ӨНЕРТАБЫС – ӨРЛЕУ КЕПIЛI

0 1  195

BEK_8195

Астанада алғаш рет 4-5 қараша күндері Технологияны коммерцияландырудың I халықаралық форумы өтті. Форумға отандық компаниялар мен өнертапқыштардың 49 жобасы қатысты.

Ауқымды шараны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және Дүниежүзілік банк қолдауымен Технологияларды коммерцияландыру орталығы ұйымдастырды.

Осы арқылы ұйымдас­тыру­шылар ғылым мен нарықтың бай­ланысу амалдарын дамытуды, қазақ­стандық және шетелдік ин­вес­торлардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрылымдық жоба­ларға назарын аударуды көздейді.

Форумның ашылуына ҚР премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Президентінің көмекшісі Ербол Орынбаев, білім және ғы­лым министрі Аслан Сәрін­жі­пов, Дүниежүзілік банктің Қа­зақ­­стан­дағы аймақтық менед­жері Людмила Бутенко және Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі халықаралық кеңес төрағасы Гленн Швайцер қатысты.

«Технологияларды коммер­цияландыру» гранттық бағдар­ла­масының бірінші кезеңі нәтиже­сінде 710 млн теңге көле­мінде 16 жоба іріктелді. Екінші кезең нәти­жесі ағымдағы жылдың жел­тоқ­сан айының басында жария етіледі.

Форумға қойылған жобалардың ішінде «Тай-Бота» құрғақ шұбат ашытқысын дайындау тәсіліне көпшілік қызығушылық танытты. Жобаны ұсынушы Гауһар Қонысбаева: «Бұл ұнтақтарды сүтке араластырып, шұбат дайындап ішуге болады. Стартерлерді пайдалану дұрыс дәмдік сапаны және берілген сусындардың пайдалы құрамдарын алудың арқасында шұбат сату көлемін көбейтуге, сондай-ақ өнімнің қауіпсіз екеніне сенімді болуға мүмкіндік береді» дейді.

Тағы бір ізденіс нәтижесі – «Синтез және қазақ тілін тану жүйелерін әзірлеу» жобасы электронды технологияда қа­зақ тілінің мүмкіндігін молайтады. Мұндай компьютерлік құ­рылғыларға арналған қазақ тіліндегі ақпаратты дауыстап ен­гізу жүйесі нарықта әзірге жоқ. Аталған бағдарлама ақпараттық технологиялар деңгейінде қазақ тілін жаппай енгізуге тікелей септігін тигізеді. Жобаның «Андроид» және дербес компьютер бағдарламасына лайықталған екі нұсқасы бар.

СҮБЕЛІ СӨЗ

Гүлшара Әбдіхалықова,
ҚР премьер-министр орынбасары:

– Бүгінгі форумға қойылған 49 жобамен танысып шықтық. Бұл жобаларды қолданысқа енгізсек, осы бағытта ат­қарған жұмыстарымыздың нәти­желі болғаны. Бізде коммерцияландыру мамандары тапшы. Ғылыми қызметкерлермен қатар, коммерция­ландыру мамандарын да көбейту керек. Қазақстандық ғылымды дамы­туға арналған негiзгi институттар құрылды. Олардың қатарында жоғары ғылыми-техникалық комис­сия, ұлттық ғылыми кеңестер, ұлт­тық ғылыми-техникалық сараптама орталығы, қоғамдық ғылыми ұйымдар бар.  2011 жылы «Ғылым туралы» заң­ның қабылдануы ұлттық ғылыми жүйенің жетiлуiне ықпал жасады. Қар­жыландыру көлемi түбегейлi өзгердi. 2010 жылы ғылымға 33 млрд теңге бөлiнсе, 2013 жылы 62 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды.

  

Аслан Сәрінжіпов,

Білім және ғылым министрі:

– Бүгінде ғылымды дамытудың басты стратегиялық желісі – эконо­ми­каның нақты секторымен өзара бай­ланысын күшейту,  өндіріске ғылыми ізденіс  нәтижелерін енгізу және оларды коммерцияландыру болып табылады. Ғылымның бизнеспен байланысын қам­тамасыз етудің жаңа механизмдері Дүниежүзілік банктің «Технология­ларды коммерцияландыру» жобасы шеңберінде жүзеге асуда. Осы бағыт­тағы шаралар жаңа өнімдер мен та­уарларды нарыққа шығаруға және елдің бәсекеге қабілеттілігі артуына  ықпал етеді.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 6 =