ӨНЕРІ ӨКІЛІНДЕЙ ӘР ХАЛЫҚТЫҢ

0 106

ZAH_6051

Елордада «Біз – біртұтас халықпыз» атты ХV қалалық Қазақстан халқының достығы фестивалі өтті.

Жыл сайын Қазақстан халқы мерекесі қарсаңында өтетін өнер сайысына «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі, «Ноғай» мәдени орталығы, Қазақстан ұйғырлары мәдени орталығы, «Хазар» әзер­байжан мәдени орталығы, «Барбанг» Қазақстан Республикасы күрдтер қауымдастығы, «Қырғызстан-Астана» қоғамдық бірлестігі, «Астана қаласының Өзбек этномәдени орталығы, «Беларусь» және «Таң» татар-башқұрт мәдени орталықтары, «Алеф» еврейлердің мәдени-ағарту қоғамдық-саяси қоғамы, «Злата» болгар мәдени орталығының өнерпаздары қатысты. Фестивалдың екінші күнінде «Ватра» украин қоғамы, «Поляктар» қоғамдық бірлестігі мен «Радима» беларусь мәдени орталығы, «Ван» армян қоғамы, «Оберег» украин қоғамы, «Возрождение» неміс қоғамы, Корей мәдениет орталығы, Дала казактары одағының Алматы аудандық филиалының өнерін тамашаладық.

Әр халықтың өзіндік ерекшелігін көпке танытушы – ұлттың мәдени мұрасы. Біз фестивалға қатысқан өнер ұжымдарының жетекшілерін сөзге тартып, өнер ерекшеліктері жайында сұрап білген едік.

«Видергебурт» неміс гумани­тар­лық кешені 1994 жылдан бері жұмыла істеп келеді. Этникалық неміс бала­ларының ана тілінде білім алуларына мүмкіндік ашатын бірлестіктің жұмысы сан қырлы. Соның бірі – «Айнхайт» неміс мәдени орталығы. Онда «Шпетте блюмен», «Авгус­тин» атты өнер ұжымдары бар.

«Біздің ұжымның өнерпаздары халықтың қайнаған ортасынан жасақталды. Олар ата-аналарынан неміс әндері мен билерін үйреніп, жастар арасында насихаттап жүр» деді орталықтың төрағасы Игорь Берг. Аталмыш фестивалда неміс орталығының сазды аспапта шебер орындаушылары осы номинация бойынша марапатталды.

Ал, елордалық поляктар қоғамы­ның «Куявячек» би ансамблі поляк билерімен қатар Еуропа халық­та­рының көптеген билерін орындайды. Жақында Варшавада өткен халық­аралық фестивалдың жүлделі үшінші орнын иемденіпті.

– Көпшілік бас қосатын мере­ке­лердің арнайы биі бар. Ең танымалы – «мазурка», «краковяка», «обэрэка». Бұл билердің әрқайсысына тән қозғалыстары мен қимылдарын, орындалу мәнерін ұрпақтан-ұрпаққа сол қалпында жеткізіп, бидің алғашқы қалпы мен сипатын өзгеріссіз сақ­тау­ға тырысқан. Басқа халықтың би өнеріндегі мәнерімен толықтыруға талпынбаған, сол себепті де бұл билерде ұлттық нақыш айырықша көзге түседі, – дейді поляктардың этномәдени орталығының жетекшісі Елена Роговская.

Жалпы, би – әр халықтың дүние­танымы мен салтын пласти­ка­лық қимылмен жеткізетін ерекше өнердің түрі. Содан да болар, сән-салтанаты тасыған дәулетті байлар да, қара­пайым шаруа да той-томалақта би билеп, көңіл көтеретін болған. Хореография бойынша астаналық корей­лер мен әзербайжандардың бишілері де тәнті қылды.

Ал, украин мен беларусь әншілері фестиваль жеңімпаздары болып танылды

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 15 =