«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сурет сыры

0 268

Белгілі қаламгер Табыл Құлияс ағамыздың жеке мұрағаты өте бай. Онда халқымыздың жүріп өткен жолына қатысты құнды деректер мол. Түрлі тарихи суреттерді де кездестіресіз. Сондай бір өткен күннен сыр шертетін фотоны сатирик жақында бізге берді.

 

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары. Жазушы онда Алматыдағы қазақ телевидениесінің насихат редакциясында қызмет істейді. «Жебе» сатиралық журналын шығарады. Сол кезде Алматыға келіп Ақтөбе облысының өнерпаздары концерт қояды. Оны телевидение түсіреді. Алыстан елдің сазды сағынышын алып келген талантты жастардың өнерін Алатаудың етегіндегі әсем шаһарда тұратын ақтөбеліктер барып тамашалайды. Кеш аяқталғаннан кейін мәдени шараны бастап келген азаматтар Алматыда тұратын атақты жерлестерін ортаға алып, суретке түседі. Бұл жәдігер – сол ұмытылмас күннен қалған естелік. Фотодан жұртшылық жақсы білетін екі айтулы тұлғаның бейнесін көресіз. Оның біріншісі – қазақ музыкасын зерттеп, бір ізге түсіріп кеткен көрнекті ғалым, композитор
Ахмет Жұбановтың қызы Ғазиза апай. Ардақты жан көзі тірісінде әкесінің кіндік қаны тамған өлкені қадір тұтып өткен. Әкесінің жолын қуып, музыканың биік шыңын бағындырды. Қазақстан мен КСРО-ның Халық әртісі атанды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды. Екіншісі – медицина ғылымы саласында ұлтымыздан шыққан алғашқы профессор Ишанбай Қарақұлов. Асыл азамат Ақтөбенің Ойыл ауданында туған. 1950-1954 жылдары Денсаулық сақтау министрі болып қызмет істеді. Еліміздегі эпидемиология, профилактика және микробиология саласын зерттеп, мектеп қалыптастырған ғалым. Суреттен Табыл ағамыздың да қырықты орталаған қайратты кезі көзге жылы ұшырайды.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды