«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өнер табыстырған отбасы

0 222

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Елордада өнер табыстырған бірнеше шаңырақты білеміз. Соның бірі – Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының классикалық вокал бөлімінің солистері, дарынды әншілер Алтынбек Әбілда мен Әйгерім Аманжолова. Бірі Сыр бойынан, екіншісі Ақтөбе өңірінен елордаға арман қуып келіп, Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түскенде танысты. Тағдыр екеуін бір курста тоғыстырып, табыстырды. Оқу орнын бітіргенде шаңырақ құрып, өмірде де, өнерде де қол ұстасып, қатар келе жатыр.

IMG_2563 (1)

Сыр топырағы талай талантты түлетті. Басқасын айтпағанда, бір Қазалы топырағында биыл ғасырлық мерейтойы аталып жатқан қазақтың бұлбұлы Роза Бағланова, көрнекті композитор Кеңес Дүйсекеев, өмірі ерте үзілген күміс көмей, жез таңдай әнші Мәдина Ералиева дүниеге келді. Алтынбектің де кіндік қаны осы құнарлы топыраққа тамды. Әженің әлдиін естіп өскен оның болашағын сол Зада әжесі айқындап берді. Немересінің бойындағы өнерді байқап, музыка мектебінде оқытты. Алтынбек бала жастан музыкалық байқауларға қатысып, музыка мектебінің абыройын аудандық, облыстық, республикалық деңгейде қорғады. Орта мектепті бітірген соң, Қызыл­орда музыкалық колледжі­не оқуға түсті. Колледжді үздік аяқтап, елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға келді. Осылайша опера әншісі болсам деген бала күнгі арманына бір табан жақындады. Осында Әйгерімдей өміріне серік болған жанды да жолықтырды.

Бір атап өтерлігі, Алтынбек – үздіксіз даму үстіндегі әнші. Университетті де үздік бітіргеннен кейін магистратураға түсіп, өнертану ғылымдарының магистрі атанды. Сол студент күнінен талантымен көзге түсті. Республикалық жоғары оқу орындары студенттерінің арасында өткен «Үздік студент-2018» байқауында жеңіске жетіп, арнайы медальмен марапатталды. Тұңғыш Президент – Елбасы қорының стипендиясын иеленді. Көптеген республикалық және халықаралық байқауларда топ жарды. Соның ішінде Е.Раxмадиев атындағы І халықаралық вокалистер конкурсында бас жүлдені, халық әртістері, аға­йынды Абдуллиндер атындағы І республикалық вокалистер байқауының бас жүлдесін, халық әртісі Н.Тілендиев атындағы халықаралық вокалистер байқауының ІІ орын лауреаты атанды. Бұдан басқа да алған жүлделері жетерлік.

Елордалық филармонияның қазақ және симфония­лық оркестрлерімен бірге Қазақстанның қалаларын, Түркияның Ыстанбұл, Анкара, Бурса, Каппадокия, Ресейдің Санкт-Петербург, Екатеринбург, Челябинск, Уфа шаһарларын, Словакия астанасы Братислава­ны, Венгрияның бас қаласы Будапешт пен Шопрон қаласын, Австрияның елордасы – Венаны аралап, сол елдердің саxналарында өнер көрсетті.

Өткен жылдың соңында мерейі үстем болып, «Классикалық музыка» аталымы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды. Қазір Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясымен қатар «Астана Опера» театрының да солисті. Таяуда ғана осы театрда дебюті болды. Мұнда ол Дж.Пуччинидің «Мадам Батерфляй» операсында Шарплестің партиясын орындады. Опера өнерінің қыр-сырын университеттегі ұстазы, «Астана Операның» труппа жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовтен үйреніп жүр.

Әйгерім Аманжолова Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Гүлнар Хамзинаның сыныбын бітірді. Өнерін шыңдау мақсатында Милан университетінің профессоры, режиссері және «Giacosa di Ivrea» театрының көркемдік жетекшісі Паоло Босисионың, Барокко дәуірінің ән салу мектебінің оқытушысы, маэстро Ф.Опаның, Одесса опера театры­ның солисті ­Э.Погосовтың шеберлік сабақтарына қатысты. Қазір «Астана Опера» халық­аралық опера академиясында опералық ән салу маэстросы, Милан консерваториясының профессоры А.Гусевтің сыныбында білім алып жатыр.

Әйгерім де көптеген рес­публикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты. Атап айтқанда, 2017 жылы «Шабыт» шығармашыл жастардың ХХ халықаралық байқауында, А.Жұбанов және Ғ.Жұбанова атындағы І республикалық вокалистер байқауында ­лауреат атанды. Б.Төлегенованың VIII халықаралық вокалистер байқауында екінші орынды алды. Ал таяуда ғана Мұқан Төлебаев атындағы VI халық­аралық байқаудың бас жүлдесін иеленді.

Алтынбек пен Әйгерімнің шаңырағында Алан және ­Халифа атты қос перзент өсіп жатыр.

«Мен үшін отбасы – бірінші орында. Жарым екеуміз ұлымыз бен қызымызға көп көңіл бөліп, қазақи тәрбиеден ажырап кетпеуін қадағалаймыз. Ата-әжеміз, әке-шешеміздің үлгісінде үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуді ұстанамыз. Ақын Қадыр Мырзалиевтің «Адам боп оңай туғанмен, адам боп қалу көп қиын» деген өлеңі бар. Уақыт өткен сайын құндылықтар өзгереді, қоғамдағы қарым-қатынас үлгісі ауысады. Бірақ бәрібір адам болып қалудан айнымау керек. Ал бала тәрбиесінің өзі осы адамгершілік үлгісі емес пе?!» дейді Алтынбек.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды