Өнер – өзгеше өлшем

0 119

Тұңғышбай ӘЛ-ТАРАЗИ, ҚР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Аға, театрға қалай келдіңіз? Жалпы актер болу бала күннен бергі арманыңыз ба еді?
Мейрам, тарих пәнінің мұғалімі
– Бала күннің арманы көп болады ғой. Өсе келе екшелене береді. Алайда, әнге құмарлық азайған емес. Әкем теміржолшы болған соң, 2-3 қазыналық үйден тұратын разъездерде тұрдық. Ойын балалары аз, жалғыз, саяқтау болып өстік. Оңашада ыңылдап ән салу содан басталған шығар… Кейіндері кішкентай разъезімізге вагон-клуб келіп, кино көрсететін болған. Ол да еліктірген. Ержеткенде математика, физика, химия, әдебиет пәндеріне қызығу молырақ болған. Актерлық өнер өзіне там-тұмдап тартқанымен, қазақи тұйықтықтан ол арманды сыртқа шығармайтынбыз. Оның оқуы тек Мәскеуде ғана деп біліп, бойымызды «ол бізге қайда-а-а?» деген үрей билейтін. Тараз қаласындағы «культпросветучилище» дегенді, мектепте өте жақсы оқығандықтан қораш көргеніміз жасырын емес. Алғаш әжептәуір «адам» болғымыз келіп, техникалық ВУЗ-ға түстік. Екінші курсты тәмамдап, үшке көшерде, ойда-жоқта Асқар Тоқпанов деген ағамыз кездесіп, бәрі тас-талқан болды. Алматыдан бір-ақ шықтық, консерваторияның актерлық факультетіне, Хадиша Бөкееваның шеберханасына оқуға қабылдандық.

– Қазіргі әзіл-сықақ театрла­рын­дағы өзіңіздің ізіңізді қуып келе жатқан жастарға көңіліңіз тола ма?
Жәния, мұражай қызметкері
– Толмайды десем, соңымнан ер­ген ізбасарларым өкпелейді. Тола­ды десем, шындық «итке» қарсы келем. Тәуірлері жоқ емес, бар, алайда күле бағу көбірек орын алып кеткен сыңайлы. Астар мүл­дем жоқ, бәрі үстінде, ашық-ша­шық. Жыртың күлкі. Жылмың сөз. Бос ыржақ. Сайқымазақ. Бү­гін­гі әзіл-сықақ оны көретін кө­рер­мен­ге лайық. Жауапкершілік азайған жерде өнер арзандайды. Ал ар­зан­ның сорпасы татымайды…

– Нағыз маман ретінде кино өне­рінің біздегі беталысына көз­қа­расыңыз…
Нұржан, оқытушы
– Киносериалдарды түсіре алмайтынымызды мойындау керек. Көре алмаймын, ақша үшін түсіп жүрген актер мен актрисаларға жаным ашиды. Көшеден жинап алғандар өнердің қадірін қайтсін. Киноны кәсібилер, дипломы барлар түсіру керек, онда да сатып алмағандары. Телеарналар кино түсіруді жедел тоқтатуы керек, талғам атаулының әкесін таны­тып, тас-талқан ететін болды. «Қазақ­фильмге» тапсырыс берсін, сон­дағы мамандар түсірсін.

– Халық сізді театрдағы рөл­де­рі­ңізден гөрі «Тамаша» ойын-сауық отауындағы және кинода­ғы рөлдеріңіз арқылы жақсы таниды. Ал, өзіңіз өнердің қай саласына басымдық берер едіңіз?
Рәулия, оқытушы
– Бекер айтасыз. Ол ғана емес. Менің театрдағы Абылайымды, Ақанымды, Сырым мен Жәнібек сынды хан-сұлтандарымды іздей­тін көзі ашық көрерменімді біл­мейді екенсіз. Әуезов театры­ның әуейі бас­шыларына «Абылай хан» қойы­лымы неге қойылмай кетті деген төте сұрақ қоятындар көп. Кино­дағы рольдер екібастан есте­рінде. Мен үшін қолымнан келетін бойымдағы бар өнерім қымбат, бөле жармаймын. Тіпті өзім үшін өрген, өзімнен басқаларға оқыт­пайтын өлеңдерім, ертеңім үшін жазған төрт кітабым да ішімнен шыққан «шұбар жыландарым».

– «Қазақстан» телеарнасын­да­ғы «Жұлдызды сәт» жобасында сізді қатал төреші деп жатады? Шыны­мен солай ма?
Арай, студент
– Өнерді орынсыз ыржақ пен еріккеннің ермегі етуге есім кетердей қарсымын, сондықтан шығар. Оны айтасыз, латын сөзінен шық­­қан «артисті», можантопай қа­зақ­­ша­лап, «әртіс» деп жазатын сендер­­мен де арам алыс алашпын. Білім­­сіз­­дікті, мыр­қым­байлықты иттің етінен жек көремін. Қатал емес, әділмін.

– Сіздің өнеріңізге тәнтімін. Айтыңызшы, осы уақытқа дейін қанша фильмге түстіңіз?
Марат, ҚазҰӨУ студенті
– Әзірге отыздан аса фильмге түстім, театрда алпыстан астам роль жасадым.

– Сахнада өте көңілді көрінесіз. Шымылдықтың аржағындағы шынайы бет-бейнеңіз қандай?
Нұрлыбол, қала тұрғыны
– Өмірде де солай болуға тыры­са­мын, алайда, айналаңдағы әді­лет­сіздік пен күншілдік кейде қаба­ғыңа қар жаудырады, жасырмай­мын. Арсыз ағаларға, алжыған ақса­қал­дарға қарап, қазағымның қа­ғына дақ түскеніне қынжыламын.

– Кезінде ән шырқаушы едіңіз, соңғы кездері қоңыр дауысы­ңыз­ды естімей қалдық. Ән айтуды қойып кеткенсіз бе?
Нәсіп, зейнеткер
– «Ән – ауруым. Тыңдамай, не қосыл­май өте алман!» Бұл – менің сөзім емес, Арқаның ақиығы – Ақан серінікі. Мен бұған түгелдей қосы­лам. Қойып кеткем жоқ. Жаны­ма жақын әндер тумай жүр. Тағы да айтам, өнер – ойыншық емес, өнер – құбылыс, ерек әлем, өзгеше өлшем.

– Сізді әріптестеріңіз өте кө­ңіл­­ді жан деп жатады? Сол рас па?
Дәния, дәрігер
– Өтірік. Мұңы көп адам көңілді бола бермейді. Ішімде тарқамайтын көп шерім бар. Қоғамның қоңына, заманның оңы мен солына бей-жай қарай алмаймын. «Күл болмасаң – бұл бол» дейтіндей, қағынан жері­ген құлан емеспін. Ақыл айта алар аға, алжудан алыс ақсақалдық бұйыр­са екен деген тілектегі екінің бірі­мін. Жақсылық көрсем, жақсы ән есті­сем, озық ойлы қойылым, терең тақы­рыпты фильм тамашаласам, есті жастармен кездессем, көңіл­денетінім рас.

– Қалың қазаққа Тұңғышбай Жаманқұлов болып әбден танылып алғаннан соң, әл-Тарази болудың не керегі бар еді?
Гүлзира, банк қызметкері
– Тіліңізге тиек қылып отырғаны­ңыз орыстың мақалы, «-ов» деген жалғау да орыс тіркесі. Содан құтылудың, қазақыланудың қамынан. Тараз топырағы менің ата-тегімнің «жамылған көрпесі», жалғыз Жаманқұл Рахым елінің ғана емес. Сол топырақтың атын алғаным – арғы бабаларымның датын орындағаным.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × three =