©2020 Астана Ақшамы
ӨНЕРТАПҚЫШТЫҚҚА ЖОЛ АШЫҚ
Қазақстан Республикасының Әділет, Білім және ғылым, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктері бірлесіп, жыл сайын «Шапағат» өнертапқыштық саласындағы жетістіктердің республикалық байқауын өткізіп келеді.
Байқау негізінен Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік рөлін арттыру, өнертапқыштық іс-әрекеттің танымалдылығы, өнертапқыштық пен инновацияны ынталандыру және оның дамуына ықпал ету, инвестицияны өнертапқыштық, инновациялық салаға тарту мен өндірістік секторға болашағы жарқын әзірлемелерді ендіру мақсатында ұйымдастырылады.
«Шапағат-2013» байқауының қорытындысында «Жылдың ең жас өнертапқышы» аталымы бойынша Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Мәдина Сәрсенова жеңімпаз танылған еді. Ол «Құрылыс материалдары түрінде қоқыстарды жоюмен суларды коагуляциалық тазалау» атты өзекті тақырыпта еңбектенген. Жас өнертапқыш алты валентті темір қоспасы бар коагулянттың (тұндырушы) көмегі арқылы ластанған суларды тазартып, заласыздандыруды өндіріске енгізуді ұсынады.
Өңделген коагулянт әртүрлі қатты өндіріс қалдықтарын және өсімдіктен шыққан органикалық қалдықтарды (сүлгі, жаңқа, құстың жүндері), тағы басқаларды жояды.
Осы байқауда химик-технолог Маржан Досмағамбетова да көзге түсті. Ол тұрмыстық химия бойынша көптеген халықаралық көрмелерге, конференцияларға қатысқан.
Айта кету керек, байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жеңімпаздар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты рәсімге зияткерлік меншік саласына қатысты шетелдік ұйым өкілдері қатысты.
Сағи ОРАЛ