Өнерлі әулеттің көрмесі

0 20

Әскери-тарихи музейде қылқалам және қолөнер шеберлері ­Бейісбековтер әулетінің «Бабалар ізімен» атты шығармашылық көрмесі ашылды. Бұл отбасының 8 мүшесі кескіндеме және қолданбалы өнермен айналысады.Отағасы Болатбек Бейісбеков бастаған әулеттің Шымкент қаласында «Алтын Орда» атты отбасылық галереясы жұмыс істеп тұр. Отбасындағы жеті адам – Қазақстан Суретшілер одағының, бесеуі – Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшелері. Осы уақытқа дейін әрқайсысының «Асыл мұра», «Шаңырақ», «Туған жерге тағзым», «Көктем үні», «Ғасырлар үні» және т. б. атаулармен отбасылық жеке шығармашылық көрмелері өткен. Ал аталған көрмеге 70-ке жуық туынды ұсынылған.
Болатбек Бейісбеков Шымкент қаласында Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінде оқыған. Жары Күләш Айдарбековамен сол жерде танысты.
– Екеуміз бір топта оқыдық. Сөйтіп бас қосып, балалы-шағалы болдық. Балаларымыз да осы жолды таңдады. Бәрі ­Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжін бітірген, – дейді Б.Бейіс­беков.
Ұлдары Берік, келіндері Мәдина Ахметова, қыздары Венера, Ақбота, Арайлым, немерелері Нұрай да олардың жолын қуып келе жатыр.
Болатбек Бейісбеков кескіндеме өнерімен айналысса, Күләш Айдарбекова – гобелен тоқу мен портрет жанрының шебері. Ал Берік Бейісбеков былғарыны өңдеудің қыр-сырын меңгерген. Бұған қоса, зергерлік өнері де бар екен.
Ал Беріктің жұбайы Мәдина кілем және гобелен тоқиды. Венера Бейісбекова гобеленші болса, Арайлым Бейісбекова – суретші, Ақбота киізден киім тігеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды