«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Театр әлеміндегі мереке

0 201

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен қала күніне арналған «Елорда – өнер өлкесі» атты Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан театрларының шығармашылық кездесуі өз мәресіне жетті. Он күнге созылған театр тойында астаналық қауым небір театр тарландарының өнерлерін тамашалады.Жарқын сәтпен есте қалған кездесу Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың әзірлеген «Бопай ханым» спектаклінің премьерасымен аяқталды. Осылайша қазақ драма театры өзінің отызыншы маусымының шымылдығын жапты. Шығармашылық кездесулер аясында ұсынылған қойылымдар арнайы шақырылған театр сыншылары тарапынан талданып, талқыланған болатын. Сонымен қатар театрлардың байланысын нығайту мақсатында шеберлік сыныптары да ұйымдастырылды. Ендеше біз осы кездесуде төрелік жасаған сараптама алқасының пікірін ұсынамыз:

Мирас ӘБІЛ, Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының көркем әдебиет және ғылыми қор бөлімінің меңгерушісі, өнертану магистрі, театртанушы:

– Он күнге созылған шығармашылық кездесу жоғары деңгейде өтті. Тек Қазақстанның театрлары ғана емес, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан театрларында соңғы жылдары қойылған қаншама спектакльді тамашаладық. Бұл кездесу сыншы ретінде бізге де пайдалы болды. Көрерменнің көңіліне жол тапқан ең мықты деген қойылымдар Қалибек Қуанышбаев театрының жаңа сахнасында астаналық театрсүйер қауыммен қауышты. Театр сыншысы ретінде Еркін Жуасбек, Тұңғышбай Жаманқұлов сынды тұлғалармен бір мінберде отырып сараптама жасаудан мен де үлкен тәжірибе алдым. Біз әр қойылымнан кейін шығармашылық ұжымдармен бірге талқылау жүргіздік. Сын да, мақтаулар да айтылды. Ал айтылған пікірді театр ұжымының қабылдау, қабылдамауы өз еркінде. Бірақ көбісі қабылдап, алдағы уақыттағы қойылымдарда айтылған ұсыныстарды ескеретінін жеткізді. Шығармашылық кездесу театрымыздың жас әртістеріне де пайдалы болды. Әр күн сайын елімізге танымал өнер қайраткерлері шеберлік сабақтарын өткізіп тұрды. Сондай-ақ бұл шеберлік сағаттарына облыстық театрлардың жетекшілері де келіп қатысты. Менің ойымша, келесі театр маусымын тың серпінмен, жаңа репертуармен бастауға осы мәдени кездесудің үлкен септігі тиері анық. Шығармашылық кездесу барысында байқағаным, қазақ театры дұрыс бағытта дамып келе жатыр. Бұған елімізде театрлардың көптеп ашылып жатқаны да дәлел. Соның ішінде Алматыдағы Ғ.Мүсірепов театры «Құлагер» қойылымын алып келді. Режиссері Фархад Молдағали Ресейде бұрыннан қалыптасқан саундрама жанрын алғаш рет қазақ сахнасында қойды. І.Жансүгіровтің поэмасын бұзбай, ішіне Қарақұс сияқты жаңа кейіпкерлер қосып, аттардың тұяқтарының дыбысына дейін келтіріп, әр кезеңді беруі режиссердің шеберлігін көрсетті. Кезінде Кеңес Одағындағы үздік 5 режиссер болса, соның бірі қазақтан Ә.Мәмбетов еді. Бұл да қазақ театр өнерінің бұрыннан қалыптасқанының айғағы. Бүгінде біздің театрлар тек ескі сарынмен қалып қоймай, жаңа бағытты да ұстанып келеді. Шығармашылық кездесуге Өзбекстан, Қырғызстан театрлары да барынша дайындалып келіпті. Соның ішінде Бакен Кыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жастар театрының «Үміт» моноспектаклінде Ұлы Отан соғысына аттанып, оралмай қалған ұлдарын күткен ананың күйігі, тағдыры, сағынышы мен құсалығы, үміті баяндалады. Қойылым «Боранды бекет» романындағы Толғанайға, А.Қоразбаевтың Қара кемпірінің зарына келіңкірейді. Мен режиссерге әртісті қара жамылтпай беруді ұсындым. Өйткені қара жамылып алған адам – өлімді сезінген, таныған адамның әрекеті. Ал қойылымда кейіпкер «Менің балаларым өлген жоқ, келеді» дейді. Яғни ананың үміті әлі өшпеген.

