Өнерімен өрледі

0 123

Халықаралық отбасы күніне орай №48 мектеп-лицейдің мерекелер залында «Отбасы – отаны­мыздың болашағы» атты қалалық отба­сы­лық шығармашылық фестивалі болып өтті. Астана қаласы Балалардың құ­қықтарын қорғау департаменті мен Білім басқармасы бірлесіп ұйым­дастырған шараға Отбасылық тәрбие­леу институты демеушілік жасады.

Ұйымдастырушылар берген мәлі­мет­терге қарағанда, дәл осы күнге дейін фестивальдің І кезеңіне қалалық мектептерден 53 отбасы, барлығы 13250 адам қатысқан. Бұл осы байқауды ұйым­дастырушылар мен оның атқа­рушыларын айтпағанда, 13250 адам ізгі­лікке ортақтасқанын білдіреді.

Ал ІІ қалалық іріктеу кезеңіне он үш отбасы жолдама алыпты.

Сонымен, фестивальдің іріктеу кезеңінде он отбасы бар өнерін ортаға салып, бақ сынап көрді. Сахнаға көтерілген 300-ден астам адамның арасында тілі шүлдірлеген сәбилерден бастап, ақсақалды аталар мен ақ жаулықты аналар да бар. Олар отбасын, үрім-бұтағын таныстыру, отбасылық шығармашылық өнерін паш ету, сол секілді, отбасылық дәстүр деген үш түрлі сынақтан өтті. Қазақтың ат қою, тобық жұту, отқа май құю секілді көнеден келе жатқан киелі дәстүрлері жаңғырғандай болды.

Сайыс қорытындысы бойынша I орын – №48 мектеп-лицей атынан қатысып отырған Айтжановтар отбасына, II орын – №51 мектеп-гимназиядан келген Байкенжеевтар отбасына, III орын – №30 мектеп-гимназиясының атынан қатысқан Лапиндер отбасына берілді.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − four =