорымен бірлесе тағы бір қалалық аурухана базасында оңалту орталығы ашылады. Инватакси машиналарының санын көбейтеміз. Бүгінде 10 арнайы машина сатып алынды. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға жағдай жасау үшін одан әрі жұмыс істейміз. Сіздерді Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, амандық тілеймін» деді қала әкімі Алтай Көлгінов. Қалада иппотерапиямен айналысу үшін ат спорты кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа салынған тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында оңалту орталықтары, емханалар, балаларға арналған шағын орталықтар сияқты әлеу­меттік нысандар ашылады. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды оңалтумен айналысатын үкіметтік емес ұйым­дармен бірлесе жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, елордада екі оңалту орталығы салынады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + 20 =