Тимур Ахметов, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры директорының орынбасары, өнертану ғылымдарының магистрі, театртанушы:

– Тап осы өнер саңлақтары жиынының бір ерекшелігі – бұл фестиваль емес, өнер алмасу кездесуі. Осы тұрғыдан мен де Шымкенттен арнайы келіп, 10 күн бойы тәжірибе алмасып, алды-артымызды бағамдадық. Бұл кездесуге тек астаналық театрлар ғана емес, Алматыдағы театрлар мен бауырлас елдердің театрлары келді. Жалпы пандемия басталғалы осындай тәжірибе алмасу кездесулері мен фестивальдер өткен жоқ. Тіпті жаңа қойылымдар да қойылмай, театр өнері тоқырауға түсті. Актерлер де театрға кіре алмай қалған кезеңдер болды. Сол тұрғыдан бұл шара – өнер адамдарының сағынысып қауышқан үлкен мерекесі. Өнер адамы қашан «болдым, толдым» десе, сол кезде оның ғұмыры тоқтайды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін шығармашылық жандар үшін арнайы шеберлік сабақтарын тыңдағанымыздың өзі алдағы атқарар жұмыстарымызға үлкен пайдасын әкеледі. Біз де аймақтық театрмыз демей, алда осындай шығармашылық кездесулер мен режиссерлерді шақыртуды жоспарлап отырмыз. Кездесу барысында, шынымен де, елордамыздың өнер өлкесіне айналғанын байқадым. Қазірдің өзінде астанамызда қаншама жас театрлар ашылып жатыр. Шара 10 күнге созылса, сол 10 күн бойы көрермендердің қарасы да сиреген жоқ. Кез келген театрдың спектаклін жоққа шығаруға келмейді. Өйткені әр театр өз болмысы мен репертуар таңдау саясатын ұсынды. Шығармашылық кездесуде бірін-бірі қайталамайтын әртүрлі жанрда қойылымдар көрдік. Іргеміздегі елдердің театры мен жас театрлардың беталысын байқаудың өзі – бізге үлкен тәжірибе. Еліміздегі пандемиялық жағдай бір қалыпқа түссе, театрымызды бастап елордаға келу ойымызда бар.Айзат Қадыралиева, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, театртанушы, өнертану ғылымдарының магистрі:

– Осы кездесу барысында соңғы жылдары қойылған премьераларды тамашаладық. Бұл – өнер жарысы, өнер бәйгесі. Бұл жерде әр театр бақтарын сынайды. Менің кішкене келіспеген тұсым – ешқандай орын берілмегендігі. Не үшін орын берілу керек? Өйткені жарыс болғаннан кейін кім оза шапты, жүзден жүйірігі кім екені анықталу керек еді. Құр келіп, көріп кетуге болмайды. Он күннің ішінде әртүрлі шеберлік сабақтары өтті. Шығармашылық адамдарға үнемі тәжірибе алмасып отыру керек. Карантиннің кесірінен бұл үрдіс үзіліп қалса да, осы шараның барысында қайта жанданды. Сарапшы ретінде байқағаным, осы кездесу барысында қазақ театрларының алда келе жатыр. Сосын Қырғыз театрларының шығармашылық ізденісі мен дамуы жақсы. Бұған дейінгі спектакльге келген кездерінде бірнеше қойылымдарын көріп іштей тәнті болдым. Режиссерлік, драматургиялық жағынан, әсіресе актерлік шеберлігі жағынан ерекше. Біз қазір қойылымдарда сыртқы формаға ғана мән беріп жүрміз. Эффект, жылтыраған жарықтар, музыка, декорация мен костюмдерге ғана көңіл бөліп, актерлік ойын соның астында қалып қояды. Бізге әртістердің ойыны керек. Қырғыз елі осыған мән береді екен. Біз форма қуалап, енді ғана осыған мән беріп жатырмыз. «Құлагерді» көргенде де актердің жалаңаш жан дүниесін іздедік. Өйткені театр экран емес. Сахна – тірі ағза. Келген көрермен әртістің жүрегінің лүпіліне дейін сезіп отырады. Сондықтан актерлік ойын бірінші сатыда тұру керек деп ойлаймын. Театртанушы болғандықтан еліміздегі де, шетелдегі де көптеген қойылымдарды қарап, саралап жүреміз. Кейде сол өзге елдің сахнасындағы кейбір көріністерді бізден де байқап қаламыз. Сол ұрланған плагиатты көргенде ішің ашиды. Ал өзбек театры бізге үш жыл бұрын алып келген «Иман» қойылымын қайтадан алып келді. Бұрын талқыланған спектакльді біз осы жолы да қайта талдаған жоқпыз. Жалпы осы жолғы шығармашылық кездесу сарапшылардың 100 пайыз театртанушылардан құралғанымен ерекшеленді. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табуы керек деп есептеймін.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды