ОҢАЙ ЖОЛЫН ОЙЛАСТЫРҒАН  ЖӨН

0 107

567303

Уақыт өткен сайын Астана тұрғындарының саны артып жатыр. Сенбесеңіз, таңғы сағат сегіздерде орталық көшелермен жүріп көріңізші. Бағдаршамның жасыл түсін тосып тұрған жүргіншілер құдды бір Американың даунтаунын еске түсіреді. Ығы-жығы адам, бәрі жұмысбасты. Бұл құбылыс көлігі бар кісілерге қиындық келтіруде. Автотұрақтан бос орын табу қиын. Жұмысыңыз Министрліктер үйі мен соның жанындағы зәулім ғимараттарда болса, тіптен таусыларыңыз анық. Өйткені, сіз сияқты қаншама жанның темір тұлпары – сол тұраққа үміткер. Бұл проблеманы уақытша болса да шешудің жолы – велосипедке ауысу дер едік. Әрі ауаны ластамайсыз. Берекесі кеткен бензин жырына да басыңыз ауырмайтын болады.

 Салауатты өмір салтын ұстанған жақсы, әрине. Дегенмен, осыған бет бұрған азаматтардың алдынан кес-кестей шығатын бірнеше кедергіні байқадық. Әуелгісі – веложолдың аздығы. Веложол деп әспеттеп отырғанымыздың өзі – қақ ортасынан ақ жолақпен бөлінген тротуар. Велосипедтің суреті салынғанына қарамастан, жаяу жүргіншілер ол жолмен жайбарақат жүре береді. Бір жағынан оларды да түсінуге болады. Веложолдың шетін жиектеп, түсін түстеп қоймаған соң, ненің қандай жол екені бір көрген көзге шынымен байқалмайды.

Соңғы кездері біраз жерде «Астана байктың» бекеттері салына бастады. Жобаның директоры Алмагүл Қасымовамен сөйлескенімізде, қызметтерінің мәнжайын былайша түсіндірді: «Біздің велосипедті екі тәсілмен жалға алсаңыз болады. Біріншісі – карточка арқылы. Ол үшін жергілікті бөлімге жеке куәлігіңіз бен тұрғылықты жеріңізден анықтама алып барсаңыз жеткілікті. Карточканың бағасы – алты жарым мың теңге. Оның бес мыңы – веломаусымға алынатын абонемент, бір мыңы – кепілдік жарнасы, ал қалған бес жүз теңге – минималды тариф құны. Ал екінші әдіс – СМС. Бұл әдіс қаламызға сырттан келген қонақтар үшін тиімді. Себебі, оларда мекенжай анықтамасы жоқ. Әуелі біздің сайтқа тіркеледі. Сонда өзінің банктік карточкасының нөмірін жазып, онлайн түрде өтініш білдіреді. Бір есте сақтайтын нәрсе – карточкада отыз жеті мың теңгеден көп ақша болуы тиіс. Бұл соманы процесс кезінде уақытша бұғаттаймыз. Кейін велосипедті уақытылы табыстағанда, кері қайтарамыз».

Велошейринг жүйесінің біздің елде де дамып жатқаны – қуантарлық жайт. Әйткенмен, әлі де болса жетілдіретін жақтары көп секілді. Біріншіден, карточканы рәсімдейтін нүкте Астана бойынша екеу-ақ. Сол жағалау тұрғындары  «МЕGA»  сауда орталығындағы, оң жағалау тұрғындары «Астана Молл» сауда орталығындағы жалға беру бөлімдеріне барады. Сіз қаланың мүлде басқа түкпірінде тұрсаңыз, керекті бөлімге жету үшін әжептәуір әуреленуге тура келеді. Дамыған елдерде әр велобекеттің түбіндегі терминалдың көмегімен-ақ карточканы ала бересіз. Екіншіден, велоабонементтің төлемі өте ыңғайсыз. Екі-үш күн ғана пайдаланған карточкаңызды апарып берсеңіз, сізге тек тариф құнынан қалған ақшаңызды қайтарып береді. Яғни, карточкалар ұзақ және қысқа мерзімге лайықталып жасалмаған. Мұның орнына бір күндік, бір апталық, бір айлық немесе бір маусымдық кезеңдерге сәйкестендірілген абонементтер шығаруға болады. Үшіншіден, карточка алуға қажетті құжаттар кез келген уақытта қалтадан табылмайды. Мекенжай анықтамасын алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығын жағалайсыз. Онда да бұл – тек елорда тұрғындары үшін. Тіркелген жеріңіз басқа қалада болып, мұнда жұмыс бабымен не оқып жүрсеңіз, тағы да тиісті орыннан қағаз сұратады. Жағдайды бұлайша қиындатпай-ақ жеке куәлікті ғана талап етсе жеткілікті емес пе?! Төртіншіден, компания өкілдері смс арқылы рәсімдеуде банктік карточкаңызда өте үлкен соманың болуын міндеттейді. Мейлі, веложүріс аяқталған соң, қайтарып береді делік. Бірақ кез келген шақта карточкада отыз жеті мың теңге бола бермейтінін де ескеру керек шығар.

Дамыған ел дегеннен шығады. Бұл күндері біраз мемлекеттің жұртшылығы қос доңғалаққа қонжиған. Бізге үлгі болуға тұрарлық істерін де айта кетейік. Мәселен, Норвегияның Тронхейм атты шап-шағын қаласында велосипедтерге арналған лифті бар. Жергілікті тұрғындар мен қонақтарға сол лифтімен Брубаккен тауына темір тұлпарымен бірге көтерілуге рұқсат. Жаңа Зеландияның оңтүстігіндегі Крайстчерч кенті – велокинотеатрымен танымал. Педальді тоқтаусыз айналдырса, одан пайда болған электр қуатының көмегімен фильм көруге болады. Мальмёлік веложолдарға кәдімгі көшелердікі секілді аттар беріліпті. Боготада жылына бір рет автокөлік қозғалысын тоқтатып, велосипед күнін атап өтеді. Ал лондондықтар қаладағы қоғамдық велосипедтерді неліктен «Boris bike» атап кеткенін білесіздер ме? Мэрлері Борис Джонсон әркез осы көлік түрін қолданады екен.  «Жақсыдан үйрен» дейді ғой қазақ мұндайда.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + 6 =