ӨНЕР ТӨРІНДЕГІ ӨРЕНДЕР

0 138

Жылқы жылында бағы жанған жұлдыздар көп болды. Әсіресе, өнер әлемінде. Халықаралық аса беделді конкурстарға қатысып, қазылар мен тыңдармандарының шын ықыласына бөленіп, еліміздің мәртебесін асқақтатып, Астанаға абыроймен оралғандардың қатарында академиялық әнші Салтанат Ахметова, Чайковский атындағы VIII Халықаралық жасөспірімдер байқауының жүлдегері, скрипкашы Руслан Тұрынтаев, он жасар өнерпаз Мұхамедәлі Жүгінісов болды.

кунигунда-659x440

САХНАНЫҢ САЛТАНАТЫ

Сайттардың бірін қарап отырсам, Салтанаттың жеңісін жеткізген сүйінші мақалалардың біріне Майра есімді жанкүйер мынадай пікір жазыпты: «Жеңісіңмен, Салтанат! Илья бүкіл Қазақстанды қос қолымен көтергені сияқты, Салтанат өз дауысымен Ұлы жұртымыздың  үнін  жеткізді. Салтанат ән салғанда бейне бір дала тебіреніп тұрғандай болды. Сол сәттерде мен де алыста қалған  балалық шағыма оралып, туған жерімнің төсінде жүр­гендей сезіндім…».

Бұл «Астана Опера» театрының әншісі Салтанат Ахметованың Ресейдің «Большая опера» тележобасының жеңімпазы атанған кезінде ағытылған көңіл күйдің бір көрінісі еді. Биік те әуезді сопрано дауысты, сүйкімді Салтанат екі айға созылған телесайыс барысында өте қарапайым, ашық мінезді қалпынан бір айнымай, көптің көңілінен шықты. Әр сенбі сайын академиялық концерт пен шоу элементтерін біріктірген «Россия К» телеарнасының мега жобасын үз­бей қарауға тырыстық. Салтанаттың жар­қыраған асыл тастай барлық қырын көрсете білген талантына шын риза болдық. Ерекше сайысқа жерлесімізден басқа, Алмания, Ресей, Беларусь, Әзер­байжан, Өзбекстан және Армения әншілері қатысты. Алайда, биік өнердің аламан бәйгесіне шыдамағандар орта жолда қалып жатты. Әншілерге КСРО халық әртісі Елена Образцова, РСФСР халық әртісі, сопрано Галина Калинина, мәскеулік «Геликон-Опера» музыкалық театрының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Дмитрий Бертман, сондай-ақ Веналық операның интенданты Иоан Холендер қазылық етті. Қазылардың елегінен Салтанатпен бірге белоруссиялық  Илья Сильчуков пен ресейлік Васи­лиса Бержанская ғана өткенде жер­лесіміз үшін бір қуандық. Жеңіс жақын қалғандай. Оның тағдырын те­ле­көрермендер таңдауға тиіс болатын. Сонымен, бабы да, бағы да жанған «Астана опера» театрының солисі  Сал­танат Ахметова жеңімпаз атанды!

Ол Көкшетаудағы Біржан сал атын­дағы музыка колледжін, Қазақ ұлттық өнер университетін жеке ән орындаушы мамандығы бойынша Хорлан Қалиламбекованың сыныбын бітірген. Италияның вокал өнері академиясында іс-тәжірибеден өтіп, халықаралық дәрежедегі опера майталмандарының ше­берлік дәрісін тыңдаған. Өнер­дегі алғашқы ұстазы Жақып Көш­кембаевтың  еңбегі ерекше.

Қарап отырсақ, Салтанаттың жеңісі бұл бір ғана емес екен. Қазақстан опе­расының жұлдызы бұған дейін бір­неше рет республикалық байқауда және Бибігүл Төлегенова, Глинка атын­дағы, Италияда, Германияда өткен ха­лықаралық байқауларда жеңімпаз атаныпты. Жылқы жылының жақсылығы болар, Салтанат осы жарыстан кейін салтанаты артып, кең танымал болды. Лайым, жұлдызы жарқырап, жаңа жеңістерімен қуанта берсін демекпіз!

     

жугунусов

АСТАНА АЯЛАҒАН ӘНШІ БАЛА

 «Аялаған Астана» байқауының жеңімпазы атанған он жасар әнші Мұхамедәлі Жүгінісов осы жазда астаналықтарды тағы бір жеңісімен қуант­ты. «Балалардың жаңа толқыны-2014» бай­қа­уында Қазақстан намысын қорғаған әнші үшінші орынды иеленді. Дүйім жүрттың алдында он жасар баланың өнеріне риза бол­ған белгілі әнші Лев Лещенко сыйлықты  табыс­тап тұрып, жақсы тілегін айтты.

Мұхамедәлінің жылқы жылында жұлдызы жанды деуге болады. Ол ағасы Рүстеммен бірге Грекияда өткен «Paradise Fest» ән байқауында да топ жарып, бас жүлдені иеленді. «Мұхамедәлі ағаларының ізіне еріп, алты жасынан бастап үлкен сахнаға шыға бастады. Баланың бетінен қағып, қой демедік. Кейіннен оның жәй қызығушылық емес екенін тү­сін­дік. Түрлі халықаралық сайыс­тарға қатысып, өнерден алатын орны барын дәлелдеді» дейді анасы Айнұр зор мақтанышпен. Расында, өнегелі отбасында өсіп келе жатқан кішкентай әнші әлі талай жұртты талантына  тәнті етері анық.

       

DSC_6388

СПИВАКОВ СЫЙЛАҒАН СКРИПКА

 Скрипкашы Руслан Тұрынтаевтың шығармашылығы жайында газет оқырмандары жақсы біледі. Жылқы жылында шашасына шаң жұқтырмай суырылып шығып, халықаралық деңгейдегі аса беделді санаулы сайыстың бірегейі П.Чайковский атындағы VIII халықаралық жасөспірімдер байқауының жеңімпазы атануын қазақ мәдениетінің де мерейін үстем еткен оқиға ретінде қабыл алдық. Талантты баланың шығармашылығы сәтті басталды деуге болады. Жеті жасында  Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде білім алады. Бес жылдан кейін Мәскеудегі П.Чайковский атындағы консерватория жанындағы Орталық музыкалық мектепке түсіп, профессор, Ресей халық әртісі Ирина Васильевна Бочкованың класында білім алуда. Сирек дарын иесі 2008 жылы Давид Ойстрах атындағы III скрипкашылардың халықаралық конкурсына, Орынборда өткен Леопольд пен Мстислав Ростроповичтер атындағы жас орындаушылардың конкурсына, 2009 жылы «Щелкунчик» атты халықаралық теледидар байқауына қатысып, дипломант атанды. Он жасында Италиядағы «Джованни музициенте» сайысының жеңімпазы болды. Балалар мен жасөспірімдердің V бүкілресейлік «Бумеранг» форумына қатысты. Екатеринбургте өткен скрипкашылар сайысына қатысып, Паганини, Бах, Чайковский, Сен Сане, Брамстың шығармаларын орындап, Еуропа, Қытай, Жапония елдерінен келген үздік скрипкашылармен бақ сынасты.

Бүгінде жас талант 1924 жылы  француз шебері Эмиль Буланже жасаған аспапта ойнайды.  Оны белгілі Ресей скрипкашысы Владимир Спиваков сыйға тартқан болатын. Қазақтың баласына қамқор болып жүретін Спиваков Русланды «Қазақстандық Паганини» деген болатын. Жылқы жылын шығарып салар алдында Русланның  әкесі Мұсахан Тұрынтаевпен хабарласып, алдағы жоспарлары туралы білген едік. «Әсіресе, осы сайыстағы баламның жеңісіне ел болып қуандық. Өйткені, бұл сайыстың дәрежесі мен беделі өте жоғары. Жүлделі атанудың жүгі бар, Русланның  жауапкершілігі  еселенуімен қатар, әлемдік өнердің төріне апарар есік ашылды. Алдағы күндерде Мексика мен Америкаға, Түркияға концерттік сапарларды жоспарлап отырған жайымыз бар. Одан бөлек, Мәскеудегі оқуын жалғастырмақ» дейді әкесі Мұсахан.

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × two =